Тілшілермен ашық әңгіме

Баспасөз мәжілісінде негізгі баяндамасын аяқтаған аймақ басшысы тілшілер қойған сауалдарға жауап берді.IMG_2809
– Ресейлік «Полиметалл» тау-кен өндірісі өңіріміздегі қуаттылығын арттыруда. Осының аймақ әлеуетіне тиімділігі жөнінде білгіміз келеді.
– «Полиметалл» – танымал компания. Басшыларымен бірнеше рет кездесу өткізгенмін. Қазір Қазан қаласына жұмыс сапарымен бара жатырмын. Осы жолда «Полиметалл» кәсіпорнының басшылығымен тағы бір мәрте кездесіп, екі жақты әріптестік пен жұмыс жоспары жөнінде талқыламақпыз. Қазір біздің ұсынысымызбен олардың қызмет түрлері ауқым алып барады. Атап айтсақ, Жітіқара ауданында орналасқан «Комаров» алтын кен орнын игеру жөнінде «Полиметалл» мен «ҚазЦинк» компаниялары арасындағы келісім-шарт аяқталуға жақын. Ресейлік кәсіпорын аймағымыздағы алтынның шығымы мол жерін қазуға мүмкіндік алмақ. Мұның сыртында, көрші елдің кәсіпорнының біздегі «Варварин» кен орнында қазба байлықты өңдеу өндірісі бар. Ол жақтан Ресейге жол жақын әрі логистикалық құрылымы оңтайлы. Сол себепті, бұл компанияның облысымызбен жасап жатқан әріптестігін жоғары бағалаймыз.  IMG_2750
– Ираннан біздің өңірімізге, ал біздің өңірімізден Парсы еліне делегация барыс-келісі болып, бірқатар келісімдерге келдік. Жалпы, иран кәсіпкерлері біздің өңірдің қай саласына көбірек қызығушылық танытып отыр?
– Иран елінен өңірімізге келген алғашқы делегациясының құрамы аз адам болды. Алдағы уақытта олар үлкен топпен келмекші.  Ол жақтан әзірге екі компания бізбен әріптестік орнатуға ниетті. Компаниялардың біреуі бидай өсіруді қолға алмақшы. Біз заң тұрғысынан олар игеретін егістік аумағын қарастыруымыз керек. Қажет болса, мемлекеттік байқау негізінде шешімін табады. Кәсіпорын бидаймен қоса, майлы дақыл өсіруге де құлық танытып отыр. Ал ирандық екінші компаниямен Жітіқара қаласында соя майын шығаратын зауыт салу туралы келісімге қол қойдық. Жобалық-сметалық құжат дайын болғанда, біздің тарап 80-100 млн. теңге көлемінде қаржыландырамыз. Ал зауыттың негізгі құрылысын парсы елінің компаниясы 5 млн. АҚШ доллары немесе қазіргі бағаммен 1,5 млрд. астам теңгеге салуды жоспарлап отыр. Қазір ирандықтар Қамысты, Жітіқара аудандарынан жер телімдерін алып, оны өңдеумен айналысуда. IMG_2745  – Мекемелерді, кәсіпорындарды жекешелендіру жөнінде айтып берсеңіз. Облысымызда мемлекеттік маңызы бар мекемелер бірнеше рет саудаға қойылды. Оларды сатып алатындар аз. Осы мәселе қалай шешімін таппақ?
– Бұған дейін облысымызда 25 нысан саудаға қойылған болса, олардың 17-сі жекешеленді. Қалған нысандардың заңға сәйкес қайтадан бағасын қоямыз. Әрине, бірнеше рет саудаға қойылып, сатып алушылар болмаған соң, оларға сұраныс аз деген сөз. Сол себепті, мекеме-кәсіпорындардың бағасын арзандатуымызға тура келеді.IMG_2733
– Өңіріміздің Қостанай және Жітіқара қалаларында индустриалдық аймақтар құру жобаларының қолға алынғанына бірнеше жыл болса да, бұл іс ілгері баспай тұр. Әсіресе, инвесторлардың Жітіқарадағы кешенге қызығушылығы жоқ деуге болады. Алдағы уақытта осы мәселенің түйіні қалай шешілмек? Және облыс орталығындағы индустриалдық аймақтың келешегі жайында айтып берсеңіз.
– Жітіқара қаласына жұмыс сапарымен барған кезімде, индустриалдық аймақпен танысқан болатынмын. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін де айтылғандай, бұл нысан құрылысына 400 млн. теңге бөлінген болса, оның игерілмеген 100 млн. теңгесі қалды. Жалпы ол жерге баратын жол мен аумағын абаттандыру жұмыстарына 80 млн. теңге қаражат жетпей тұр. Сол жағынан жұмыстар жасалуда. Тағы бір мәселе – индустриалдық аймақ темір жолдан алыс орналасқан. Осы жағдай кәсіпкерлер мен инвесторлар тартуға қиындық тудырып жатқаны рас. Ал күре жолға дейін шойын жол тартуға миллиардтаған қыруар қаражат қажет. Дегенмен қазір аудан әкімдігі осы түйткілді оңтайлы шешу мақсатында бірнеше жоба әзірлеп отыр. Оның тиімділігін алда көретін боламыз. Қостанай қаласындағы индустриалдық аймаққа келетін болсақ, оның орналасатын аумағы белгілі. Алдағы 1,5 жылда аталған алып құрылысты аяқтаймыз деп отырмыз. Әкімшілік ғимараттар, қонақ үй болады. Ең бастысы, автокөлік кластерін дамыту мақсатында ең кемі 5-6 кәсіпорын топтастырылатын болады. Бұл құрылыстың бірінші кезеңіне кіреді. Екінші кезеңінде құрылыс заттарын шығаратын, өндірістің басқа да салалары жағынан жаңа кәсіпорындар ашу жоспарланған.IMG_2806
– Биыл қар тазалау жұмыстары сын көтермеді. Және көктемгі қар суының еруінен өңіріміздің Меңдіқара, Қостанай аудандарының бірнеше күре жолдарын судың екпіні шайып, жырып кетті. Енді осы бүлінген жолдар қашан жөнделеді? Оған қаражат қайдан алынады?
– Үстіміздегі жылы қар бұрынғы жылдардан әлденеше есе көп жауды. Қыстың күні техниканың аздығынан, кейбірінің ескіруінен қарды дер кезінде тазалай алмағанымызды мойындаймыз. Бірақ бұл бізге сабақ болды және алдағы қыста осындай кемшілікке жол бермеуді қарастырамыз. Ол үшін жаңадан техника сатып алуға 100 млн. теңге қаржы қарастырылмақ. Ал көктемдегі қарғын судың жолдарды жырып кеткені, ауылды жерлердегі, қала маңындағы үйлерге жеткені жайында үнемі хабардар болып отырмын. Барлығы жеке бақылауымда. Жолдарды қалпына келтіруге келсек, кейбір аумақтарда қауіптің алдын алу үшін жолдарды өзіміз жырып, суды екінші жағына өткізіп отырдық. Алдағы бір-екі аптаның ішінде аталған аумақтардағы жолдардың барлығы қайтадан уақытша қалпына келтіріледі. Ал күн жылынғасын, мемлекеттік байқау өткізіп, жолдардың астынан су өтетін құбырлар төселеді, кейбір аумақтарға шағын көпірлер салынады.IMG_2843
– Биыл өңіріміздің ауылдарына көгілдір отын тарту, ауыз сумен қамту жұмыстары қалай жалғаспақ?
Қазір «ҚазТрансГаз» және «ҚазТрансАймақ» компанияларымен меморандумға қол қойып отырмыз. Келісім бойынша алдағы екі-үш жылда облысымызға шамамен 10 млрд. теңге қаражат бөлінеді. Қазір жобалық-сметалық құжат әзірену үстінде. Бұған дейін де айтқанымыздай, Федоров ауданының орталығы, Аманқарағай, Қашар, Рудный қаласының бірнеше кварталы және тағы бірқатар елдімекендер көгілдір отынмен қамтылады. Сол кезде аймақ тұрғындарының 65% газ тұтынатын болады. Ал ауыз су мәселесі қиындық тудырып отыр. Себебі, биыл «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан қаражат бөлінген жоқ. Бірақ алдағы уақытта жағдай қалыпқа келген соң елдімекендерді ауыз сумен қамту жұмыстары жалғасын таппақ деген сенімдемін.
– Облыс орталығындағы мешіт құрылысы бірнеше жылдан бері тоқтап тұр. Осы нысанды аяқтауға қаржы қарастырылып жатыр ма, құрылыс қашан бітеді?
– Соңғы төрт-бес жылдың алдында ғибадат үйінің құрылысы тоқтап қалған. Сол уақытқа дейін құлшылық ошағының 30% жұмысы ғана жасалған екен. Яғни, сырты ғана қаланған. Ал нағыз ақтау-сырлау, сәндеу, жабдықтау жұмыстары әлі алда. Қазір осы істі қолға алдық. Мәселе мешіт санын көбейту емес. Шындығына келсек, облыстық Марал Ишан және қалалық мешітке айт және жұма намаздары кезінде халық сыймай кетеді екен. Сол себепті, биылғы жыл соңына дейін жаңа мешіттің құрылысы аяқталуы керек.IMG_2753– «Біздің қала» қорының бұдан кейінгі тағдыры қалай болады? Қор сақталып қала ма? Әлде бұдан кейін де өткізілетін тендерлерден 10% «сыйақы» жекенің қалтасына кетіп отыра ма?
– Бұл сауалға қазір жауап беру қиын. «Біздің қала» қоры 10 жылдан астам қызмет етіп келеді екен. Бастапқыда 12 құрылтайшы болыпты, кейін алтауы қалған. Қордың мүшелігіндегі кәсіпкерлер әкімдікпен әріптестікте болған. Бұл қордағы ақша – бюджеттікі емес, жеке адамдар салған қаражат. Егер ол бюджет қаржысы болғанда, біз оны заң жүзінде қайтарып алар едік. Және бір естуімше, аталған қор мүшелері ондағы ақшаның ұрлануына қатысты құқық қорғау органдарына арыз жазудан бас тартқан. Ал «сыйақы» мәселесіне келсек, онымен құқық қорғау органдары айналысуы керек. Қазір тергеу аяқталуға жақын деп естідік. Сондықтан алда бұл жайында айтылатын болады.
Ал 2016 жылы жаңадан келісім-шарт арқылы «Еуразиялық топ» ЖШС-мен жасақан меморандум бойынша аударылған 1,3 млрд. теңге ешкімге құпия емес. Қаражат бюджетке келіп түседі. Айталық, орталық стадион 2002 жылдан бері жөндеу көрмеген. Осыны қалпына келтіру үшін бюджетке қаражат келіп түседі. Заң шеңберінде тендер өткізіледі. Байқау жеңімпазы анықталады. Ал біз қаржының қалай жұмсалғанын қадағалап отырамыз. Сол себепті, ешқандай қор арқылы емес, заң жүзінде бюджет арқылы жұмсалатын болады.
– Торғай өңірінің әлеуеті жайында айтып берсеңіз.
– Қазір Арқалық аймағы, Жангелдин және Амангелді аудандарында 60-70 мың адам бар. Ол жақта ауыл шаруашылығына басым бағыт беріліп отыр. Кәсіпкерлерге шағын несиелер беру жоспарымызда бар. Түсіндіру жұмыстарын орынбасарым С.Карплюкке тапсырдым. «Атамекен» ұлттық палатасы да бұл науқанға жұмылады. Ал Арқалық қаласындағы боксит кені, құс фабрикасы қатарлы ірі кәсіпорындарды, шағын бизнесті бұдан әрі қолдауға әзірміз.
– Өңірімізде Қостанай қаласының әкімі мен орынбасарлары, кәсіпкерлер бар атышулы қылмыстық іс аяқталды. Бұл жайында БАҚ беттерінде ашық айтылды. Сіз облыс басшысы ретінде осындай қарамағыңызда қызмет ететіндердің жоғарыдағыдай қылмысқа баруының алдын алуға қауқарлысыз ба?IMG_2823– Қазір өңірімізде жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия, елге белгілі азаматтардан құралған қоғамдық кеңес жұмыс істеп тұр. «Нұр Отан» партиясы, басқа да ұйымдар жұмылдырылған. Мен барлық аудан-қала әкімдеріне парақорлықты болдырмау туралы тапсырма бердім. Ол қатаң бақылауда. Сондай-ақ, мемлекеттік байқаудың ашық түрде өтуі назарымызда. Облысымыздағы мемлекеттік қызметшілердің барлығын танымайтынымды мойындаймын. Бірақ жемқорлыққа қатысты кез келген іске іліккендер анықталса, оларды бірден жұмыстан босатамыз. Менің мынадай тәжірибем бар – егер мемлекеттік қызметкер бір орында 5 жылдан артық отырып қалса, оны басқа қызметке ауыстырып отырамын.– Сіздің хоббиіңіз бар ма? Қандай да бір спорттық федерацияны басқарасыз ба? Естуімізше, сіз БАҚ өкілдерінсіз футболға жалғыз баратын әкім екенсіз.
– Уақытымның көбі жұмысқа кетеді. Ал негізінен шахмат ойнаймын. 1986 жылы, ол кезде баламын, Қостанайда шахматтан республикалық турнир өтіп, сонда қатысқаным бар. Байқауға қатысуға келгендер интернатта жаттық. Қазір сол кезде ойнаған балалардың кейбірі Ресейге, кейбірі Германияға кетіп қалды. Осында шахмат федерациясына «Құрметті президент» болуыма ұсыныс жасалғанда, келісуіме тура келді. Футбол да ойнадым. Өз басым спортты қолдаймын.
 
Қыдырбек Қиысханұлы.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓