“Тәуелсіздік – азаттығым, бақ күнім”
16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай облыстық қазақ жасөаспірімдер театрында салтанатты жиын өтті. Мемлекеттік рәміздер салтанат құрған сахнада қала әкімі Ғ. Бекмұхамедов құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік марапаттарды иелеріне табыс етті.
Қалалық мәслихаттың депутаттары: "Алюминқұрылыс" ЖШС бас директоры А. Мұқанов – ҚР "Даму және инвестиция" министрлігінің "ҰЛТ ДАҢҚЫ" ордені және "ҚР көлік министрлігінің "Құрметті жолшы" төсбелгісімен, МЗТО (мемлекеттік зейнетақы төлеу орталығы) Арқалық қалалық бөлімшесінің басшысы Қ. Нұрманов – ҚР "Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің "Әлеуметтік сала үздігі" төсбелгісімен, "Қарқын" ЖШС басшысы Ш. Досов – ҚР "Ауылшаруашылығы" министрігінің "Құрмет грамотасымен", "НұрОтан" партиясы Арқалық қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н. Хамзин – ҚР "Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің "Алғыс хатымен" марапатталды. Сондай – ақ, қалалық мәслихаттың барша депутаттары, экс секретарлар мен депутатар және мәслихаттың жекелеген қызметкерлері "Қазақстан мәслихаттарына – 20 жыл" мерекелік медалымен наградталды.
Мұндай құрметке қала әкімі, «НұрОтан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Ғ. Бекмұхамедов пен қалалық мәслихаттың хатшысы Н. Шалдыбаев та ие болды.
Мерекелік шараны Н. Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі жанынан құрылған қазақ ұлт аспаптар оркестрі бастаған өнер ұжымдары ән күйімен, әсем биімен әрледі. Мектеп оқушылары, балабақша бүлдіршіндері "Тәуелсіздік" туралы жыр – тақпақтарымен шашу шашты.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы