Кәсіпкерлерді қорғауға қауқарлымыз ба?
Өңірімізде жыл басынан бері 69 бизнес иесі өзекті мәселелермен облыстық кәсіпкерлер палатасына шағымданған екен. Арызданушылар қатары былтырғы жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 21%-ға артыпты. Осындай мәлімдемені облыстық прокуратурада өткен қоғамдық кеңесте аймақтық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Мұрат Әбенов жеткізді. Басшы жоғарыда арызданған 69 шағымданушының 32-сінің мәселесі өз шешімін тапқанын айтты:
– Бүгінгі таңда арыз беруші бизнес иелерінің артуы кәсіпкерлер палатасы мен облыстық прокуратураның бірлесе атқарған жұмысының арқасы, қоғамдық кеңеске үлкен сенім артуы. Үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарынан бастап кәсіпкерлер туралы кодекс күшіне енген болатын. Палатада кодекстегі заң нормаларына сараптау, талдау жүргіздік. Біздің міндетіміз мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы мәселеге дәнекер болу, бизнес субъектілеріне қарсы қандай да бір заң бұзған билік қызметкерлерін жазалау емес, қайта олардың түйткілін шешу.Қазіргі уақытта облыс орталығы мен Қостанай ауданы аумақтарында жер телімдерін бөлу, оны кәсіпкерлердің пайдаға жаратуы үлкен кедергілерге тап болуда. Бизнес қожайындарының арыз-шағымының басым бөлігі белгілі бір жер телімдерін алып, кәсіп жүргізетін кезде жергілікті атқарушы билік өкілдерінің дәрменсіздігіне қатысты жазылады екен. Кәсіпкерлер палатасы мамандары сараптау-талдау жүргізгеннен кейін төмендегідей олқылықтар анықталыпты:
– Әкімдік қызметкерлері көбіне бас жоспары мен оның жоспарлау тетіктерінің жоқтығынан жер телімдерін беруден бас тартады. Анығында жер қатынастары туралы кодексте аталған кемшіліктер болған жағдайда жер аумақтарын беруден бас тарту туралы бап бар. Бірақ қазір өңірімізде 595 елдімекен болса, олардың 203-інде бас жоспар мүлдем жоқ. 346 елдімекеннің бас жоспары өткен ғасырдың 60-80-жылдары бекітілген, – деді кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Әнуар Қожахметов.
Маман осы мәселе жер телімдерін алғысы келетіндер үшін үлкен кедергі болып отырғанын жеткізді. Ал жоспардың жекелеген тетіктері облыстың үлкен қалалары мен оларға жапсарлас жатқан елдімекендерге ғана жасалған екен. Сол себепті, осы түйткілді ретке келтіру мәселесін көтерді.
Егер кез келген елдімекенде бас жоспарда көрсетілмеген жер аумағын пайдалансаңыз – заң талаптарын бұзған болып табылады. Бұл мәселені «Қарқын» ЖШС басшысы Сайран Бұқанов та растап отыр:
– Мәселен, ауылдарға келген жас мамандарға арнап шаруашылық басшылары үй салып бергісі келеді. Егер жергілікті басшылық баспананы ауылдың жоспарында аталып көрсетілмеген жерге салатын болса – онда заң бұзған болып есептеледі. Сол себепті, кез келген елдімекеннің резервте тұрған жері болу керек.
Облыс прокурорының орынбасары Мұрат Төлеубаев жер телімдерін алып, кәсіп бастағысы келетін бизнес өкілдеріне кедергі келтіріп, басы артық қағазбастылыққа салып, уақыт алатын билік өкілдерін сынады. Әсіресе, еліміздегі мүлікті заңдастыру кезінде мұндай кедергілер болмауы керек деді құзырлы орган өкілі. Сол себепті, қоғамдық кеңестің бұдан кейін де осы мәселені үнемі назарда ұстайтынын, ал кәсіпкерлердің жолына тосқауыл қоятындар үшін арнайы тексеру жүргізетінін айтты.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ