Нұр себеле, Ұлыстың Ұлы күні
Наурыз мерекесін Рудный тұрғындары мен қонақтары ерекше сән салтанатпен тойлап өтті.
Әрбір ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі, мәдениеті болғанымен, жыл басы Әз-Наурыз баршаны біріктірген ортақ мерекеге айналды. Кеншілер қаласының көп ұлтты халқы бұл күні бір шаңыраққа топтасып, Ұлыстың Ұлы күнін достық пейілмен қарсы алды. Таңмен таласа қаланың орталық алаңына ағылған жұртшылық ұлттық тағамнан дәм татып, ән мен бидің көрігін қыздырды.
Ұлы даланың ұлық мерекесі әз-Наурызды рудныйлықтар ұлттық дәстүрлерімізді сақтай отырып ұйымдастырды. Орталық алаңда 5 ақшаңқан киіз үй тігіліп, олардың әрқайсысында еліміздің ең елеулі оқиғалары әспеттелді.
Қала мен «ССКӨБ» АҚ басшыларының құттықтауынан кейін жиылған жұрт қазақ халқының өткені, бүгіні мен болашағы туралы театрландырылған көріністер тамашалап, бабалар тарихынан сыр шертетін қойылымдар арқылы бірлігі жарасқан, күш-қуаты тасыған ел ертеңіне куә болды. Наурыз мерекесінің басты нышаны Күн ана мен Жер ананың теңелуімен басталған көрініс желісі тойдың шымылдығын ашты. Дәл осы сәтте қазақтың мамыражай тіршілігін суреттеген көкбайлықтар әсем табиғаттың аясында жүнін иіріп, киізін басқан ақ жаулықты әжелеріміз бен ағаш-темір ұсталарының шебер қолдарынан шыққан қолөнер бұйымдары жұртшылықты құдды бір бабалар заманына сапар шеккендей әсер сыйлады. Көп ұзамай мерекенің басты кейіпкері, әрі сыйлы қонағы Қыдыр ата да сахна төріне көтеріліп, көпшілік қауымды Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, ақ батасын берді. Осылайша, қазақтың салт-дәстүрінен бастау алып, барлық болмыс-бітімін айқындайтын ұлттық құндылықтарымызды, қазақтың қайысты батырларын дәріптеген мерекелік шара «бабалар аңсаған ұрпақтар арманы – Мәңгілік ел» идеясымен қорытындыланды.
Айта кетерлігі, мерекеде 30-дан астам сауда орыны жәрмеңкеге шығып, тәтті тоқаштан бастап тәбетіңді ашатын түрлі тағамдарды сатты. Ал арнайы ұйымдастырылған «Қуаныш-Радость», «Бірлестік-Единение», «Тарихи шежіре-Истоки», «Шұғыла-Воссияние», «Шабыт-Вдохновение», «Игілік-Благополучие», «Үйлесімділік-Гармония» атты интерактивті алаңдар мерекенің мерейін асыра түсті. Мұнда жастар жағы қыз бен жігіт алтыбақан теуіп, жарапазан айтса, жергілікті өнерпаздар сахналық көріністер арқылы жаңа жылдың басталғанын айшықтайды. Қала жұртшылығы жетi түрлi дәмнен жасалған наурыз көжеден де дәм татты. Төс қағыстырып, амандық сұрасты. Алаңға келген қала жұртшылығы мен қонақтар таэквондо, асық және жамбы ату, гір тасын көтеру, қол күрес секілді жарыстарға белсене қатысып, тігілген жүлделерді ұтып алды.«Жыл басы жақсы басталса, аяғы да жақсы болмақ» деген қағиданы берік ұстанған халық мерекелік алаңнан қимай үйлеріне тарқасты. Жасы мен кәрісі әр үйден дәм татып, игі күндерде кездесуді тілек етті.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ