Жастар белсенді дауыс беруде
Қостанай қаласындағы №1 сайлау учаскесі ҚМУ-де орналасқан. Оған әл-Фараби, Таран, Баймағамбетов, Гоголь көшесінің тұрғындары, сонымен қатар, университет жатақханасының студенттері дауыс беруде.
-Осы сайлау учаскесіне бас-аяғы 1533 адам тіркелген. Таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс беру басталды. Бірақ, дауыс берушілер белсенділік танытып, аяқтауға жақын қалдық. Қазірдің өзінде 700-ге жуық адам дауыс берді. Екінші ауысымда жұмыс істейтін, басқа да түрлі шаруларымен кешігіп келетін адамдар бар. Сол себепті, кешкі сағат 20.00-ге дейін жұмыс істейтін боламыз,- дейді №1 сайлау учаскесінің төрағасы Мейрамбек Тастанов.
Мәслихат депутаттарының мерзімінен бұрын сайлауына Қостанай жастары көптеп келуде. Ел болашағына аз да болса өз үлесін қосып, алғаш рет дауыс беріп тұрған студенттердің ойын да білдік.
-Мен сайлауға бірінші рет қатысып отырмын. Мен үшін бұл – маңызды әрекет. Себебі, біз таңдаған партия келешекте елімізді өрге сүйреуі тиіс. Сондықтан, мәселеге жауапты қарап, дұрыс таңдау жасай білу қажет деп ойлаймын. Өзім де болашақта саясаткер болғым келеді. Араманыма жету үшін мемлекеттік маңызы бар жұмысқа салғырт қарағым келмейді. Қазақстандықтар өздерінің саяси сауаттылығын осындай сайлауға белсене қатысып көрсетуі қажет. Өйткені, бізге қазір әлем көз тігіп қарап отыр.
-Сайлауға екінші рет қатысып отырмын. Бұл мемлекеттің қандай да бір саяси жүрісі шығар. Алда алапат дағдарыс келе жатыр деп естимін. Соған орай жаңа, білікті де білімді ел ағалары керек. Осы сайлау сол себепті де мерзімінен бұрын өткізіліп отыр деп ойлаймын. Ал мен өз таңдауымды жасадым. Меніңше, ел болашағын ойлаған әр азамат өз дауысын беру керек. Өйткені, біз ортақ үйіміз, отанымыздың келешегін айқындап отырмыз.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор