Атқарар шаруа ауқымды

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов  БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Онда аймақ басшысы  Елбасы белгілеп берген бес институционалды реформаны іске асыру бойынша  «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының астықты өңірде қалай жүзеге асып жатқандығын егжей-тегжейлі баяндап берді.IMG_2794
-Мемлекет басшысының  бастамасымен қолға алынған реформалар Қазақстанның саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінің барлық салаларын қамтиды. Мәселен, еліміздің индустрияландыру бағдарламаларын іске асыруды жалғастыратын «Индустрияландыру және  экономикалық өсім» атты үшінші бағыт бойынша ауылшаруашылығы мен өңдеуші салаларға стратегиялық инвесторларды тарту жоспарланып отыр. Бұдан басқа, кеден және салық жүйелері бірімен бірі ықпалдастырылатын болады. Осындай қойылған міндеттерді іске асыру экономиканы тұрақтандыруға мүмкіндік береді,-деп атап көрсетті өңір басшысы.   
Архимед Бегежанұлы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін жеке-жеке жіліктеп, жан-жақты талдау жасады. Әуелі, ауылшаруашылығы туралы.IMG_2806
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану және нарықтық айналымға енгізу осы бағыттағы негізгі бөлімдердің бірі. Өйткені, біздің өңір әлмисақтан аграрлық аймақ.
Жалпы, біздің облыстағы  ауыл шаруашылығы мақсатына жатқызылған  жер көлемі  10,5 млн. гектарға (соның ішінде егістігі 6 млн. гектар шамасында) тең. Бүгінде соның  45 мың гектарын (соның ішінде егістігі – 19 мың гектар) ауылшаруашылығы тауар өндірушілері сатып алған.
Бірінші жарты жылдықта жалпы көлемі 316,8 мың гектар қосымша 257 жер телімін уақытша пайдалану құқығымен беру жөнінде 5 конкурс өткізу жоспарланты. Ал 1 шілдеден бастап мемлекет меншігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді аукцион арқылы сатыла бастайды.
Облыс әкімінің сөзінше, өңірде мүлікті заңдастыру жұмыстары да қарқын ала түскен. Жалпы сомасы 11 млрд. теңге болатын 5,7 мың нысанға    2 мыңнан астам өтініш қабылданыпты. 
Осы кезге дейін жалпы сомасы 8,6 млрд. теңге болатын 66% нысан (немесе 3825 нысан) заңдастырылған.
Рас, атқарылған істен алда атқарар жұмыс ауқымдырақ. Оны түбегейлі шешу және бір күннің шаруасы емес. Сондықтан, облыс басшылығы өңірдің экономикалық ахуалын оңалту мақсатын бірінші кезекке қоюы тегін емес. Тарқатып айтсақ, экономиканың  маңызды бір тетігі-  стратегиялық инвесторлар тарту екендігі белгілі.
Өткен жылға қарағанда облыс экономикасына 16%  инвестиция кем салынғанына қарамастан, 2016 жылы өсім қарқынын ұлғайтуға мүмкіндік тумақ. Биылғы жылдың екі айының өзінде орташа республикалық көрсеткіш 4,1% болғанда, біздегі өсім 10,6%-ке жетті.
-Алдағы уақытта  инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілетін болады. Онда инвесторлармен және трансұлттық компаниялармен  бірлесіп  инвестициялық климат пен өзара қарым-қатынастықты жақсарту жөніндегі іс-шаралар кешені қарастырылмақ. Тобыл өңірінде мұндай келелі қадам бұған дейін де өз жемісін берген-тұғын. Мәселен, «СарыаркаАвтоПром» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  CMC, IVECO, PeugeotCitroen бірлесіп, автомобиль өнеркәсібін дамыту жөнінен 8 маңызды құжатқа қол қойды. Соған сәйкес, Қостанайда индустриалдық аймақ ашу жоспарланып отыр.  Ол үшін ағымдағы жылдары республикалық бюджеттен екі млрд. теңгеден астам қаражат бөлінетін болады, ол шығарылатын автомобильдердің көлемін арттырып,  оны 38%-дан 50%-ға дейін жеткізуге, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді,-деді Архимед Мұхамбетов журналистер алдында.
Индустриаландырудың екінші кезеңінде   жеңіл, тоқыма және тамақ, пластик өндірісі сияқты салалар үшін индустриялдық аймақты күшейту есебінен өндірістік қуаттылықты ұлғайту көзделген.   
Бұрын тек шикізат қана өндіріп келген Тобыл төсіне  сырттан инвесторлар тарту арқылы ірі өндіріс ошақтары ел игілігіне айналмақ. Бұған сыртқы елдермен арадағы барыс-келіс едәуір ықпал етіп отырған тәрізді. Мәселен,  Қазақстан-Қытай арасындағы екі жақты кездесу шеңберінде біздің облыста  ыстық брикеттелген темір өндірісі зауытын, табиғи газды сұйылту кешенін салу жөніндегі жобаларды іске асыру туралы алдын ала уағдаластыққа қол жеткізілді.
Мұның сыртында зығыр майын және басқа да ауылшаруашылығы дақылдарын өсіру, терең өңдеу және сату жобасы әзірленіп жатыр. Науырзым ауданында зығыр майын өсіру үшін 203 мың гектар жер телімі  бөлініп, облыс орталығында зауыт құрылысына арналған жер бөлу мәселесі күн тәртібінде тұр
Осы айдың аяғына таман  облыс әкімі бастаған бір топ делегация   Қытай Халық Республикасына барып, екі жақты іскерлік мәселелерді бірігіп талқыламақ. Ресейлік кәсіпкерлермен бірлесіп   керамикалық плитка, жылыжай кешені өндірісі бойынша зауыт салу мен полиграфиялық өндіріс ашу жөніндегі жобалар да әзірленіп жатыр.  Ресейдің өнеркәсібі дамыған өңірлерімен өзара іс-әрекетті одан әрі нығайту мақсатында біздің облыс делегациясының Татарстан Республикасына және Калуга облысына сапары жоспарланып отыр. Татарлар елінде   автомобиль және ауылшаруашылығы көлігін жасауда, ет пен сүтті өңдеудегі заманауи технологияларда, сонымен қатар құс фабрикаларының жұмысын зерделеуде бәсекеге қабілетті өнімді шығару саласындағы екі жақты ынтымақтастық және тәжірибе алмасу мәселелері  талқыланатын болады.
Ал Калугада автомобиль жасау саласындағы , бидайды, етті терең өңдеу, ауылшаруашылығы өнімдері мен жергілікті өндіріс азық-түлігін сату, тауар брендтерін ілгерілету, өнім өндірудегі заманауи технология мен ораудың жаңа түрлері бойынша тәжірибе алмасу жөнінде екі жақты әріптестік мәселелері қаралады. 
 
 Соңғы жылдары өңірде ет өндірісі мен қайта өңдеу мәселелеріне көп көңіл бөлінеді.
Шикізат базасын нығайту және  қайта өңделген өнімді экспортқа шығару мақсатында Ақтөбе, Қостанай, Батыс-Қазақстан облыстары мен Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында етті бағыттағы мал шаруашылығын дамытудың өңіраралық кооперациясын құру туралы бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды.
Өткен жылы Қарабалық ауданының «Терра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде 3400 ірі қара малға арналған бірінші класты ірі бордақылау алаңы пайдалануға берілді. Меморандум шеңберінде Қарасу ауданының «Қараман-К» ЖШС мен Қамысты ауданының «Алтынсарино» ЖШС-ның бордақылау алаңдарының өндірістік қуаттылығын 1-деңгейге дейін көтеру белгіленді.  Өңірде ет  кластерін құру саланың инновациялық даму бойынша қойылған міндеттерге қол жеткізуге, қолда бар жемдеу алаңдарын барынша жүктеуге ( олардың облыстағы саны –  40), ет өндірісінің жоспарланған көлемін және ІҚМ еттің экспортты әлеуетін жылына 3000 тоннаға дейін, алдағы уақытта  5600 тоннаға жеткізуге нақты мүмкіндік береді.
Кластерді мемлекеттік қолдау мақсатында ағымдағы жылғы «Тобыл» ӘКК» АҚ арқылы 400 млн. теңге бөлу жоспарлануда. Оған  қатысушыларды қаржылық ынталандыру мақсатында субсидияның 2,1 млрд. теңге сомасын өсімдік шаруашылығынан мал шаруашылығына  беріледі.  
Ішкі нарықты құс етімен қамтамасыз ету және жалпы тұтыну көлеміндегі импорт үлесін төмендету үшін ағымдағы жылдың екінші жарты жылдығында Қарабалық ауданының «Комсомол құс фабрикасы» АҚ-ды қалпына келтіру жоспарланған (2015 жылдың қорытындысы бойынша құс етінің импорты 12,2 мың тонна, 2016 жылдың басынан 3,0 мың  тонна).  Сондай-ақ, сүт өндіру және қайта өңдеу саласындағы  технологиялық желісінің жаңғыртылуы да уақыт талабынан туындап отыр.
Өткен жылы Қостанай ауданының «Садчиковское» ЖШС-нде қуаттылығы тәулігіне  5 тонна өнім өндіруге қауқарлы цех пайдалануға берілді. Онда қаймақ, айран, иогурт шығарылады. Жобаның құны  210 млн. теңгеге бағаланды.   Ал Рудный қаласындағы «Лидер-2010» ЖШС қуаттылығы жылына  6,8 мың тонна сүт және қышқыл сүт өнімін өндіру жөніндегі желісін іске қосты. Оған1 млрд. 250 млн. теңге жұмсалған.
      
Қостанай, Лисаков, Жітіқара қалаларының және Затобол кентінің жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін несиелеуге арналған дағдарысқа қарсы қосымша шаралар шеңберінде қосымша  3,7 млрд. теңге бөлінді.
Сонымен қатар,  бюджеттен тыс қаржыландыру көздері есебінен инженерлік жүйелерді жаңғыртуды қамтамасыз ету міндеті тұр. Осыған байланысты Еуропалық Қайта құру және Даму Банкімен ынтымақтасу шеңберінде жалпы сомасы   9,3 млрд. теңгеге жуық   жобаларды іске асыру жоспарланып отыр.  Оның ішінде «Қостанай  жылу-энергетикалық компаниясы» МКК-нің жылумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуға – 6,1 млрд. теңге және «Қостанай-Су» МКК-нің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғыртуға –                 3,2 млрд. теңге бөлінетін болады.
 
Облыс халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселені тиімді шешу үшін «ҰБХ «Бәйтерек» АҚ-мен тұрғын үйлерді салған кезде ынтымақтасу туралы  меморандумға қол қойылды. «Әуежай» шағын ауданында жалпы көлемі  82,5 мың шаршы метр үйлер салу үшін жер телімдерін бөлу мәселесі пысықталды.  Яғни, бұл  1800-ге жуық отбасы көп ұзамай жаңа баспанаға қол жеткізеді деген сөз.
Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік принциптерінің негізінде облыстағы тұрғын үй құрылысына 2,2 млрд. теңге инвестиция салуды көздеген «Еуразиялық топ» ЖШС-мен Меморандумға қол қойылды.  Аталған қаражаттың есебінен 2 тұрғын үй мен жалпы көлемі 14 мың шаршы метр 2 жатақхананы пайдалануға беріледі. Соның арқасында «ССТБӨБ» және «Алюминий Казахстана» кәсіпорындары орналасқан   Рудный, Лисаков қалаларының және Қашар кентіндегі 250-ден аса отбасы тиімді шарттың негізінде тұрғын үйге ие болу мүмкіндігі туып тұр.  Дағдарысқа қарсы қосымша  шаралар шеңберінде Үкімет тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымды салуға Ұлттық қордан «Самұрық-Қазына» АҚ арқылы  2 млрд. теңге шамасында  қаражат бөлді.
 «Қазақстандық ипотекалық компания»  АҚ-ның бағдарламасы бойынша 2016 жылы 1,5 млрд. теңгеге  облыс орталығындағы «Әуежай» шағын ауданында және Герцен көшесінде 198 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы бой көтеретін болады. Мұның сыртында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік принциптерінің негізінде «Байтерек девелопмент» АҚ-мен жалпы құны 6,6 млрд. теңгеге жалпы көлемі 43,8 мың шаршы метр тұрғын үйді салып бермекші. 
Облыста  «ҰБХ «Бәйтерек» АҚ-ның облигацияларын шығару арқылы «ҚТҚЖБ» АҚ салымшылары үшін кредиттік тұрғын үйдің құрылысы жүзеге асырылатын болады. Аталған бағыт бойынша 3 млрд. теңге сомада қаражат бөлінеді, бұл  37 мың шаршы метрді пайдалануға енгізуге мүмкіндік береді.
Жалпы, аталған шағын аудандарда 470 мың шаршы метр пайдалануға енгізіледі. Бұл – 7,5 мыңнан астам пәтер. Сондай-ақ, тек тұрғын үйлер ғана емес, сонымен қатар мектепке дейінгі мекемелер, жалпы білім беру мектептер, паркингтер, саябақтар салынатын болады.
Жалпы, Қостанай облысы бойынша 2016 жылы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы және «Байтерекдевелопмент» АҚ желісі бойынша жалпы көлемі  117 мың шаршы метр 1978 пәтері бар 28 үй салу жоспарланған.
Қазіргі заманғы экономикаға көліктік инфрақұрылым бірталай әсер етеді. Осыған байланысты оның дамуына қомақты қаржы жұмсалады.
Мәселен, 2016 жылы 18,9 млрд. теңгенің жұмыстарын атқару көзделсе, оның
7 млрд. теңгесі Қостанай қаласына беріледі. Бұл қаржыға облыс орталығындағы 7 көшенің жолы жөнделетін болады. Оның жалпы ұзындығы 14 шақырымнан асады.
 Бұрын асфальт төселмеген   16 көшені ресайклирлеу әдісін қолдана отырып және топырақты бекіте отырып, орта жөндеуді жүргізу жоспарланған.
Жалпы, аталған саладағы проблемаларды шешу үшін «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен келіссөздер жүргізілді және облыс әкімдігі мен  «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның арасында 2016 жылға арналған Қостанай облысының республикалық маңызы бар автожолдарды жөндеу, қалпына келтіру бойынша өзара ынтымақтастық туралы  меморандум жасалынды.
Сметалық құны 3 млрд. теңгеге бағаланған Таран көшесінің бойындағы  Тобыл өзені арқылы өтетін көпірді қайта қалпына келтіру аяқталатын болады.
Қамысты ауданынан Рудный қаласына дейін «Қарабұтақ-Денисов-Рудный-Қостанай» автожолының ұзындығы 154 км бөлігін  қалпына келтіру үшін техникалық-экономикалық негіздеме әзірленіп жатыр.
Облыс басшысы өз сөзінде жұмыссыздыққа қарсы күрес, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелері туралы да жан-жақты айтып берді.
Жұмыссыздық дегеннен шығады, «Жұмыспен қамтудың жол картасы»  бағдарламасы бойынша  әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін 2016 жылы 4,8 млрд.теңге, оның ішінде  әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін жөндеу арқылы жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету бойынша 1 бағытқа– 2,7 млрд.тенге, шағын кредиттеуге – 1,4 млрд.тенге, жұмысқа орналасуда қамтамасыз ету және ықпал етуге – 413 млн.тенге бөлініпті.
Ауылдық жерлерде өз кәсібін ашқысы келетін тұрғындарға  шағын несиелер беру  мәселесі де жыл озған сайын орныға түскен. Бұл қаражат бірінші кезекте  етті бағыттағы мал өсіру, сондай-ақ ет пен сүтті қайта өңдеуге арналған шағын фермаларды құруға берілетін болады. Қосымша шағын кәсіпкерлікті  қолдау үшін   моноқалаларда, ауылдық жерлерде шағын несиелеуге «Атамекен» ҰКП, «Даму» кәсіпкерлік қоры қаржылық ресурстары және облыс әкімдігі  1,6 млрд. тенге. көлемінде тартылмақ.  «Бизнестің жол картасы»  арқылы  бұл мақсатқа 169 млн. тенге қарастырылған.
Жалпы, үстіміздегі  жылы шаруаларға көмек ретінде ұсынылған шағын несиенің  жалпы сомасы биылғы жылы  3,2 млрд.тенгеге жетті,-деді өз сөзінде облыс әкімі.
Астықты өңірге әкім боп тағайындалғалы бері алты ай өткен Архимед Мұхамбетов одан әрі журналистердің қойған сұрақтарына жауап берді. 
 

 

Айбек КӘДІРҰЛЫ
Қыдырбек ҚИЫСҚАН
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓