Ғалымжан ЖҮНІСҰЛЫ, тыл және еңбек ардагері: Арыстар аманатына адалдық

Балалық, жастық шағы аштық, қуғын-сүргін және сұрапыл соғыс жылдарында өткен ұрпақтың бір өкілі  Ғалымжан Жүнісұлы – Аманкелді ауданының зиялы ақсақалдарының бірі. 1937-1938 жылдарда ел ағалары "халық жауы" болып тұтқындалып, айдалып жатқанда Ғалекең 7-8-дерде, ал  сұрапыл соғыс басталғанда 11 жастағы бала екен. Сол жылдарда ол талай ауыртпалықтарды басынан кешіріпті. 4 жыл бойы колхоздың ауыр тірлігіне жегіліп, бейнетті басынан кешіріпті.
Бүгінде Ғалекең 85 жаста. 1930 – Жылқы жылы туған. Астана күні қарсаңында біз ақсақалға арнайы түрде барып, әңгімеге тарттық.
 
5алымжан
– Аға, Астана күні мерекесі құтты болсын!..
– Ия, айтқаның келсін! Бұл күн – біздің халқымыз үшін айтулы мерекенің бірі деп есептеймін. Астананы Алматыдан еліміздің кіндігі Ақмолаға әкеліп орнатқаны үшін біз тұңғыш Президентіміз – Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы інімізге шексіз ризамыз! Осы арқылы ол Ақмоланы Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Астанасы ете білді. Ұлт зиялылары айтып жүргендей, шындығында да Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі! Астанамыздың Сарыарқаның төсіне орнауы – Тәуелсіз Қазақстанды жан-жақты дамытуға жол ашты. Бұл – бірінші жетістік деп білемін. Себебі, Астана қай тараптан алсаңыз да халқымызға өте қолайлы. Мұндай қадамды Нұрсұлтан Әбішұлы секілді ұлы қайраткер ғана жүзеге асыра алады. Егер оның орнында бас-қа біреу болғанда бұлай жасай алмас еді.
Екіншіден, "Қазақ елінің астанасы не Ақмолада, не Атбасарда болуы керек" деген баталы сөзді айтқан адам Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханов атамыз болатын. Нұрсұлтан Әбішұлының көрегендігі сол – ол Алаш арыстарының осы аманатын адалдықпен жүзеге асырды. Бұл үшін де Нұрекеңе қандай алғыс айтсақ та, артық емес!
Астана қазір еліміздің шын мәніндегі жүрегі болып отыр. Айналасы 16 жылдың ішінде Астананың әлемдік деңгейдегі жиындардың өтетін ашық алаңына айналуы да жетістік деп есептеймін. Бұл қаланың келбеті мен сәулеті мүлдем ерекше! Әлемдегі ешбір қалаға ұқсамайды. Оның бойында Батыс пен Шығыс сәулет өнерінің озық үлгілері шебер қабысқан. Астана – әсем қала, көрікті қала! Мұндағы ғимарат-тардың әралуандығы біздің көңілімізден шығады. Осындай Астана жасағанын  Елбасымыздың бір ерлігі деп білемін. Өйткені, мұндай Астана болады деген пікір біздің ойымызда еш-қашан болған жоқ. Ешкім де мұны ойлаған жоқ. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлы қайраткерлігінің жемісі. Ал оның қазақ халқының жеңісі десек дұрыс болар.
– Астана халқымызға не берді деп ойлайсыз?
– Оның беріп жатқаны өте көп. Біріншіден, Астанада халыққа тиімді жоспарлар жасалынып, олар бірінен соң бірі жүзеге асып жатыр. Атап айтсақ: ОВSЕ Саммитінің өтуі, әлемдік дәстүрлі діндер съездерінің тұрақты жұмыс жасауы осының жемісі. Біз шыны керек, Астанада мұндай жиындар өтеді деп те ойлаған жоқпыз ғой. Қазір бүкіл ел біледі. Республикамыз ЭКСПО–2017 Көрмесін өткізуге дайындалып жатыр. Бұл да біздің елімізге көп пайдасы тиетін шара деп ойлаймын. Астанаға қарап еліміздің облыстары мен аудандары бой түзейді.
Мен Астанаға жылына бір-екі рет барып тұрамын. Әр барған сайын оның көркіне қайран қаламын. Астана жылдам өсіп жатқан қала. Ондағы өзгерістер көңіл сүйсіндіреді.
 
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суретте: тыл және еңбек ардагері Ғалымжан ЖҮНІСҰЛЫ ақсақал.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓