Кәсіпкер тұтқынға алынды
«Сана Агро» ЖШС директоры Ерқоныс Бектабанов жалақы қарызын төлеу туралы прокурордың нұсқамасын орындамағаны үшін жаза ретінде екі тәулікке тұтқынға алынды.Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, ЖШС директоры кәсіпорнының 140 қызметкеріне 2015 жылғы желтоқсаннан бастап 6, 771 млн теңге сомасында жалақы қарызын өтеу бойынша дереу шаралар қабылдасын деген прокурор талабын орындамаған. Бұл ретте Е. Бектабанов «нақты нұсқаманы орындамай, прокуратураға нұсқаманы толық орындағаны туралы ақпар берген» деп атап өтіледі хабарламада.
Қарабалық аудандық сотының қаулысымен ол ҚР «ӘҚБтК» 665-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды және екі тәулікке тұтқындау түрінде әкімшілік жаза тағайындалды.
Азаматтық іс жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы сот қаулысын Бектабанов қарызын өтегеніне қарамастан өзгеріссіз қалдырды.
Қаулы заңды күшіне енді.