Майлиннің газеттес ізбасары
Қостанайдан шыққан пойыз бозбала Сәлімнің қиялымен жарысып, әуелден оның арманын қыздырған Алматысына салып ұрып келеді. Аңғал емес, тісқаққандығы байқалады. Екі жыл кеншілер ортасының от-жалынында ысылып, өндірістік өтілін жинаған ол жорналшы даярлайтын жоғары оқу орнының құжат қабылдайтын барлық талаптарына сайма-сай еді. Өтіл кезеңі өзін әбден шыңдады. Слесарьлығын мінсіз атқара жүріп, қос тілдегі жазу-сызуын да мәттақамдап алған-тын. Әне, соның жемісі – қос бүйірі томпиған, аяусыз ақжемденген шабаданының ішінде жатыр. Соған көзі түсіп еді, жүрегі тулап кетті. Баспасөздің барлық жанрларын қамтитын жарияланымдары бірнеше папкені тырситып, әрең сыйып тұр.
Осылайша келе жатып, анадай бұрышта кітаптан көз алмай өз-өзінен сықылықтаған қызға назары ауды. Кейіпкері ретінде ғана танысты. Әйтпесе, аруларға жұғымдылығы мүлде жоқ еді. Қылтың-сылтың мінезден ада. Мектепте мұны сондықтан да «қыз мінезді бала» дейтін. Әлгі бойжеткен Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч» романын оқып отыр екен. «Мә, сен оқы! Мен бітірдім!» – деді де кітабын әй-шәй жоқ Сәлімге ұстата салды. Бұл кітапты қолына түсіре алмай пұшайман күйде жүрген ол отырып оқыды, жатып сүзілді, тамбурға шығып шүйлікті. Тіпті, сәл аялдағанда перронға да кітабын ұстай шықты. Әйтеуір, алыстан тамсандырған Алатауды алғаш көзі шалғанда ғана кітапты тауысты. Сезім-сырға бөккен балаң жүрек ыссы атқақтап, алқына тулап: «Бейімбеттей болам, Майлиндей жазам!» – деп Алматының қасиетті жеріне аяғын тигізді…
Емтихан билетін суырып алғанда Сәлімнің басы жеңіл зеңіп кетті. Ұзын кірпіктері еркінен тыс жыпылықтап алдындағы профессорларға: «Бірінші сұрағым Бейімбет Майлиннің «Азамат Азаматыч» романы туралы», – деп жауапқа дайын екендігін сездірді. Ұзын бойын тік ұстап, қаздиып отырған мына қостанайлықтың Сәкен пішіндес жүзінде тайсалмас бір ағын ойнап тұрғанын сезген олар: «Романдағы басты кейіпкердің аты-жөні кім?» – деп қосарланды. «Қожалақ Күркілдеков!» – деді бұл. Талай үміткердің үмітін үзген бұл сұрақтың дәл жауабына разы болған оқытушылар басқасына бас қатырып жатпай-ақ мұны емтиханнан өткізіп жіберген.
Тағдыр ненің де болсын қисынын өз икеміне ыңғайлай келістіріп, қиюластыра алады екен. Сәлім Меңдібайдың содан былайғы жолы Биағаңмен рухани қабысқан, ойша әр сәт серпіле табысқан. Қандай жарасым, қараңыз! Биыл Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин негізін қалаған «Ауыл» газетінің шыға бастағанына 94 жыл толатын болса, соның жарты ғасырында Сәлімнің де жанкешті еңбегінің сонарлы ізі сайрап жатыпты. Осының 25 жылында Биағасы сияқты газетті алға жетелепті, яғни бас редактордың бірінші орынбасары ретінде ұйымдастырушылық жұмыстармен айналыса жүріп, өзінің де қаламын суытпапты. Жетпістің биігінен төмен қараса – пай-пай, журналистикадағы өзі баптаған келісті де желісті кілең сәйгүліктері үзеңгі қағыстыра дүбірлетіп келеді екен. Құлағын құмарлықпен тосады: алыс заман жаңғырығындай болып Биағаң қаламының сусылы да естілетіндей ме?! Кенет жұмыс бөлмесінің төрінде ілулі тұрған Биағаң суретіне еріксіз жанар бұрып: «Газетіңіз сапалы, ойлағаныңыздай шығып жатыр!» – деп, кәдімгідей есеп беріп қояды. Биағаң газетіне де, Сәлімге де разы қалып танытқандай болып, баяғы ойлы жүзін қадап қалыпты…
Биағаңның осы портреті Сәлімнің қолына қалай түсіп еді? Ол да қызық жайт… Университет дипломын алған соң Сібір жерінде екі жыл әскери міндетін өтеп оралған ол облыстық «Коммунизм таңы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінің басшысы Бақытжан Жангисиннің қабылдауына келеді. Етегі жер сызған шинелінің белін қынай тартқан, ұзын бойлы, талдырмаш денелі лейтенантты редактор өз есігін айқара аша бергенде көріп қалып, сол күйінде ішке қайыра бұрылып, ертіп кірген.
Сондағы аға әдеби қызметкерліктен бүгінгі газет басшысының бірі ретіндегі аралықта аттай жарты ғасыр жатыр екен. Уақыт неткен зымыран! Газеті де жасына жас қосуда. Сәлім де бірге егде тартқан. Баяғы ашық сызылған жарқын қабақ салбыраңқылау, кереқарыс әжімді маңдайдан үрке қашқан сол кезгі толқындай бұйра қара шашы арасынан сәуле көрінгендей сиреп, селдірленген. Тек шаршаңқылау нұрлы жанары: «Мен сол студенттік шақтағы Нұрлан Оразалин досымның әспеттеуіндегідей, баяғы «князь Сәліммін ғой!» – деуінен жазбай, қарттыққа дес бермей тұр. Өзгермеген тек Биағаң! Сәлім шәкіртін аласартпай, аспандатып қана осы бүгінгі биігіне жеткізген асыл бейне! Кешеден бүгінге жетелеп келіпті.
Бейімбеттердің жолына Сәлімді тағдыр айдап салды ғой. Әрине, бейбіт өмірдегі сүрлеуіне. Әйтпесе, «Ауыл» газетінен 14 адамның жазықсыз қудаланып кетуін еске түсірудің өзі қандай ауыр. Болмашыға айыптай салып, айдатып жіберген. Соның бірі Б.Майлин, С.Сейфуллиндермен қатар жүрген, соғысқа қатысқан С. Қазыбеков ақсақал еді. Бірде ол «біле жүрші» дегендей, Сәлімге жан сырын ашқан. «Білесің бе, балам. Мен он жылға отырып келген адаммын ғой!» «Не үшін?» «Газетке кезекші болған күні «Ұлы Сталин» деп басталатын тақырыптағы «ұлы» сөзінің «улы» болып кеткен қателігім үшін!» Сәлімнің төбесінен жай түскендей болған.
Қуғын-сүргіннің қыспағында жүріп-ақ Сәлімнің Биағасы қалай-қалай өндіртіп жазған. Барлық шығармасын індете оқыды ғой. Кейбірін жадына тоқығаны соншалық, кез келген жерінен ойып алып ауызша соғады. Олжастың да орысша өлеңдерін жатқа айтатын еді. Есте сақтау қабілетін жастайынан шыңдай білген. Өз әкесі Тоқмырзаның оқымыстылығын, үздік мұғалімдігін ел іші әлі күнге жыр қылады. Сол кісінің темірдей қатаң талабы бұны шарболаттай шыңдады. Бірде ұлағатты ұстаз, алғашқы романшының бірі Спандияр Көбеев Сәлім баланың зеректігіне тәнті болып, әдейі сыныпқа іздеп келмей ме? Келсе Сәлім оқыстан жоқ болып шығады. Бәрі аң-таң. Сынып жетекшісіне бірдеңе белгілі сияқты. Парта астына үңіліп «Шық Сәлім» деп шырылдайды. Балалар бұл қызыққа езу тартады. Сөйтсе, мұғалімнің кезекті бір мақтауына шыдамай, ұялған Сәлім парта астына бұғып, тығыла қойыпты. Қып-қызыл болып түрегелген шәкірттің басынан күлімдеп сипаған Спандияр ұстаз: «Мұғалімнің баласы осылай өте жақсы оқиды. Оған ұялуға болмайды. Шаттан қайта! Сенен зор үміт күтем!» – депті. Сәлім сол аманатқа өмір бойы адал боп келеді. Ал кезінде С.Көбеевтің мектеп қабырғасын аттауына ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин көмектескен екен… Қандай жарасты, жалғасты мысалдар.
Сәлім жақсыға жанасқыш болып көрінеді. Әсілі – оған жақсылар тартылып, тәнтіленіп тұратындай. Салық Зиманов, Манаш Қозыбаев, Өмірзақ Сұлтанғазин, Серік Қирабаев секілді ғұлама ғалымдардың, Кенен мен Шерхандай сөз зергерлерінің алғысына бөленіп, батасын алғанын айтудың өзі бір ғанибет. Ғылым Академиясының президенті, туған бажасы Өмірзақ Сұлтанғазин ана бір жылдары Қостанайға келгенінде Сәлімді облыс басшысының қабылдауына бірге ертіп бармақ болады. Арғы жағын айтпаса да түсінген Сәлім: «Бас редактор болғысы кеп жүргендерге қиянат жасармын»,– деп бұл ұсыныстан бас тартады… Өмекең еріксіз басын шайқапты.
Оның қаламгерлік қуаты бәсеңсімей, қайта жалындай түскенін оқырмандары әрдайым сезініп келеді. Соңғы жылдары өзі негізін қалаған «Қостанай таңының» кітапханасы» сериясымен шығарған «Тұмарымыз – Түркістан», «Біздің елдің жігіттері», «Армысың, алтын таң!», «Өшпес даңқ» атты кітаптары оның өмірінің үлкен бір белесі іспетті. Бұған «Жүрек лүпілі», «Еменнің айыр бұтағы», «Мөп-мөлдір дүние», «Ілияс Омаров», «Еркімбайдың Сұлтаны», «Терең тамыр» секілді деректі, көркем шығармаларын қоссаңыз, оның журналистік, жазушылық әлеуеті тіптен жоталана түседі.
Алуан түрлі мұратты ойлар мазалайды оны. Даңқты жазушы туған ауданды қызыл төңкерісші Таранның атынан алып, Майлин есіміне өзгерту туралы мәселе қозғап жүргеніне көп болды. Орынды ұсыныстың орайын таппауы неліктен?!
Тағдырмен талай тайталаста қаламы оны үнемі жеңіс тұғырына көтеріп, мықты рухқа, тәтті ләззатқа кенелтіп келеді. Марапаты да жеткілікті. Оның қалам қарымына разы болғаны соншалық, бірде облыс әкімі ұшақ үстінде Меценаттар сыйлығын шұғыл түрде тапсырған. Әйтсе де бір ғана «Қостанай қаласының құрметті азаматы» деген атағы оның туған жеріне салмағын еселей түсері кәміл.
… Және де «Майлиннің ізбасары» атануы – екінің біріне бұйыра бермейтін деңгейлі дәреже, талғаммен қонатын бақыт құсы секілді!
Қайсар ӘЛІМ
egemen.kz сайтынан алынды
Сәлім аға туралы қандай жылы лебіз айтса да жарасымды. Бірақ, автор ол кісінің өмірінің белгісіз тұстарын, қызықты сәттерін дөп тапқандай. Жалаң мақтау емес, жөн сөз айтып, орынды пікір білдіретін ел ағаларының барына шүкір. Рахмет!
Рахмет Кайсар замандасым! Биздин Салим осындай!