Көрме Қазақстанның әлеуетін арттырады
Еліміз Тәуелсіздігін алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды. Осы қысқа ғана уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білді. Жаһандық мәселелер талқыға түскен ЕҚЫҰ-ның саммиті, Астана экономикалық форумы, Дүниежүзілік ислам экономикалық форумы жас мемлекетіміздің абыройын асқақтатып, даму бағытын айқындап берді. Осындай келелі істердің жалғасы ретінде Қазақстан 2017 жылы 166 жылдық тарихы бар "ЭКСПО – 2017" көрмесін өткізуге дайындық басталып кетті.
Марияш ҚАДЫРАЛИНОВА,
Қостанай әлеуметтік білім колледжінің директоры:
– Жаһандық жаңалықтар мен озық технология-ларды паш етіп, әлемдік ауқымда болатын "ЭКСПО – 2017" халықаралық көрмесінің бас қаламыз – Астанада өтетіндігін естігенде "ақ түйенің қарны жарылғандай" қуандық. Бүкіл әлемдік көрмені өткізу кезінде бірінші кезекте қаланың сәулет-құрылыс өнеркәсібі дамиды, қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары ашылады. Жасыратыны жоқ, бүгінде елімізде баламалы көздерден қуат алу мәселесі әлі де болса шешілмеген. Ал әлем дамудың жаңа, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз жолдарын қажетсінеді. Міне, сондықтан да Қазақстан "Жасыл экономикаға" бет бұрды. Егер "ЭКСПО"-ны өткізудің сәті түссе, осы бір қордаланған мәселелер шешімін табады деп сенеміз. Миллиондарды толғандыратын болашақ энергиясы тақырыбын талқылау адамзат тарихындағы кең ауқымды пікірталастардың бірі болып қалмақ.
Айнұр ПАНИЯЗ,
Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушысы:
– Астана – еліміздің бренді. Көрікті қаланың жақсы жағынан көрсету біздің еліміз үшін маңызды. "ЭКСПО – 2017"-нің біздің елімізде өтетініне өте қуаныштымын. Бұл біздің жас мамандардың, ғалымдардың және фрилансерлердің өздерін танытуға мүмкіндік береді. Астана экологиялық және технологиялық жағынан дамып, көркем бола бастайды. Тек елдің басқа өңірлері елеусіз қалмау үшін барлық қалалармен және облыстармен де тысқары қалмайтыны белгілі. Қазақстанның әрбір тұрғыны "ЭКСПО" туралы жаңалық тыңдап қана қоймай, қанша шалғай болса да, осынау игіліктің іске өз үлесін қосатын болады. Біздің оқу орнында өткен жылдан бастап туризм факультетінің студенттеріне әлемдік көрме туралы айтылып, оның елімізді әлемге танытуда үлесі туралы насихат жұмыстарын жүргізудеміз.
Ибрагим АҒЫТАЕВ,
Ахметтанушы:
– "ЭКСПО – 2017" халықаралық көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан әлемдік қауымдастыққа "Болашақ энергиясы" тақырыбын ұсынғаны белгілі. Қалай дегенде де, "ЭКСПО" сияқты халықаралық көрмелерге қатысу қай елдің болса да әлеуетін дүниежүзіне паш етуге берілген тамаша мүмкіндік деуге болады. Оның үстіне, әлем алдында өзіңнің даму деңгейіңді іс жүзінде дәлелдей отырып, шараны жоғары жауапкершілікпен өткізу – өте зор құрмет. Өйткені, елдерді достастыру, ауызбірлікке шақыру, инфрақұрылымдарды лайықты деңгейде дамыту – жоғары дәрежеде өтетін кез келген іс-шараның мақтанышы.
Бұл көрме бүкіл әлемдік қоғамдастықтың және оны тамашалаушы миллиондаған адамның назарын өзіне аударатын ірі оқиға болып саналады. Сонымен қатар, "ЭКСПО" көрмесі экономикалық, әлеуметтік, мәдени дамудың жаңа үрдістерін қалыптастыру алаңына айналмақ.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ