Бағдарлама мерзімі ұзарады
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен Ұлттық банкке 2021 жылға арналған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын ұзартуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.
Жаңартылған бағдарламада бірінші кезеңді іске асыру барысында анықталған кемшіліктерді ескеру қажет.
«Бұл жерде өңірлерге бөлінетін қаражаттарды сапалы әрі тиімді бөлу жөнінде сөз болып отыр. Тікелей мағынасында ақшаны желге ұшыруға немесе «өз» компанияларына келісімшарттарды бөліп беруге жол берілмеуі тиіс. Қаражаттардың бір бөлігін микро несие беруге жұмсауға болады. Үкімет пен Ұлттық банк 1 желтоқсанға дейін нақты ұсыныстар беруі тиіс. Ұлттық палата дағдарысқа қарсы шараларды әзірлеу мен оларды іске асыруда біршама қолдау көрсеткенін атап өткім келеді. Медицина тілімен айтсақ, біз бірлесе отырып проблемаға дұрыс диагноз қойып, емдеудің қажетті шараларын қабылдай алдық», – деді Президент.
Президенттің тапсырмасы бойынша сапалы жаңа реттеушілік жүйе әзірлене бастады. Қолданыстағы барлық бақылау-қадағалау, рұқсат беру және басқа да реттеуші құралдарға үлкен әрі нақты тексерулер жасалады. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының VII съезіне қатысты.