Қостанай көшелері көңіліме қонбайды
Мектепті Астана қаласында аяқтап, ҰБТ сынағынан көңілімдегі балды жинадым. Жазғы маусымда асыға жауабын күтіп жүрген мемлекеттің гранты маған Қостанай қаласынан бұйырды. Қаладағы ҚМПИ-ына оқуға түстім. Әрине, қалаға келген алғашқы уақыттарда қазір бірге оқып жүрген құрбыларым секілді менің де іштей өкініштерім болды. Дегенмен, жүре келе өзіндік қабілетім мен мүмкіндіктеріме, алға қойған арман-мақсаттарыма лайықты ортаға түскенімді ұғындым.
Ең алдымен, маған қаланың таза ауасы, қоқыссыз көшелері, кейін келе тұрғындардың танытқан менталитеті қатты ұнады. Қала халқы мемлекет мақтанарлық менталитетке ие орта екен десем артық айтпаған болар едім.
Десек те, қалада кезегін күттірмей, түзетуді талап ететін, «әттен-ай» дегізерлік мәселелер барын байқадым. Ол қандай мәселе десеңіз, ол – өзіміз жүрген көшелердің орысша атаулары. Қаланы аралауға шыққан кезде қазақы атауға ие орталықтарды да, көшелерді де кездестіру мүмкін емес сияқты. Ондай атауларды кездестіріп жатсақ, мәз болып қалатын жағдайда жүргеніміз көңіліме кірбің түсірді. Өзім Астана қаласында оқып жүргенде көңілге мұндай кірбің алмап едім. Онда «Керуен», «Ханшатыр», «Бәйтерек» деген атауларға ие орталықтар мен Ш. Уәлиханов (Қостанай облысында туған ғалым), Ғ.Мұстафин сынды көшелер бар. Тіпті, барлығы да қазақша атауға ие көшелер десем қателеспейтін шығармын. Ал, Қостанай қаласындағы «Март», «Автодом» орталықтары, «Таран», «Гоголь», «Школьная» секілді тағы да басқа көшелер атаулары неліктен қазақша атауға ие емес?! Осы секілді сұрақтар ойыма келе бастады…
Көше демекші, Қостанай облысы бойынша 250 көше бар екен. Оның 26-сы ғана қазақша аталады екен. Бұл мәліметті естіп, 25 жыл тәуелсіз ел бола тұра 26 көшенің ғана атауын өзгерте алғанымыз ұлтымыз үшін ғана емес, еліміз үшін де ұят нәрсе екен деп ойладым. Артынша осы жылғы ғылыми конференциялар мен әдеби кештер белгілі тұлғалардың мерейтойына байланысты өткізіліп жатқанын ойға алдым. Өзім барған конференциялар мен кештердің барлығы да Қостанай өңірінде туған немесе осы өңірде еңбек еткен тұлғаларға арналған. Сол кісілердің есімімен көшелерді неге атамасқа? Олар осы өзіміз тұрып жатқан өңірде еліміз үшін еңбек етті емес пе?
Ал орысша атаумен аталған көшелердің мағынасына, аты берілген тұлғалардың талап-тағлымына үңілдім. Зерделей қарасам, көбінің атауы Кеңес үкіметі заманындағы саясаттың ықпалымен қойылған екен.
Ендеше, осы көшелердің атауын қазақшаға ауыстыру кімнің қолында? Осы сұрақтың етегінде жүріп түйгенім: ол – біз секілді қазіргі қазақ жастарының еншісінде екендігі. Біз, жастар, осы іске кіріссек, қала әкімдігі біздерге қолдау танытады деп сенемін. Қала әкімдігіне дәл осы тұрғыда біз жастардың еңбегі қажет сыңайлы. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Жұлдыз Қадырова,
ҚМПИ студенті
Өте орынды көтерілген мәселе,Жұлдыз. Шынымен,көшелер атауы Қостанай өңірінде қынжылтатын мәселе. Көшелердің атауын қазақыландырса, аудан ауылдарға жетіп қалармыз деген үміттемін.
Келісемін
Қала әкімдігіндегі ономастикалық комиссияға ұжым болып егізделген ұсыныс жасау керек.