Үш облысқа ортақ өңіраралық кооперация құрылмақ
Ақтөбе облысының Алға қаласында 17 қаңтар күні ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері Бердібек Сапарбаев, Архимед Мұхамбетов, Нұрлан Ноғаев, еуропалық Inalca Eurasia Holding GesmbH компаниясы, басқа да бірқатар инвесторлардың қатысуымен етті мал шаруашылығы саласында өңіраралық кооперацияны құру мен дамыту мәселесін талқылаған кеңес болды. Бұл туралы Қазақпарат агенттігі хабарлайды.
Кеңеске қатысушылар алдымен «АкТеп» ЖШС-ның мал бордақылау алаңы және ет комбинатының мүмкіндіктерімен танысты. Жылдық қуаты 7200 тонна бұл ет комбинаты өңіраралық кооперацияның орталығы болмақшы.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков «100 нақты қадамға» сәйкес ет өндіру мен өңдеуді дамыту үшін стратегиялық инвесторларды тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Соның бірі – итальяндық «Cгеmonini» компаниялар тобы құрамына енетін «Inalca Eurasia» ірі агроөнеркәсіп трансұлттық корпорациясы.
Аталмыш компания Қазақстанның ет өндіру саласына 100 млн. астам АҚШ долларын салу жөнінде шешім қабылдады. Бұл қаражат үш облыста жалпы қуаты 44 мың басқа арналған бір мезгілде бордақыланатын алаңдар құрылысына жұмсалмақшы. Оған қоса Ақтөбе облысы Алға қаласындағы ет комбинатын қайта жаңғыртып, оның қуатын 20 мың тонна ет және ет өнімдеріне жеткізбекші. «Inalca Eurasia» компаниясы қазақстандық еттің бірегей үлгісін жасап, оны Еуропа елдері мен Ресейге шығармақшы. Осы орайда үш облыстың басшылары өз өңірлеріндегі мал шаруашылығының жай-күйі, асыл тұқымды мал басын көбейту, табынды түрлендіру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы жөнінде әңгімелеп берді.
«Inalca Eurasia» компаниясының вице-президенті Андрей Вакулиннің айтуынша, бұрынғы одақ елдерінен тек Қазақстанда ғана мал басы өсіп келеді. Ал «АкТеп» ЖШС құрылтайшысы Нұрлан Сағыналин итальяндық компаниямен бірге бірлескен кәсіпорын құрылатынын мәлім етті. Келісімге сәйкес Алға қаласындағы ет комбинаты жаңғыртылғаннан кейін үш облыстан ет осында жеткізіліп, өңделген өнімдер экспортқа шығарылатын болады.
Айта кетейік, жылдық айналымы 5 млрд. еуроға жететін «Inalca Eurasia» компаниясының Еуропада мал соятын және ет өткізетін ірі орындары бар әрі әлемнің 70 елінде жұмыс жасайды. Компания қазақстандық нарыққа да өз технологияларымен келіп отыр.
Кеңес қорытындысына сәйкес, аталмыш кооперацияны құру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарын бекіткен құжатқа қол қойылды.