Аманкелділіктер ұйымшылдық көрсетті
Әлденеше күннен бері түнеріп, бірде қар, бірде жаңбыр жауып, еңсені басқан көктемнің бұлтты күндері 20 наурыз күні шайдай ашылып, күн шығып, дүние кеңейіп кеткендей күй кешті. Аманкелді ауданының халқы осы күні әдеттегіден ерте тұрып, сайлау учаскелеріне қарай ағылды. Аудан аспанын ұлттық музыка әуені тербеп тұрды. Үп еткен жел жоқ. Жер қарайып, кебе бастаған. Адамдар көше бойлап, мәз-мәйрам болып келе жатыр. Солардың бірі – еңбек ардагері Қуаныш Төлебайұлы Исмағұлов ақсақал. Оның жанындағы құрдасы Амангелді Оспанов ақсақал қалжыңдап қояды.
-Мына Қуаныш маған телефон шалып, "жүр, дауыс берейік" деді. Сосын дауыс беруге жиналдым. Міне, енді екеуміздің бірге келе жатқанымызды көріп тұрсыңдар ғой. Сайлау деген – үлкен саяси науқан. Одан қалыс қалуға болмайды. Біз өзіміздің таңдауымызды жасап, елге еңбегі сіңген, аузы дуалы, сөзі уәлі адамдарды депутат етіп сайлауымыз керек. Мен, жалпы, Аманкелді ауданының халқы лайықты таңдау жасайды деп есептеймін. Өйткені біздің аудан халқы Тәуелсіз еліміздің барлық сайлауларында өздерінің лайықты таңдауларын жасады! – дейді Аманкелді ақсақалы.
Селодағы А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Т.Бодамбаев, М.Маметова, Д.Божманов, Ә.Дүйсенбин, Торғай көшелерінің бойларында да адамдар иін тіресіп, сайлау учаскелеріне қарай келе жатыр. Олардың жарасымды әзілдерін, көңілді күлкілерін көріп, біз де риза болып қалдық.
Аудан орталығындағы қарт сайлаушылардың бірі Қозы Сейдахметов ақсақал әдеттегісінен де ширақ қалыпта емпелеңдеп Т.Бодамбаев көшесін бойлап келе жатыр екен. Арнайы бұрылып келіп сәлем бердік.
-Е, қарақтарым, сайлау құтты болсын! Бұл – еліміздің келешегі үшін таңдау жасайтын сайлау ғой. Ауданымызда сайлауға байланысты үгіт-насихат жұмыстары жақсы жүрді. Мысалы, аудандық мәслихаттың депутаттығына бір орынға үш адамнан ұсынылуы – алғаш рет болып отырған жағдай. Бұрын біздің ауданымызда бір орынға екі адам ғана үміткер болып түсетін. Ал мынау бір орынға үш адамнан түскен деген тіпті қызық екен. Үміткерлер халықпен кездесіп, өздерінің бағдарламаларын ұсынып, сайлаушылардың лайықты таңдау жасауларына ықпал етті. Біз, қарт сайлаушылар үміткерлердің бәрінің бағдарламаларын саралап, таразыға тарттық. Науқан өте қызықты өтті. Әрине, мен де өз таңдауымды жасап келіп отырмын. Қазір дауысымды беріп, елімнің болашағы үшін өзімнің таңдауымды жасаймын. Қазақстанымыз өсіп-өркендеп, әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына тезірек қосылсын! Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының дана саясаты халықтың көңілінен шығып, елді зор табыстарға бастауда. Сайлау әрқашан болып тұруы керек. Менің ойымша ауылдық округ әкімдеріне де сайлау өткізген жөн. Сонда халықтың Отанына, халқына деген жауапкершілігі мен сүйіспеншілігі артады. Өз басым сайлауды аса маңызды науқан деп есептеймін! – деді Қозы ақсақал.
М.Дулатов көшесімен келе жатқанымызда тағы да бір топ кісілерге жолықтық. Солардың бірі – Бейсенғали Мірқалиұлы ақсақал. Байырғы ұстаз Бейсекең әдеттегісінен ширақ көрінді. Құлағы мүлде естімейтін бұл кісінің ермегі – газет-журналдар мен кітаптар. Ол аудандық газет бетінен аудандық, облыстық мәслихаттарға депутаттыққа үміткер болып түскен адамдардың өмірбаяндары мен бағдарламаларын мұқият оқып шыққан екен. Ол да:
– Аудандық және облыстық мәслихаттардың депутаттығына бір орынға үш адамның түскенін көріп, қайран қалдым. Бұрын бізде мұндай болмаған еді ғой. Ал бір орынға үш адамның түсуі сайлаудың өте тартысты өтетінін байқатады деп есептеймін. Сайлау болғасын осылай болуы керек. Халық өзінің таңдауын жасауына мүмкіндік беру керек қой. Мен барлық үміткерлердің өмірбаяндары мен бағдарламаларын мұқият оқып шықтым. Сол сияқты, сайлауға түсіп отырған барлық 6 партияның да бағдарламаларымен баспасөз арқылы таныстым. Өз таңдауымды жасап қойдым. Қазір дауысымды беремін, – деді.
Біз аудан орталығындағы №216, №228, №230 сайлау участоктарында болып, халықтың дауыс берулеріне куә болдық. Аманкелділіктер жылдағыдан да белсенділік көрсеткенін көрдік. Сағат 12-нің шамасында сайлау учаскелерінің мүшелері адамдардың дені дауыс берді, – деді.
Біз №228 сайлау учаскесі орналасқан Б.Қолдасбаев орта мектебіне барғанымызда Алматы қаласындағы Техникалық Университетте оқитын Нұрбаян Серікбаева деген студент дауыс беруге бюллетеньдер алып жатты. Ол алғаш дауыс берушінің бірі екен.
-Мен өз таңдауымды жасадым. Барлық мәслихаттардың және партиялардың бағдарламаларымен танысып шықтым, – деді.
Нұрбаян Мәлікаждарқызы Серікбаеваға алғашқы жас сайлаушы ретінде сайлау учаскесінің төрайымы Жұлдызай Бақытбекқызы Сейілова сыйлық тапсырды. Нұрбаян өзіне көрсетілген құрмет үшін оған алғыс айтып, ауданымыз бойынша мәслихаттар мен мәжіліс сайлауының жақсы өтуіне тілектестігін білдірді.
Осылайша, батыр атындағы аудан сайлаушылары өздерінің лайықты таңдауларын жасауда. Нәтиже дауыс беру аяқталғанда белгілі болады.
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Жарайсындар торғай жері.халқым туган жерім тыныш болып көркие берсін.