РЕКТОР КУБОГЫН САРАПҚА САЛДЫ

Демалыс күндері Рудныйда «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша Қостанай облысында білім алып жатқан студенттер арасында аймақтық «Аламан» фестивалі мен «РИИ ректорының кубогы» үшін республикалық жайдарман ойындары өтті. Оған Қостанай, Рудный, Арқалық, Қарабалық, Ақмола облысы мен Астанадан келген командалар қатысып, патша көңілді көрерменді күлкіге қарық қылды.IMG_3001
Алдымен сахнаға Қарабалық агротехникалық колледжі, Қостанай құрылыс колледжі, Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты мен Рудный индустриялық институтының серпіндіктері шығып, өз өнерлерін көрсетті. Одан кейін 14 команда ректор кубогын сарапқа салды.IMG_3071
Ойында жастар қағытпа сөз арқылы толғақты түйіндерге тоқталды. Елдегі тыныштық пен бейбітшілікті, қоғамдағы қайшылықтар мен келеңсіздіктерді астарлап әзілмен жеткізуге тырысып бақты. Өнер бағасын беруге көңілділер мен тапқырлар клубында қанатын қатайтқан азаматтар бекінді.
1 минуттық риясыз күлкі 20 минут спортпен айналысқанмен тең. Бұл – мамандар пікірі. Ал, көңілді жастар көрермен қауымға екі сағаттық керемет көңіл-күй сыйлағаны даусыз.IMG_3147
– Әзіл астарында мәнді ой жатуы керек. Арзан қалжың мен құр келеке ойыншыға үлкен сын. Бұл – ұйымдастырушылар алқасының қатысушыларға қойған талабы. Бүгінгі ойынға қатысып жатқан командалардың барлығының өзіндік ерекшеліктері бар. Бірі киім үлгісімен есте қалса, енді бірі қарапайым ғана, бірақ өте күлкілі әзілдермен жұртты өзіне баурап алды, – дейді фестивальді ұйымдастырушы Айдос Мұсатаев.IMG_3023
Ойынның тартысты өткенін, әділқазылар қойған бағалардан байқауға болады. Өнер бәсекесінің қорытындысы бойынша «Аламан» жүлдесіне Рудный индустриялық институтының «Фигура» командасы лайық деп танылды. «РИИ ректорының кубогын» қарсыласынан сәл ғана ұпай айырмасымен алға шыққан №7 орта мектептің «Киелі сан» құрамасы иеленді. Екінші орын Еуразия Ұлттық Университетінің «ЖурФак» командасына бұйырса, үшінші орынды КИНЭУ-дің «Парламенті» қанжығасына байлады. Жайдарманның «Ең үздік ойыншысы» дипломы АрқМПИ-дың «СпортФак» командасының капитаны Ержігіт Сейітжановқа табысталды.
 
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓