“Дала желі” – ұлттық сарын
Қалалық картина галереясында қостанайлық суретші-қолөнер шебері, Қостанай меценаттар клубынының «Шабыт» сыйлығының иегері Арлан Аңқауов пен оның «Arlan Design» студиясы оқушыларының «Дала желі» атты дербес көрмесінің ашылуы өтті.
Арлан Аңқауовтың есімі дарынды суретші-қолөнерші және дизайнер ретінде жақсы таныс. Осыдан бірер жыл бұрын ағайынды төрт жігіт Аңқауовтар дәл осылай алғашқы көрмелерін студияның ашылуында ұйымдастырған болатын. Содан бері бірнеше жыл өтіп, жан-жақты ізденістің арқасында жемісті еңбек етіп келеді. Олардың басты бағыттары – табиғи өнімнен бұйымдар дайындау. Ұлттық нақышта дизайнерлік үлгі жасау.
Қой жүнінен жасалған аппликациялы жаңа технологиямен әзірленген сәндік картиналардан даланың сарыны сезіледі. Арлан өз туындыларында ұлттық сәндік-қолданбалы өнердің ең жақсы дәстүрлерін сақтап, дамытуға тырысқан. Жас суретші этникалық стильде түрлі-түсті киізден 3D әсеріндегі заманауи көлемді картиналарды жасайды. Суретші-қолөнерші А. Аңқауовтың бауырларымен бірге құрған «Arlan Design» авторлық дизайн студиясы интерьерде және кәдесый бұйымдарында этникалық стильді кең пайдаланады. Ол өз шеберлігін балаларға үйретуге көп көңіл бөліп келеді.
Кеш барысында автордың еңбегін жоғары бағалап, сәттілік тілегендердің қатарында суретші М. Рахалиев, студия шәкірттері де болды. Олардың қай қайсысы болмасын кеш иесіне сәттілік пен шығармашылық тіледі.
Арланның осы уақытқа дейін бағындырған белестері баршылық. Үш рет қолөнершілердің «Шебер» республикалық байқауына қатысып, екі дербес көрмесі Астана қаласындағы «Құланшы» қазіргі заман өнерінің галереясында және Бейбітшілік пен Келісім сарайында өткені оның қанатын кеңге жая түскендей. Осы көрмелер оның шығармашылық өмірінде айрықша орын алып, Абу-Дабиде өткен Заид шейхы қорының Халықаралық мәдениет фестиваліне қатысып, көп тәжірибе жинақтап қайтты.
Автордың көрмені “Дала желі” деп атауы да тегін емес. Оның жұмыстары кең байтақ қазақ жерінің еркіндігі мен күш-қуатын бере білген. Ұлан ғайыр далада қазақтың өзіндік дүниетанымы, материалдық және рухани мәдениеті қалыптасқан. Бұл ерекшеліктер қазақ халқының фольклорында, ою-өрнектерінде және тотемдік жануарларында көрініс тапты. Арлан Аңқауовтың көне аңыздар, ертегілер тақырыбындағы картиналарынан дала жусанының иісін, халық әуені мен күмбірлеген домбыраның үнін сезуге болатындай.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА
Мақала жалпы жақсы. Бірақ мына 3D дегеніңіз мүлдем дұрыс емес бұл қол өнер ғой. 3D дегенін не екенін білесіз бе өзіңіз? Мақала жазғасың дұрыс жазбайсыз ба? 3D десеңіз біздің дизайн интерьерлер жобаларымызды макала қылып жазыңыз. Біз дизайн интерьер жобаларын 3D бағдарламамен жасаймыз.