«Қостанай таңының» жүлдесін жеңіп алды
Тобыл өңірінде ұлттық спорт ойындары ерекше қарқынмен дамып келеді. Облыста ат спорты, тоғызқұмалақ, асық ату, жамбы ату, қазақ күресі сияқты халқымыздың ежелден келе жатқан ойындарына қызығушылықтар басым. Әсіресе, қазақ күресінің аяқ алысы көңіл қуантады.
Бүгінде облыс палуандары ел ішінде, әрісі халықаралық деңгейдегі түрлі байрақты бәсекелерде топ жарып жүр. Оның үстіне соңғы бес жылда ұдайы ұйымдастырылып келе жатқан «Қазақ барысы» жарысы балғын бозкілем шеберлерінің көптеп өсуіне түрткі болғаны рас.Күні кешелері Қостанай Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин есімін иеленген дарынды балаларға арналған мектеп-гимназиясында қазақ күресінен Ұлы ағартушының 175 жылдығы мен Әз-Наурыз мерекесіне арналған дәстүрлі турнир болып өтті. 1998-1999,2000-2001 жылы туған жасөспірімдерді қамтыған облыстық чемпионат биыл осымен сегізінші рет өткізілді. Оны осы білім ошағындағы дене дәрбиесі пәнінің мұғалімі, танымал бапкер Сәлім Атығаев ұйымдастырды.
Жарысқа Қостанай, Арқалық қалаларымен қатар Жанкелдин, Сарыкөл, Меңдіқара, Таран, Әулиекөл,Қостанай аудандарының палуандары, сондай-ақ, облыс орталығындағы «Арлан», «Еуразия» тәрізді спорт клубтарынан барлығы 100-ден астам бозкілем шеберлері қатысты. Барлығы он екі салмақ дәрежесінде белдескен жігіттердің арасында бір осалы жоқ. Шетінен мықты жігіттер!
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған белгілі жаттықтырушы, спорт ардагері Олжабай Сәрсенбаев, Бейсенбай Әубәкіровтер сөз алып, Қостанай жерінде Ұлттық спорттың жақсы дамып келе жатқанын тілге тиек етті. Жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Осындай жылы лебізді турнирге Бас демеуші болған облыстық «Қостанай таңы» газетінің ұжымы мен халықаралық «INFINITE GROUP» компаниясының өкілі білдірді.
Салтанатты шара аяқталысымен палуандар іле кілемге шығып, турнир көрігін одан әрі қыздырды. Жарысқа қатысушылар арасында қазақ күресі мен самбодан бірнеше мәрте республикалық, халықаралық жарыстардың жеңімпазы болған марқұм Берік Әбілақасовтың ұлы Батырханды да көзіміз шалды. Әке жолын қуып, күресті таңдаған оның болашақта мықты палуан боларына күмән жоқ. Бұл жолы да Батырхан Әбілақасов қарсыластарына дес бермеді. Тек, ол 81 келіден жоғары салмақта екінші орынды қанағат тұтты.
Сонымен, 46 келіде сынға түскендер арасында жанкелдиндік Бейбарыс Нұрболат турнир чемпионы атанса, 51 келіде кілемге шыққан «Арлан» спорт клубының өкілі Ерсұлтан Игінес қарсылас шыдатқан жоқ. 57 келіде «Еуразия» спорт клубының палуаны Ербатыр Әлжан жеңіс тұғырына көтерілді. 64 келіде қостанайлық Ақан Бақытжанның бағы жанды. 72 келі салмақта жанкелдиндік Думан Қапсұлтан озық шықса, 81 келіде Аян Махмұтқа тең келер қарсылас табылмады. Ал, әлгінде айтқан +81 келіде арқалықтық Асылжан Дүйсенбек бірінші орынды жеңіп алды. «Түйе палуандық» бәсекеде Жанкелдин ауданының атынан шыққан Асылжан Дүйсенбек қарсыласы, арқалықтық Орман Иляшевті жеңді. Сөйтіп, «Қостанай таңы» тіккен бас жүлдені қанжығасына бөктерді.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.