Жолдың сапасы үшін…
Жітіқарада асфальт бетондарын жасау үшін хризотил талшықтарының негізінде «Есо Тор» тұрақтандырғыш қоспалары шығарылатын болды. Жобаны әзірлегендер бұл қоспаның тас жолдардың пайдалану мерзімін ұзартуға едәуір септігі бар дейді.
«Қостанай минералдары» АҚ хризотил кенін өндіреді әрі өнімді өздерінде өңдейді. Жаңа жоба өндіріс ошағын әртараптандыруға бағытталған шаралардың бірі. Оны жеке кәсіпкер жүзеге асырып отыр.
Бұл тың бастама болмағанмен, елімізде алғаш рет қолданысқа енгізілмекші. Минералды талшық жол құрылысына тигізер пайдасы өте зор дейді мамандар.
Ол сумен шайылып кетпейді, жылуды барынша ұстап тұрады әрі үйкеліс коэффициентін сақтайды.Ең бастысы жолдың тез бұзылуына немесе оның шұрқ тесілуіне қарсы тұра алады.
Жоба авторлары қиыршық тас-мастикалық асфаль бетондарына қосылған шикізат автожолдардың қызмет ету мерзімін кемінде үш-төрт есе ұлғайта алады деген уәж айтады.
-Мәселен, барлық Канада, Солтүстік Американың жолдарына хризотил талшықтары қосылған. Мұндай қоспалар көрші Ресейде де шығарылады. Оның өнімдерін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық тас жолының кейбір бөліктеріне пайдаланды. Ал біздің есептеуімізше, отандық өнім өзгелерге қарағанда 50% арзан және сапасы өте жоғары. Жүргізілген лабораториялық зерттеулер осыны көрсетіп отыр,-дейді «Қостанай минералдары» АҚ даму департаментінің директоры Олег Левин.
«Есо Тор» қоспасын кәдеге жарату өте тиімді дейді кәсіпорындағылар. Бір тонна асфальт бетонына көп болса үш-ақ келі қоспа жұмсалады. Жаңа өндіріс ошағы енді бір айдан соң пайдалануға берілмек. Ол үшін жаңа қондырғылар сатып әкелініп, орнатылмақ. Бұған аудандық кәсіпкерлер Палатасы қол ұшын созыпты.
Естеріңізге салайық, өткен жылы Палатаның қолдауымен және «Қостанай минералдары» АҚ қаржыландыруының арқасында жітіқаралық «Эталон-2013 фирмасы хризотил ұнтақтарының негізінде «Альта» құрылыс қоспаларын шығаратын өндірісті іске қосқан болатын. Бұл өнім құрылыс материалдарының шығынын азайтып, кез келген ғимаратты жылы ұстауға қауқарлы. Бүгінде отандық өнім елімізбен қатар алыс-жақын шетелдерде жақсы сұранысқа ие.
Айбек КӘДІРҰЛЫ