Облыс әкімі Татарстан Президентімен кездесті
Облыс әкімі А.Мұхамбетов бастаған бір топ делегация екі күндік жұмыс сапарымен Татарстан астанасы-Қазан қаласына болып қайтты. Делегация құрамында «Тобыл» ӘКК өкілдері, ірі ауылшаруашылық кәсіпорындары мен өндіріс ошақтарының жетекшілері бар.
Қазақстан -Татарстанның жетекші сауда-экономикалық әріптестерінің бірі. Бұл туралы облыс әкімін қабылдаған ТР Президенті Рустам Минниханов мәлімдеді. Екі жақты кездесу Қазан қаласындағы Кремльдің Губернаторлар сарайында өтті. Қазақстандық қонақтарды қарсы алған Татарстан басшысы А.Мұхамбетовтың 2012 жылы да іскерлік байланыс орнатпақ ниетпен келіп кеткенін жеткізді.
-Екі жақты қарым-қатынастықты нығайту біз үшін аса тиімді. Ең алдымен бауырлас елдердің бір-бірімен етене араласуына жағдай жасап отырған Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевқа алғыс айтуымыз керек,-деді Рустам Минниханов.
Жалпы, Қазақстан мен Татарстан арасындағы іскерлік байланыс 1996 жылдан бастау алады. Оның үстіне Қазанда Қазақстан Бас консульдігі мен сауда өкілдігінің бөлімшесі жұмыс істейді, ал Астанада Татарстанның өкілетті өкілдігі бар. Сонымен қатар, Астана мен Қазан бауырлас қалалар санатына кіреді.
Рустам Минниханов Қазақ елі мен Татарстанды Алматы мен Астанаға қатынайтын әуежолы жалғап жатқандығын да айтты.
Қазақстандық және татарстандық әріптестер көптеген мәселелер бойынша бір-бірімен үнемі тәжірбие алмасып тұрады. Мәдени-рухани байланыс та тұрақты. 2014 жылы қыркүйек айында Атырауда өткен аймақаралық қарым-қатынастық форумының шеңберінде Қазақстанда Татарстан күндері өтсе, сол жылы Атырау мен Қызылорда облыстарымен арада бірталай келісімдерге қол қойылды. Мұндай барыс-келіс жағдайы екі ел арасында жиі болып тұрады.
Татарстан Президенті айтқанындай, бүгінде Татар елінде бірлескен 36 кәсіпорын жұмыс істейтін көрінеді. Ал Қазақ елінің аумағында Татарстанның «Татнефть», «КАМАЗ», Қазан тікұшақ зауыты, «КЭР-холдинг, Зеленодольский судоқүрылыс зауыты, Серго атындағы зауыт және басқа да көптеген компаниялары белсенді жұмыс атқарады.
Екі ел арасындағы іскерлік байланысты нығайтуда Р.Минниханов мұнайхимия, көлік құрастыру, тікұшақ құрастыру,энергетика, ауылшаруашылығы, ақпараттық технология, инновация қолданысын кеңейту шараларының тиімді тұстарын атап өтті.
Мәдениет, ғылым мен білім салаларына да басым бағыттар беріліп отыр. Мәселен, ел Президенті Татарстанда Қазақ елінің 800-ден астам студенттері оқып жатқанын тілге тиек етті. Олар да болашақ мамандардың қазақстандық жоғарғы оқу орындарында оқыған қалайды. Сондай-ақ, Рустам Минниханов Қазақстанның «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізудегі тәжірбиесін зерттеуге қызығушылық танытып отырғандықтарын жасырмады. Ал облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өз кезегінде бұл жолғы кездесу екі жақты интеграцияның жарқын үлгісі екендігін, мұның ішкіэкономикалық байланыстарды нығайтып, өзара ықпалдастықты тереңдете түсуге орасан зор ықпал ететіндігін жеткізді.
Қостанай облысы – индустиралдық-аграрлық өңір деп атап көрсетті Архимед Мұхамбетов. Оның ішкісауда айналымының тең жартысы Ресейге де тиесілі. Облыс басшысы Тобыл өңірінде қолға алынған экономикалық жобалардың бірнешеуіне қысқаша тоқталды.
А.Мұхамбетов Татарстанмен арадағы іскерлік байланысты одан әрі жандандыра түсу үшін мал шаруашылығы, көлікқұрастыру және автокомпоненттер өндірісі, кадрлар даярлау мәселесін қолға алуды ұсынды.
Ол Қостанай облысы бүгінде транспорттық хабқа айналғанын жеткізді. Өйткені, біздің өңір арқылы халықаралық көлік дәлізі өтеді. Аймақ басшысы сөзінде облыс өз аумағында индустриалдық аймақ құруға кіріскенін айтты.
Кездесу соңында Рустам Минниханов пен Архимед Мұхамбетов БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Мәселен, Р.Минниханов Татарстан мен Қостанай облысына тән мәселелер жеткілікті екендігін мәлімдеді. « Біз агроөнеркәсіптік кешен, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу және өткізу бойынша бірлесіп жұмыс істейтін боламыз. Сондай-ақ, автокомпоненттер өндірісі де қызықтырады»,-деді ТР Президенті.
Татарстан басшысы 2017 жылы біздің облыста өткізілетін Сабантойды да бірлесіп өткізуге ниетті екендіктерін жеткізді. Архимед Мұхамбетов журналистерге Қостанай облысының делегациясы Татарстандағы бірқатар кәсіпорындарға, оның ішінде «Ақ барс» холдингтік компаниясының құс фабрикасын аралап көргендіктерін хабарлады. Ол әсіресе, жем және халал өнімдерінің өндірісі мәселелері қызықтырғанын баяндап берді.
Сондай-ақ, А.Мұхамбетов қазақстандық әріптестерінің «Қазан» агроөнеркәсіптік паркінің жұмысына ден қоя бастағанына тоқталды.Мұнда ол шағын бизнесті қолдау бағытында атқарылып жатқан шараларға, жұмыс орындарын ашуға, оның ішінде фермерлердің делдалсыз сауда жасауына аса мән беретіндіктерін атап өтті.
Облыс басшысы отбасылық шағын фермаларды құруға және дамытуға ниетті екендігін айтты. Бұл мәселеде Татарстанның тәжірбиесіне сүйену артық болмайды деп атап көрсетті.
Жұмыс сапарының шеңберінде қостанайлық делегация «Техград» технополисіне, «Майский» жылыжай комбинатына, «Алабұға» экологиялық аймақ бірлестігіне, Набережные Челны қаласындағы IT-паркіне, «Мастер» КИП, «Форд Соллерс» компанияларын аралап көрді.
Іссапар барысында аймақ басшысы Татарстан халқының Достық үйінде барып, онда ТР Қазақ ұлттық-мәдениет автономиясының активімен кездесті. Кездесу барысында Архимед Бегежанұлы Татарстандағы қазақ диаспорасының өтініші бойынша ұлттық киімдерді тарту етті.
Әлібек ЫБЫРАЙ.