Ұлттық киімде қызмет көрсетті
Мекенжай анықтамасын алу үшін арнайы Жанкелдин аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына барғанымда бөлім басшысы Арнұр Кенжеғариннің бастамасымен Ұлыстың ұлы күні мерекесі қарсаңында жергілікті және ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл-күйін сыйлау үшін бөлім қызметкерлері ұлттық киімдер киіп, ізгіліктің жолымен ілтипат көрсетіп, қызмет жасап жатыр екен. Әдейілеп келгесін, аудандық, облыстық газет беттеріне тың жаңалық болсын деген ниетпен, жеке басына қажетті құжат қағаздарын дайындап жүрген Аралбай ауылының тұрғыны Сайлаубек Иманғалиевпен тілдескенімізде бөлім қызметкерлері келген адамдарға кіші пейілділік танытып, кейбір құжаттарды қалай толтырып, көшірілетіндігін байыппен түсіндіретіндігі жанына жаққандығын айтты. Ризашылығын білдіріп, мерекемен құттықтап, ағалық ақ батасын берді. Сыртқы есіктен шығып бара жатып, басқа да мекемелер әр мерекеге сай киініп, дәл осылай қызмет жасаса нұр үстіне нұр болар ма еді деген тілегін бөлісті.
-Мақсатымыз ұлттық нақыштағы киім киіп, халықтың көзіне түсу емес. Ең басты қағидамыз – сапалы қызмет көрсету. Наурыз мейрамы – қазақтың жаңа жылы. Сондықтан, жылына бір келетін мерекеде келген кісілерге ізгілік таныту – біздің міндетіміз. Алдағы уақытта да, Сайлаубек ағамыз айтқандай, даталы мерекелерге сай киініп, қызмет жасаймыз, – дейді бөлім басшысы Арнұр Асқарбекұлы.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы.