Батырлардың ерлігін еске алды
1993 жылдың 15 сәуірі – ҚР Жоғарғы кеңесінің «Тәжік-ауған учаскесіндегі ТМД-ның сыртқы шекарасын күшейту туралы» қаулысымен саны 500 адамға жететін жеке құрама атқыштар батальоны құрылған күн. Айтулы датаға орай Рудный қаласында форум өтті.
Алдымен, халық Франко көшесіндегі Ауған-тәжік соғысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткішке жиналды. Батырлардың ерлігін еске алып, рухына тағзым етті. Гүл шоқтарын қойды.-Тәжікстанда 1992 жылы басталған азаматтық соғыс кезінде тәжік-ауған шекарасындағы қауіпсіздік босаңсыды. Ауған содырлары шекара арқылы есірткі мен қару-жарақ таситын. Шекара бұзған қарулы топтарға тосқауыл қою мақсатында 1993-2001 жылдар аралығында бітімгершілік операциясы жүргізілді. Қақтығыс аймағында 43 қазақстандық сарбаз қаза тауып, 400-ден астамы түрлі дәрежедегі жарақаттар алды. Қостанай облысының жауынгерлері де ұрысқа белсене қатысып, бейбітшілік жолында асқан ерлік танытты, – дейді «Ардагерлер кеңесі» республикалық қоғамдық ұйымының өңірдегі жетекшісі Асхат Мырзахметов.
Айта кетерлігі, сегіз жылға созылған қақтығыста батальон құрамы 24 рет ауысып, 8755 сарбаз қатыстырылды. Ал 2001 жылдың 8-ақпанында азаматтық бітімгершілік миссиясы аяқталды.
Форумның негізгі бөлімі Ы.Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжінде өз жалғасын тапты. Мұнда тәжік-ауған соғысының ардагерлерін қала әкімінің орынбасары Елена Скаредина құттықтап, мерейтойлық медальдармен марапаттады.
-Соғыстың жеңілі болмайды. Әсіресе, ең қауіпті аймақтардың бірі саналатын Ауған-тәжік шекарасында әскери қызметте болу – мен үшін жауапты іс, абыройлы міндет. Бүгінде, Аллаға мың шүкір, бейбіт аспан астында тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Осы күннің қадірін жастар ұғынып, елжанды, патриот болып өссе деймін. Өткізіліп отырған форумның мақсаты да осы емес пе? – дейді тәжік-ауған соғысына қатысушы Нұрлан Сыздықов.
Шара соңында оқу орнының шығармашылық ұжымы қонақтарға арнап концерттік бағдарламасын ұсынды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ