Бірлескен меморандумға қол қойылды
Наурыз мейрамының қарсаңында Қостанай облысы әкімдігі мен «Варваринское» АҚ өзара әлеуметтік әріптестік жағдайында меморандумға қол қойды.
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов пен аталған кәсіпорынның бас директоры Симон Александр қол қойған құжатта 136,5 млн. теңгенің бірнеше әлеуметтік жобалары жүзеге аспақ.
Бұл қаржының дені, нақтырақ айтсақ, 123 млн. теңге балалар футболының дамуына және 5 млн. теңге «Лисаков техникалық колледжі» МҚКК оқу-материалдық базасының жаңартылуына жұмсалмақ.
Облыс әкімі Архимед Бегежанұлы меморандум кезінде «Варваринское» АҚ-ның одан әрі дамуына және алға қойған мақсаттарына тоқталды.
Қазірдің өзінде кәсіпорын басшылығымен темірді қайта өндіруде бірлескен аймақтық жоба құрылады деп күтілуде.
– Біз Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облысы кәсіпорындарымен келіссөздер жүргізіп, болашақта осы игі ойымызды іске асырмақ ниеттеміз. Сонда ғана тауар өнімділігі артып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы одан әрі жақсара түседі. Бүгінгі қысылтаяң шақта кейбір өзекті мәселелердің шешілуі облыс әкімдігімен бірлескен кәсіпорындардың да жағдайын бір қалыпқа түсіретіні сөзсіз,– деді өңір басшысы.
Соңғы бес жылдың ішінде (2011-2015 жж.) облыс әкімдігімен бірлескен меморандум негізінде «Варваринское» АҚ әлеуметтік жобаларға 564,9 млн. теңгенің қаржысын бөлген. Алдағы уақытта да бұл өзара әріптестік жалғаса бермек.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ