Елордаға күнде сүйсінеміз
Тоқсаныншы жылдардың ортасында Елбасымыз ешкім күтпеген жерден оңтүстікте орналасқан Алматы қаласынан республикамыздың қақ ортасына астананы ауыстыру туралы шешім қабылдаған еді. Сөйтіп 1998 жылы Қазақстанның жаңа елордасы Астананың тұсауы кесілді. Ерке Есіл жағасында бой көтерген Астанамыздың күннен-күнге гүлденіп, өсіп-өркендеп, небәрі бір жылдың ішінде, дәлірек айтсақ 1999 жылдың шілдесінде ЮНЕСКО-ның "Бейбітшілік қаласы" сыйлығына ие болғаны да есімізде.
Он алты жылдың ішінде елордамыз мүлде адам танымастай күйге енді. Астанаға қоныс аударған бес жылдың ішінде байқағаным, бүгіндері елордамыз "Хан шатыры", "Орталық концерт залы", отыз мың адамдық "Астана-арена" стадионы, Астана циркі, "Мега", "Сарыарқа", "Азия паркі", "Аружан", "Ажар" т.б. сауда, ойын-сауық орындары бар орталыққа ғана емес, сонымен қатар үлкен рухани ордаға айналып бара жатқандығы да мені ерекше қуантады. Дүниежүзі бойынша өзінің көлемі мен ғажайып архитектуралық сән-салтанатымен үшінші орынды иеленіп отырған опера және балет театры да бүгіндері көрермендерінің көзайым өнер ордасына айналып үлгерді.
Мен Астанадағы тұңғыш, Қазақстандағы байырғы, елу жеті жыл тарихы бар С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде осында қоныс аударғаннан бері қызмет атқарып жатырмын. Бір байқағаным, мұндағы жоғары оқу орындарында білім алып жат-қан жастардың да рухани талаптарын қанағаттандыруы үшін мүмкіндіктері анағұрлым мол екен. Астанада ақындар да, жазушылар да, әртістер де, спортшылар да, мемлекет, қоғам қайраткерлері де жетерлік. Міне, солардың бәрімен біздің студент-тер де жиі-жиі кездесіп тұрады. Сөз жоқ, студент жастардың ой-өрістерінің кеңейе түсуіне осындай кездесулердің, пікір алмасудың пайдасы ерекше зор.
Құдайға шүкір, еліміз егемендігін алып, әлем елдерімен терезесі тең болды. Әсем де сұлу жас астанамыз көркейіп, әлемдегі сұлу астаналардың қатарынан орын алды. "ЭКСПО-2017" көрмесінің де Астана халқына берері мол екендігін қазірдің өзінде көріп, сүйсініп жүрміз, тәубешілік айтып жүрміз. Міне, осындай жетістіктерге жетуіміз Елбасымыздың еңбегінің арқасы деп ойлаймын. Астананың көркем келбеті, әлемдегі рөлі, ел өміріндегі орны туралы жалықпай айта да, жаза да беруге болады. Алдағы уақытта да алашымыздың Астанасы асқақтай берсе екен дейміз!
Құттыбай АХМЕТОВ,
Астана қаласының тұрғыны.