Шағын тігін шеберханасы ашылды
Қостанайдағы «Аналар үйі» оңалту орталығында шағын тігін шеберханасы ашылды. Мұндағы жас босанған жағдайсыз аналар енді тігіншілік пен киім пішуге үйреніп, қысқа мерзім ішінде жаңа мамандық алып шығады.
Үш қабатты үлкен ғимаратта ана мен балаға қажетті жағдайдың барлығы жасалған. Киер киім, ішер ас тегін. Бала күтіміне керекті түрлі бұйымдар да жеткілікті. Ана мен балаға арнайы психолог пен тәрбиешілер қамқорлық етеді. Басты мақсат – қосағынан қолдау таппай, тағдыр тәлкегіне түскен жалғыз басты жағдайсыз аналардың күйзеліс үстінде туған сәбиінен жерініп, теріс жолға түсуіне жол бермеу. Оларға кәсіп үйретіп, келешекте аяққа тұрып кетуіне жағдай жасау.
– Осы мақсатта компьютерлік курстар мен шағын тігін цехтарын аштық. Компьютерлер мен тігін машиналары барлық облыстардағы «Аналар үйіне» қойылды. Астанадағы оңалту орталығында жас аналар тіпті арнайы киім тігіп, оны саудалап, табыс тауып отыр. Қостанайдағы тігін цехы негізінен оқыту мақсатында ашылып отыр. Қостанай индустриалдық-педагогикалық колледжінің өндіріс шеберлері келіп, осындағы жас аналарға тігіншіліктің қыр-сырын үйрететін болады, – дейді игі жобаның қостанайлық үйлестірушісі Сәуле Есетова.
Қостанайдағы «Аналар үйі» 2013 жылы ашылған болатын. Бүгінде мұнда жалғыз басты 14 жас ана сәбиімен тұрады. Аталған оңалту орталығы бүгінге дейін қиын жағдайға душар болған 73 жас анаға қолдау көрсетіпті.
Әлібек ЫБЫРАЙ