Жарқырап жайнай берші, сен Астанам!

Сарыарқа төсіндегі қаланың қызу тіршілігіне ілесіп келе жат-қаныма да бес жыл болыпты. Астананың үскірік аязына, толастамас жаңбырына, аптап ыстығына үйреніп, бауыр басып кеттім. Аз уақыттың ішінде Астана гүлденіп, шетелдік шаһарлардан кем түспейтін қалаға айналды. Бас қалада бір ай болмасаңыз кәдімгідей жатырқап қаласыз. Себебі, Астана ертегідегі Ертөстік батырдай ай санап емес күн санап өзгеріп, түрленіп отырады.
Астанаға республикамыздың түпкір-түпкірінен және көршілес мемлекеттерден қандастарымыз ағылуда. Олардың бірі оқу, енді бірі жұмыс іздеп келген жастар. Бас қалаға бастаған көштің нәтижесінде қаланың көлемі кеңейіп, халық саны артқан. Жан-жақтан жиналған отандастардың арқасында Астананың қытымыр қысы жұмсарғандай көрінеді.
Мен Елордадағы оқу ордасынан білім алғаныма мақтанамын. Себебі Астанада оқу екінің біріне бұйрмас бақ. Биыл университетті тәмамдап, ветеринария мамандығы бойынша диплом алдым. Алдағы міндет – мамандығым бойынша жұмысқа орналасу. Бес жыл бойы бас қалаға бауыр басып қалғандықтан, қызмет жолымды да осы жерден бастасам деймін.
Гүлбейне ӘМЗИНА,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің түлегі