Астықтың сәті Алладан!
Көптен бері егістік алқаптарға түйір тамшы тамған жоқ. Бұл жыл он екі ай бойы жер емген диқандарды қатты алаңдатып отыр. Биыл-ғы күн райының егінге қолайсыздығы жөнінде облыс әкімі Нұралы Садуақасов та айтты.

Кейбір өңірлерде өткінші жаңбыр жауғанмен, егінжайға одан келер пайда болмай тұр. Мәселен, Меңдіқара ауданындағы "Береке-Таң", "Дархан-Жер" ЖШС алқаптарына да 100 күннен бері жаңбыр тимепті.
– Биыл біз барлығы 7000 мың гектарға егін ектік. Оның 1200 гектары күнбағыс,зығыр тәрізді майлы дақылдардың еншісінде. Көктемгі дала жұмыстарын 31 мамырда аяқтағанбыз.Жас өскін көктеп шыққанымен, әрі қарай өсіп кете алмай тұр. Жаңбыр әр жерден бір бүркіп өткенімен, оған әбден шөліркеген алқаптардың мейірі қанар емес, – дейді серіктестік директоры Оралхан Таңжарықов.
Кәнігі маманның пікіріне сүйенсек, күндізгі аптап ыстық, түнгі мезгілдегі салқын жас өскіндердің бой көтеруіне кедергісін келтіріп тұрған көрінеді. Егіннің емін-еркін өсуіне бір қалыпты температура қажет. Оның үстіне диқандар сәуір айынан бері далаға жаңбыр жаумағанын айтады. Бұлай жалғаса берсе, құрғақшылықтың азабын тартамыз ба деген қауіптерін жасырмайды шаруа баққан жандар. Олар енді тек табиғаттан ғана медет тілейді.
Әлібек ЫБЫРАЙ