Боркемік
Көшені бойлап келе жатып, шағын саябақ ішінде сәуірдің алғашқы жылуына күншуақтап отырған төртеуді көзіміз шалды. Киімдері ұсқынсыз, өздері жұпыны. Екеуі әйел заты екен, бір тал темекіні бөліп тартып отыр. Қасындағы екі жігіт әлденеге ұрсысып тұр. Біреуі жерде жатқан арақтың шишасын көрсетеді. Барар жері қалмаған қаңғыбастар ғой. Солардың біреуін шақырып алып, сөзге тарттық.
Қазіргі кезде қаламызда үйсіз-күйсіз көше кезіп жүргендер санының артқаны былай тұрсын, олар енді «жасарып» барады. Яғни, отыздың ар жақ, бер жағындағы тепсе темір үзетін қаңғыбас жастар көбейіп кетті. Тіпті, олардың топтасып алып, қоқыс жәшіктерін асықпай-аптықпай ақтарып тұрғандарына көзіміз үйреніп бара жатқандай ма, қалай?
Мына бір бейбақтан далада қаңғып жүретіндей не күн туғанын сұрап едік. Сөйлесуін сөйлесті, бірақ суретке түсірмеуімізді сұрады. «Мына күйімді әкем көрсе, ұяттан өз-өзіне қол салады» дейді. Сол себепті кейіпкеріміздің аты-жөнін де Мыңжасар деп бұрмалап беріп отырмыз. Жасы 34-те. Нағыз қылшылдап тұрған шақ.– Өзің жас екенсің. Не себепті осындай жолға түстің?
– Соны өзім де білмеймін… Қалай айтуға болады? Түсіндіре алмаймын. Өмір… Өмірде… Енді өзіңіз білесіз ғой…
– «Өзіңіз білесіз ғой» дегенің қалай, өмірде жолың болмай жүр ме? Әлде біреуге көп қарызың бар ма?
– Жоқ, қарыз емеспін. Жолым болмай… Негізі анда-санда құрылыста жұмыс істеп жүремін. Бірақ өмір артқа тартып әкетті. Тәуір жұмыс істеймін. Ол кезде апталап, айлап арақ татпаймын. Бірақ бәрібір осы жолға қайта келемін. Біраз уақыт осылай арақтан аузым босамай жүремін де, кейде есімді бір жиып алып, тағы жұмыс істеймін. Азын-аулақ ақша қолыма тиген соң қайтадан…
– Қашаннан бері көше кезіп жүрсің?
– 27 жасымнан.
– Түріңе қарасам, ұсқынсыз емессің. Бетіңде көп ырық-жырық көрінбейді, ісіп-кеуіп тұрған да жоқ, қатты азып-тозбағансың.
– Айтып тұрмын ғой, өз-өзімді күтіп жүремін. Арасында жұмыс істеп, өз-өзіме келімін деген жоқпын ба.
– Құжатың бар ма?
– Жоқ.
– Оқу оқыдың ба? Отбасың бар ма?
– Ауылда 11 жылдықты бітірген соң әрі қарай оқыған жоқпын. Әйелім болды, қазір жоқ.
– Ажырасып кеткенсің бе?
– Жоқ, қайтыс болған.
– Яғни, әйелің дүние салып, сен күйіктен осындай күйге түсіп жүр екенсің ғой?
– Жоқ. Әйелім болғанда, қалай… ол да өзім сияқты қаңғыбастардың біреуі болатын. Біз былай… некелескен емеспіз. Жай әшейін…
– Өкініштен өзегің өртенетіндей ештеңе болмаған сияқты. Әлде жетім өстің бе?
– Әке-шешем бар. Ел қатарлы өмір сүріп отырған отбасынан шыққам. Бес әпкем, бір ағам бар. Отбасымызда менен басқа ешкім темекі шекпейді, арақ-шарап ішпейді.
– Осыншама ата-анаң, бауырларың бола тұра, ешқайсысы сені іздемей ме?
– Менің мұндай күйде жүретінімді осы қала маңындағы ауылда тұратын жалғыз ағамнан басқа ешкім білмейді.
– Ендеше ағаң неге сені жөнге салмайды?
– Ол мені үйіне алып кетеді. Ішімдік ішкізбейді. Тіпті, былтыр жазда ол үй салып жатқанда, соған көмектестім де. Бірақ мына арақтың желігі қойсын ба, ол жақтан қашып кетемін де, мыналарға (өзі секілді үй-күйсіз жүргендерді айтады – Қ.Қ.) қайтадан келіп қосыламын. Неге кетіп қалатынымды өзім де білмеймін.
– Мына құсап азып-тозып жүргенше, ауылға барып мал бақпайсың ба?
– Он күн шыдайын…
– Қостанай үлкен қала емес қой. Осылай көшеде тентіреп жүргенде ауылдас, сыныптас немесе жалпы таныстарыңнан кезігіп қалғандар болды ма?
– Кезікті, әрине. Тез-тез көзден таса жаққа кетіп қаламын. Біздің күндізгі уақыт адам аяғы көп базар, үлкен сауда орындарының маңы емес, шеткерірек көшелерде жүретініміз де содан.
– Арақты үнемі ішесің бе? Оны қандай ақшаға аласыңдар?
– Негізі қоқыста жатқан темір-терсек, басқа да металл заттарды өткізіп, содан түскен ақшаға арақ аламыз. Кейде ішімдікке ақша жетпей қалса, медициналық спирт арзан, соны алып ішеміз. Қыстың қақаған аяздарында сол 50 грамм, 100 грамм спирттің күшімен біраз уақыт бой жылынып қалады.
– Осы жүрісіңе өкінесің бе? Сауыққан кезде мешітке барып, бір сәт дұға жасап көрдің бе?
– Әрине, өкінем. Бірақ мешітке бара алмаймын. Өйткені, ол жерге арақ сасып қалай кіремін? Бірақ үнемі Құдайды есімнен шығарған емеспін.
– Неге? Арақ ішпей, бойыңды жуып-тазалап, өз-өзіңді ұстауға болмай ма?
– Он күн өтсінші. Содан кейін бәрін қоямын.
– Он күн өтсе не болады?
– Бір танысыма кетемін. Содан кейін осы жүрісімді де, арақ деген бәлені де қоямын.
– Қазір қай жерде түнеп жүрсің? Қыста қайда болдың?
– Қай жерде жылы орын бар, сонда түней береміз. Біздің тұрақты қонып кетіп жүретін жеріміз болмайды. Жаздың күндері көбіне кез келген тасалау жердегі тал-ағаштардың түбіне жата кетеміз. Ал қыста қиын. Күні бойы қоқыс жәшіктерін ақтарумен жүреміз. Кейбір жәшіктерде жаңа ғана лақтырылған ыстық тамақтың қалдықтары жатады. Соны талғажау етеміз. Осылай қаланың ана жерінен мына жағына дейін кезіп жүргенде, кеш батады. Сосын жылы құбырлардың асты-үстіне, бірінші қабаттағы пәтерлердің балкондарының түбіне, канализацияның қақпағын ашып, ішіне кіріп жата қаламыз. Қала сыртында да қонуға болатын тұрақты орындар бар. Бірақ ол жақтан орталыққа тамақ тауып жеуге келу қиын болғасын, негізінен көбіне орталықта жүрген тиімді.
– Қыста суық тиіп, ауырған жоқсың ба?
– Ауырдым. Қаңтар айында салқын алып, ауруханада жатып емделіп шықтым.
– Қалада оңалту орталығы бар емес пе? Ол жерде болған жоқсың ба?
– Онда өңкей қартайған адамдар жатады.
– Осылай тентіреп жүргенде, ешкім тиіспей ме?
– Тигенде қандай! Әсіресе, қалада топ-топ болып жүретін жасөспірімдер жаман. Езуіңді тіліп, итше тепкілеп кететіндер бар. Көбіне әлсіреп, қалжырап, өзеуреп, аш ішегің бұратылып келіп, бір жылы жерді паналап жата қалғанда, көзің ілініп кетеді ғой. Дәл ұйқыда жатқанда, өне-бойыңнан сартылдатып ұрып, теуіп, таяқ болсын, темір болсын, сабап-сабап тастайды. Ештеңе ойлап үлгермейсің. Аузыңнан сөз де шықпай қалады. Сол таяқ жегеннен ұзақ уақыт ес жия алмай қансырап жататын кездер болады. Кейде жұдырық ала жүгіретіндерге «біздің тағдырымызды аяңдаршы» деп айтамыз. Ұқпайды…
– Ауыр соққыдан өліп те кетуің мүмкін ғой?..
– Қысы-жазы үйсіз-күйсіз жүретіндер арасында өлім-жітім, ауру-сырқау деген көп болады. Аязда үсіп өлетіндер аз кездеспейді. Тірі қалып, аяқ-қолдарынан айырылып қалатындары қаншама?
– Сен де бір күні солардың кебін құшамын деп қорықпайсың ба?
– Ішіп өлді ме, оған әркімнің өзі кінәлі.
– Саған билік тарапынан құжат алып беріп, жұмысқа орналастырып жатса, мына күніңе қайта оралмайтын шығарсың?
– Он күн өтсінші… Өзім де түзелемін.
– Жалпы, өзің қатарлы көше кезіп жүргендер оңашада бір-біріңмен не жайлы сөйлесесіңдер? Түзелейік, дұрыс адам болайық деген ой қаперлеріңде бола ма?
– Күн жылынсыншы, содан кейін бәрі дұрыс болады… Жұмыс болады.
– Сосын сендер неге тамақты жұмыс істеп таппай, қоқыстан алып жейсіңдер? Бір жерде жалданып, болмаса қала тазалығы мекемелеріне жұмысқа тұрып неге ақша таппайсыңдар?
– Әркім әр түрлі ғой. О жағын білмедім.
– Дәл қазір қай жаққа бет алып барасыңдар?
– Сол… осы жерде боламыз.
– Кешке қайда түнеп жүрсің?
– Бізде тұрақты орын жоқ дедім ғой. Қай жерде жылы жер кездеседі, сонда жата кетеміз. Және онда тағы орын болса, көше кезіп жүргендер үсті-үстіне келіп қосыла береді. «Мынау менің орыным» деген ұғым бізде болмайды. Бәрі ортақ. Бүгін бір құбырдың астына бардым. Онда он адам, жиырма адам жатсын, бәрібір, бір адамдық орын шықса болды – жантая кетем.
– Өмірге өкпең бар ма?
– Жоқ. Қайта мен жастарға осындай жолға түспеңдер дегім келеді. Олар менің тағдырымды қайталап жүрмесе деймін…
PS. Иә, біз де бұл мақаланы біреудің қорлықпен көрген күнін әшкере қылайық деп жазып отырған жоқпыз. Өзгелер сабақ алсын деген ой ғой әйтеуір.
Бағанадан бері біз Мыңжасармен әңгімелесіп тұрғанымызда, оның жанындағы тағдырластары ар жағымызда күтіп отырды. Ара-тұра біреуі тәлтіректеп қасымызға келеді де, кетіп қалады. Бірдеңе сұрағысы келе ме, әлде айтқысы келе ме, ол жағын білмедік. Ал кейіпкеріміздің өзі «он күн, содан кейін кетемін, жұмысқа тұрамын» дегенін қайталаумен болды. «Қайда барасың?» деп сұрағанымызда, «танысыма» дегеннен асырып ештеңе қайырып айтпады.
Бәлкім түзеліп кетер. Соған тілекшіміз.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ.
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.
Сұмдық жағдай. Қазақтар өз елінде, өз өңірінде қаңғыбас болып жүр. Олар түзелмейді, үсіп, таяқ жеп қор болады. Олар түзелмейді-оларды түзетуге болады. оған да бастама, заң, қаржы, мейірім керек. Оларға көмек көрсетсе дандайсымайды. Кержалқау деп ойламаймын. Мынадай жас шағында туыстары бола тұра қор болулары ақырзаман екен. Безбүйрек, пәрменділерге де қаңғыбас болмауы тиімді- тазалық болуы, ауыр картина болмауы үшін.Қыдырбек, мәселеге көңіл бөліпсіз, шынымен бұл ауыр тақырып.
шынымен, адам шошырлық жағдай екен. бір жағынан аяйсың, екінші жағынан өзінен көрсін дейсің бұндайларға…өте әсерлі шығыпты..