Жас мамандарды қолдау жалғаса береді
Бүгінгі күннің көкейтесті әлеуметтік мәселесі – азаматтарды жұмысқа орналастыру. Әсіресе, бұл оқу орындарын жаңа бітіріп, еңбек жолын енді ғана бастағалы отырған жас мамандарға қатысты. Олардың өмірлік тәжірибелері әлі де жеткіліксіз. Сондықтан оларды қолдау мақсатында Үкімет "Жастар тәжірибесі" бағдарламаларын жасап, жүйеге қосты. Қазіргі уақытта бұл бағдарлама бойынша Лисаков қаласындағы түрлі деңгейдегі мекемелерде өз қабілеттерін көтеріп, жұмыс істеп жатқан жас мамандар саны жетерлік.
Сөйтіп, еліміз жастарға қолайлы мүмкіндік туғызып, өз күштерін сынауға жол ашып берді. Бұл бір жағынан жастардың теориялық білімдерін тәжірибемен ұш-тастыру біліктілігіне деген сынақ. – Былтыр мен де қолыма дипломымды алып, құрдастарым қатарлы құжаттарымды өткізіп, өз мамандығым бойынша "Жастар тәжірибесі" бағдарламасымен жұмысқа тұрдым. Осы бағдарламаның арқасында алғашқы еңбек жолымды да бастап кеттім. Еңбек етемін деген жастарға әрдайым жол ашық екеніне куә болдым, – дейді Данагүл Мырзаболатова. Данагүл былтыр Рудный қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы әлеуметтік-гуманитарлық колледжін бітіріп, өзінің бала күнгі арманы полиция қызметкері болуды көздеп, жоғары оқу орнына оқуға түсті. Өз ойын іске асыру үшін мемлекет бағдарламасын тиімді пайдалана отырып, қалалық ішкі істер бөліміне заңгер-іс қағаздарын жүргізу маманы болып жұмысқа тұрды. Ал, Александр Жадан болса, бұл бағдарламаны жасағандарға алғысының ұшан-теңіз екендігін білдірді: – Мемлекеттік бағдарламаның арқасында мен өзімнің арманыма қол жеткізгендей болып жүрмін. Бар күшімді сенім артқан адамдардың үдесінен шығу үшін жұмсауға тырысамын. 2013 жылы Челябі мемлекеттік университетінің Қостанайдағы филиалының заңгер мамандығы бойынша бітірген едім. Алғашқыда жұмыс іздеп біраз қиналдым. Жолдастарымнан осындай бағдарламаның бар екенін естіп, жұмыспен қамту орталығына келдім. Маған "Общежитие" ЖШС заңгер қызметіне әлеуметтік жұмыс орнын ұсынды. Қазір білмегенімді үйреніп, құжаттармен тәп-тәуір жұмыс істеуді меңгеріп қалдым. Ең бастысы, бұл – өмірлік тәжірибеме үлкен көмек болмақ, – дейді ол.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ