Бәс тігу бас тігумен бірдей
Интернет жақсы дамыған заманда түрлі қиындықтар да қатар пайда болып жатыр. Қазіргі біздің қоғамның өзекті мәселелерінің бірі – құмар ойындардың көбеюі. Қазіргі кезде жастар бір айлап тапқан жалақысын «екі есеге молайтамын» деп немесе «жылдам ақша табамын» деп әртүрлі бәс тігу бас сұғады. Оның ішінде, букмекерлік кеңселердің жұмысы ерекше қызып тұр. Бүгінде ойын автоматтарына шектеу қойылды десек те, букмекерлік кеңселердің зияны ойын автоматтарынан кем болып тұрған жоқ. Қазіргі кезде жастар мен жұмыссыздардың көбі сол жерде жүреді. Әсіресе, футболдан әлем чемпионаты кезінде букмекерлік кеңселердің жұлдызы жанады. Қолында смартфоны мен интернеті бар адамдардың бәріне де онлайн бәс тігу қиын шаруа емесін білетін боларсыздар.
Осы тұста Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің Филология мамандығының 4-курс студенті Сабыржан Мейрамның өз ойын біле кетейік.
«Қазіргі кезде жас баладан еңкейген қарияға дейін құмар ойынмен айналысады. Ол, қысқаша айтқанда, жеңіл ақша табу жолы. Бұның біздің елімізде көптеген түрлері бар. Мысалға алғанда, спорттық ойындарға немесе кез келген санды табуға оңай олжа көздегендер өздерінің қыруар ақшаларын салып жатыр. Құмар ойынның қазіргі кезде жарнамасы жақсы қарқынмен дамыған және қолдану да ыңғайлы, кез келген смартфондар арқылы кіре аласыз. Көптеген адамдар құмар ойынмен әуестеніп аз ақшаны көбейткісі келіп, құмарлықтарын жеңе алмауда. Ең өкініштісі – осы құмар ойыннан дымы қалмай ұтылу салдарынан көптеген жас өспірімнің өз өмірлеріне қол сұғып жатқаны. Бірақ елімізде соған қарамастан күннен-күнге осындай ойын ойнайтын орындар көбейуде. Сондай-ақ, осы жолға түсіп жатқан адамдар да аз емес. Біз, яғни жастар осы жолды таңдаған адамдардың көзін ашу үшін тиісті шаралар жасауымыз қажет деп ойлаймын. Мысалы, шағын бейнероликтер әзірлеп, акциялар өткізіп, басқа да шаралар ойластырсақ, жүз адамның бірі осындай жолға түсуден бойын аулақ ұстауды шешсе, ол да біздің тигізген үлесіміз болар еді», – дейді ол.
Қазақстан Республикасының «Ойын бизнесі туралы» Заңына сәйкес, букмекерлік кеңсе қызметкерлері бәс тігушінің жасын білу үшін оның жеке куәлігін тексеруі шарт. Аталмыш Заңның 15-бабында көрсетілгендей, 21 жасқа жетпеген тұлғаларға қызмет көрсетілмейді. Алайда, заңды елемей, жасырын ақша жасап жүргендердің қарасы көбеюде. Оған, әрине, ауылдан барған жастардың алданып, ата-анасының аузынан жырып берген ақшасын сол ойындарға салып жатқаны баршаға аян. Жалпы, мектепті бітіріп, оқуға түскен жастардың жас шамасы 17-18-де болса, олардың букмекерлік кеңседе отыруы заңсыз. Алайда, осы заң бұзушылық жоқ дей алмаймыз.ҚР Қылмыстық Кодексінің 307-бабында заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру туралы егжей-тегжейлі айтылады. Нақтырақ айтсақ, ойын мекемесiн заңсыз ашу, ұстау немесе ойын бизнесi саласындағы қызметтi заңсыз ұйымдастыру, сол сияқты заңсыз ойын бизнесі үшін үй-жайлар беру жатады. Бұған ҚР ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс құмар ойындарын ұйымдастыру және өткізу немесе ойын бизнесі саласындағы қызмет лицензиясыз жүзеге асырылатын болса, мүлкi тәркiленiп, 2000 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады. Сонымен қатар, сол мөлшерде түзеу жұмыстарына немесе алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, сондай-ақ, екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.
Қорыта келе айтқанда, құмар ойындардың зардабы елдің дамуына кері әсерін тигізіп, адамның кері кетуіне ықпал ететінін мойындауға тиіспіз.. Әрине, оны түпкілікті тамырымен жойып жіберу мүмкін емес шығар. Дегенмен де, әр заттың не құбылыстың өз шегі болатынын ұмытпайық. Еңбекпен келген нан әрқашан тәтті болады. Сондықтан ерінбей еңбек етіп, өз болашағымыздың кірпішін қазірден бастап қалайық.
Еркебұлан Әлім,
ҚӨУ-нің Журналистика
мамандығының 3-курс студенті