Ақынның сыры – жырында

Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының қонақжайында елімізге белгілі ақын, халықаралық аудармашылар байқауының және республикалық ақындар бәйгесінің лауреаты Әбдірахман Досовтың 70 жасқа толуына байланысты «Ақындар айтар ақиқат» атты шығармашылық кеш өтті.
Әбдірахман Серғалиұлы – туындыларын орыс тілінде жазатын ақын. Оның шығармалары республикалық, облыстық басылым беттерінде 1981 жылдан бастап жариялана бастады. Ол бірнеше қазақ ақындарын орыс тіліне аударды. Әсіресе, М.Мақатаев, Ф.Оңғарсынова, Ж.Баязид, С.Оспанов, А.Шаяхмет, М.Бектемірова сияқты қазақ шайырларының шығармаларын орыс оқырмандарына таныстырды. Сонау XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ діни әдебиетінің белді өкілдерінің бірі Нұржан Наушабайұлының ғазалдарын аударып, оқырманына тағы бір туынды сыйлады.досов
Әдеби кешке ақынның өнердегі достары, замандастары – Александра Суслова, Александр Каратаев, Әбутәліп Әмір, Владимир Лоскутников, Әбдірахман Бекмағанбетов және өлеңсүйер қауым қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Облыстық мәдениет басқармасының құттықтау хатын басқарма басшысының орынбасары Гүлнәр Арменова оқып беріп, ақынға сый-сияпат көрсетті. Кеш қазақ және орыс тілінде өтті. Бүгінгі әдебиет жайында қызу пікір де айтылды. Ұйымдастырушы Дариға Дәуренбекова, жүргізушілер Қымбат Аманжолова, Наталья Штанько ақынның шығармашылық лабораториясын терең зерттеп, зерделей білді. Оқырманға мерейтой иесінің жаңа бір қыры – аудармашылық шеберлігі жайында кеңінен мағлұмат беріп, әр аударған туындысының қыр-сырына тоқталды.
Алдағы уақытта кітапхана осындай кештерді жиі-жиі өткізуді қолға алмақ. Мұны директор Дариға Дүйсебекова өз сөзінде жеткізді. Кеш соңында Әбдірахман Досов жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, өлеңдерін оқып, таяуда ғана жарық көрген «Сердцебиение» («Жүрек қағысы») кітабының 30 данасын кітапханаға сыйға тартты.
 
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓