БЕНЗИН БАҒАСЫ НЕГЕ ТҰРАҚСЫЗ?
Ел ішінде жанар-жағар май құны тағы да көтерілуі мүмкін. Бағаның шарықтауына Ресейдегі мұнай өнімдері акцизінің қымбаттауы түрткі болуда. Мәселені көтерген «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаевтың мәлімдеуінше, көрші елдегі қымбатшылық Кедендік Одақ құрамындағы өзге елдерге де әсерін тигізеді.
Акциз ақысы – қосымша құн салығы іспетті тек ел ішінде ғана, тұтынушылардың есебінен өндіріледі. Мұнай өнімін өңдеушілерге және сатушыларға акциздік өтемнің әсері шамалы. Шет елдерге (оның ішінде Қазақстанға) жөнелтілер өнімге тіптен акциздік құн қолданылмайды. Сәйкесінше, біздің елімізге жеткізілетін импорттық өнімнің ақысы бұрынғы қалпында сақталуы тиіс. Десек те…
Таяқтың екі ұшы іспетті көрші елдегі қымбатшылықтың Қазақстанға да қозғау салары анық. Мұнай бағасының өсімі, өндіріс саласындағы қымбатшылық, тасымалдау шығынының артуы – айналып келгенде қарапайым тұтынушының қалтасын қағады. Ал, Кедендік Одақтың құрамындағы елдер арасында тауарлардың еркін қозғалысын ескерер болсақ, көршіміздегі қымбатшылықтың бізге де ойысатынын жоққа шығара алмайсыз. Әсіресе, көрші елмен қоңсылас отырған Қостанай іспетті шеткі аймақтардың қымбатшылықты өзгелерден бірінші сезінері анық.
Отандық сарапшылардың пайымдауынша, жанар-жағар май қымбатшылығы сәуір-мамыр айларында сезілуі тиіс. Дәл осы аралықта елімізде көктемгі егіс науқаны басталады. Соқа, саймандарын сайлап, техникасын майлап отырған шаруалар көктемгі дала жұмысына қажетті жанар-жағар майларын осы бастан қамдауға кіріседі. Қазірдің өзінде еліміздегі көлік біткенді қозғалтуға қажетті жағар майдың 33 % көрші елден тасылады. Көктем шыға қатарға қосылатын ауыр техника жағар май тапшылығын одан әрі сезіндіре түспек.
Дәл қазір Ресей үшін мұнай өнімдерін экспортқа шығарған әлде-қайда тиімді. Олай дейтініміз, ішкі өнімге салынар қосымша құн салығы мен акциздің көтерілуі – өндірушілердің табысын шектейді. Ал, экспортқа шығарылатын өнім таза валюталық табыс әкелмек. Қазірдің өзінде, Ресей Федерациясы өзінің экспорттық мүмкіндігін былтырғы жылмен салыстырғанда 40 % жоғарылатқан. Ресейлік өнімге тәуелділердің қатарында біз де бармыз. Қазақстан тарапынан сұраныс ұлғайған жағдайда, көршіміз қуана-қуана қол ұшын берері анық. Оған тек, қаржыңыз әзір болсын.
Жыл басынан бері Ресейдегі бензин бағасы орташа есеппен алғанда 10,5 теңгеге көтерілді. 1 сәуірден бастап құны көтерілетін акциз – мұнай өнімдерінің бағасын тағы да осыншамаға көтеруі тиіс. Акциз құны көтерілген жағдайда, халықтың сұранысына ие АИ-92 октанды өнім 180 теңгеге дейін жоғарылайды. Ал, АИ-95 маркасын 200 теңгеден төмен бағаға Ресейдің ең арзан деген аймағынан да таппайтын боласыз.
Елбасымыздың бастамасымен шикізатты өңдеуге бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатқанымен, біздегі мұнай өңдеуші кәсіпорындар қазақстандықтарды өз өнімімен толық қамтамасыз етуге әлі де қауқарсыз. Біз, әлі де (33 %) импортқа тәуелдіміз. Сондықтан да, көршіміздің қымбат бензинін сатып алуға мәжбүрміз. Өзімізге онсыз да жетпей жатқан (қосымша құн салығы, акциздік құны анағұрлым арзан) жағар май көршімізге кетпес үшін, бағаны Кедендік Одақ аясында теңестіруге бәрібір тура келмек. (Қанша жерден заңмен шектегенімізбен, нарық өз дегенін жасайды). Ендеше, көтерілетін бағаға көлікке салынар жыл сайынғы салықты енгізген дұрыс шығар?
Мұндай жаңашылдықты мемлекеттік кіріс комитетінің Алматыдағы өкілдері ұсынуда. Жобаны ұсынушылардың пайымдауынша, осы әдіспен көлік салығын санау мен төлеуді жеңілдетуге болады. Жоба жүзеге асырылған жағдайда, бензин бағасы 9-10 теңгеге көтеріледі. Есесіне, жыл сайын салық органдарының есігін торуылдап, қомақты қаржы аударудың қажеті болмайды. Ел аумағындағы қозғалтқышы көлемді көліктердің иелері 300 мың теңгеге дейін салық төлеуге міндетті. Салық – жағар май құнына енгізілсе, қомақты қаржы қалтаға бастпайды. Қарапайым қағидаға сай, көлікті көп тізгіндеп, жағар майды көп жаққандар салықты көптеп төлейді. Ал, бензин қымбатшылығынан көлігін қаңтарып қойғандар тиынын үнемдейді. Жаңашылдықтың тағы бір артықшылығы бар: құны 3-4 бөлмелі пәтерге тең көліктердің иелері темір тұлпарларын көп балалы аналар мен соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандардың атынан шығарып, өз атына құжаттай алады. Бәрібір, салықты көп жүрген төлейді.
Әзірге, бұл жоба ғана. Мемлекеттік кіріс комитетінің қарауына түскен жоба қолдауға ие болса, сәуір айында Парламенттің қарауына жіберілмек.
Жұматай Кәкімжанов