ЕЛДІК ПЕН ЕРЛІК ЖЫРШЫСЫ
XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Дулат Бабатайұлының өзіндік үлкен орны бар. Өйткені, ол өзінің толғау-жырларында көптеген келелі мәселелерді көтеріп, өз заманынының шындығын жеткізе білді. Ол – өлеңдері баспаханадан жеке кітап болып шыққан алғашқы қазақ ақыны. Биылғы жылы «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында Дулат ақынның кітаптары таңдалған. Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының оқу залы бөлімі осы тақырыпта кездесу өткізді.
Іс-шара ақынның шығармашылығы жайында баяндалатын бейнероликпен басталды. Бізге жеткен өлеңдерінде кездесетін кейбір деректерге қарағанда, Дулат ескіше оқыған, сауатты ақын боған. Қазақ өлеңінің өлкесіне бұрынғыдай сырттай топшылап толғау емес, қоғамдағы барлық оқиғаларды өз жүрегінен өткізіп, ішіне еніп, жанымен сезініп, жырлау үлгісін тудырған. Осы төңіректегі тақырыпқа тоқталған танымал ақын Серікбай Оспанов:
– Дулат Бабатайұлы шығармаларында сол кездегі ел ішіндегі берекесіздік, бай-манаптардың ұлтқа жасаған сатқындығы өткір сынға алынды. Оның туындыларынан шымшыма мысқылдарды байқауға болады. Тағы бір айтарым, Зар заман ағымындағы ақындар жайында Ыбырай Алтынсарин де айтады. «Горе киргиз» деген қолжазбасында қазақтардың, Түркістан өлкесі ақындарының зар заман туралы шығармаларына талдау жасайды, – деді.
А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ оқытушысы Шынар Төлегенова Дулат шығармашылығында елеулі орын алатын батырлар жыры үлгісіндегі патриоттық мәні бар «Еспенбет» толғауын сатылай талдап берді.
– Бұл шығарма жетім бала, жас батырдың қалмақтармен соғыста көрсеткен ерлігін сөз қылады. Дастанның бір ерекшелігі, тек батырдың жеке тұлғасы ғана емес, сонымен бірге халық бейнесі қоса суреттеліп отырады. Ақын жорыққа атанған қалың топты табиғаттың жойқын күшіне балап, ерекше шабытпен, әсерлі жырлайды, – деді.
Ал ҚМПИ оқытушысы Гүлмира Сейсенбай Дулат Бабатайұлының мысал өлеңдеріне талдау жасады. Орынсыз мақтаншақтықты, тойымсыздықты әшкерелеп, адамгершілікті, бірлікті уағыздайтынын айтты.
Бүгінге дейін құнын жоғалтпаған бірқатар өлең-жырларын студенттер қауымы оқып берді. Шара соңында акцияға байланысты көрме ұйымдастырылды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суретті түсірген Бағдат Ахметбеков