Ұрпағым туған ұлық қала

Астана – әрбір қазақстандықтың жүрегіне қуаныштың нұрын құйып, жарқын келешектің сәулесін себетін айбарлы да айдарлы қала. Бұл жүздеген көңілдерді тулатып, мыңдаған өмірлерді қуаныш пен шаттыққа сүйреген сұлу қала ғана емес, миллиондаған адамның жастығы өткен мекен.
АбдрахмановӨз басым 1983-1986 жылдары сол кездегі Целиноград қаржы-экономикалық техникумында оқыдым. Наурызым сияқты шалғай жатқан мекендегі қорықтың ортасынан үлкен өмірге қадам аттаған не бары 15 жастағы қара сирақ қазақтың баласының бірімін. Асыра айтқандық емес, бүгінгі Астана, сол жылдардағы Целиноград талай армандарды түлеткен, сәні мен салтанаты келіскен, өзіне тән өзгешелігі мен ерекшелігі қалыптасқан қала болатын. Оның көшелерін тазалаған студент шақтың суреттері көз алдыма көнерген альбомьның киелі беттеріндей әлі келеді. Қарап отырсам, Целиноград мен секілді талай жастың талабын ұштап, қанатын ғана қатайтып қойған жоқ, ол Еуразия кіндігіндегі Ұлы дала мәдениетінің күретамырына айналған Қазақ елінің сәулетті де дәулетті Елордасының негізін қалап жатыпты сол жылдарда.
Бүгінде Астанаға ат басын бұрған сайын көз танымастай көркейген қаланы көріп, бір кезде осы жерде өзіңнің жастығың өткенін ерекше ілтипатпен еске алып,  айрықша мақтаныш құшағына шомасың. Теңбіл көктен төмендеген ұшақтың терезесінен көрген көзді еріксіз баурап, жанарыңды жылылығымен іле баурап ала жөнелетін Арқа баурайындағы алып қаланы әр келген сайын жаңаша бір қырынан танып, таң қаласың, таңдай қағасың. Шыны керек, ХХ ғасырдың аяқ шенінде "Қазақстанның астанасы Алматыдан Ақмолаға көшеді" деген сөзді естігенде ел ішінде ерекше бір толқудың, арман қала Алматының айбарын еш елестетуге келмейтін аграрлық облыстың орталығына көшіруге қимастықтың болғаны да рас. Алайда, Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз елдің тұғырлы болашағына деген сындарлы да саңлақ саясатының дұрыстығын ілгері күн озған сайын сезіне бастағанымыз ақиқат.
Жалпы, Астана – ұлы дала өркениетінің және Орта Азиялық һәм әлемдік  сәулет саласына тың серпін алып келген ХХІ ғасыр жобасының көшбасшысына айналған қала. Қазақтың хандық ордадан көтерілгеннен кейінгі Орынбор, уақыт өте келе өрісті даму ағымымен алысқан Ақмешіт, миллиондаған адамның алау арманы мен кәусар сағынышына айналған ару Алматыдан кейінгі Еуразиялық мәдениеттің шыңына көтеріл-гендегі елордамыз Астана Президенттің сұңғыла саясатының арқасында айдай әлемді аузына қаратты. Оның сұлудың шолпысы секілді сың-ғыр қаққан ерке Есілдің жағасына жайғасқан ұлттық археологиялық пішіндегі ұлттық бейнесі және жаһандық дамудағы сәулет саласының ең озық деген үлгілерімен кескінделген келбеті дөңгеленген дүниені жалт қаратты, жер әлемдегі адамзат баласының "бір көрсем" деген арманына айналды. Жыл сайын елімізге ат басын іркетін алуан елдің делегациясы сонау жылдардағы сартапты далада сәулетті де айшықты қала тұрғанын көріп тамсанып жатады. Жоғары мәртебелі қонақтардың өздері геосаяси әрі орта-азиялық мұраттың  ортақ  бір үйлесім тапқан нұсқасы ретінде  Астанаға айрықша ілтипатпен қарайды. Бұл да болса ел үмітін арқалаған Елбасы саясатының, оның түн баласында тыншымай елдің ертеңі үшін сарп еткен есебі жоқ сағаттарының жемісі, қиялының қанатты болып, арманының ақиқатқа айналғанының жемісі.
Жалындаған  жастық шағымның куәсі болған Целиноград, қазіргі Астана менің абзал ата атануымның  куәгері болды. Тамырын тереңге жайған мәуелі бәйтеректей,  әлемдік мәдениет пен ұлы дала қасиетін бойына дарытқан Астанада ұрпағымның жалғасқанына  ерекше разымын. Осындай ордасы көрікті, әсем қалада дүниеге келген жиенім қандай бақытты десеңізші. Астананың  тек менің өміріме сыйлаған қуанышының, жарқын сезім толғанысының бір парасы осы. Ал осында  саялы  бақтарын жайып өмір сүріп жатқан ардақты ақсақалдан тәй-тәй басқан бүлдіршіндерге дейін арайлап атқан әр таңмен сыйлап жатқан бақыты қаншама!
Ал мен үшін, жалынды жастығымның ескірмейтін естелігіне, бүгінде ұрпағымның тамырын жайған келбетті  мекеніне  айналған айбынды қала – Астананың әр атқан таңы, әрбір жел сүйген қайыңы мен күн құшқан көшесі қымбат.
       Ербол ӘБДІРАХМАНОВ,
Қостанай облыстық әділет департаментінің басшысы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓