“Қазақстан барысы”
Сарыкөл аудандық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде ҚР Президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен «Қазақстан барысы» аудандық турнирі өтті.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған турнирді аудандық спорт бөлімі мен БЖСМ басшылығы бірігіп ұйымдастырды. Шараның ашылу салтанатында аудандық мәслихат хатшысы Күләш Базарбаева мен спорт мектебінің басшысы Юрий Степиндер сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.Аудандық бәсекеге Барвин, Тәгіл, Маяк, Сарыкөл ауылдарымен қатар колледж студенттері де қатысты. Олар 38-84 салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті.
Жалпы алғанда, жарыс қызық пен тартысқа толы өтті. Әсіресе, жас өрендер де өз әлдерінше өзара күштілерді анықтады. Айталық, өзін өзгеше қырынан көрсетіп, көпшілктің ықыласына бөленген жас палуанның бірі маяктық Айдос Абай болды. Ол өзінен үш жас үлкен алғашқы қарсыласын әп дегеннен қапы қалдырды. Өкінішке орай, келесі кезеңде қарсыласына жол беріп қойып, үшінші орынға табан тіреді.
Бас-аяғы 30-дан астам палуан белдесіп, қарсыластарын түгел жеңген Руслан Мулдахметов (Сарыкөл кенті) түйепалуан атанды. Сондай-ақ, 1999 жылығылар мен одан кішілер арасында Кияс Молдабеков, Юрий Каримов, Кирилл Гичек, Дмитрий Колода, Кайрхан Бектембетов, Рашит Дуйсенов, Вадим Карпов және Шамиль Капышевтер бірінші орынды иеленді. Ал, 1998 жылы дүниеге келген жастар мен одан ересектер арасында Валихан Зайкенов, Руслан Курмангазыев, Нұрғожа Байкунов, Дархан Баймаканов, Игорь Сидоров және Руслан Мулдахметовтер алдына жан салмады.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.