Айыппұл тұрағы тәртіпке келтірілсе…
Өңіріміздің аудандары мен қалаларында жүк көліктерін тоғытатын арнайы айыппұл тұрақтары жоқ. Тек облыс орталығындағы Узкая Колея көшесі бойында орналасқан жалғыз тұрақтың жағдайы мәз емес. Жол ережесін бұзған және жүк көлемін шамадан тыс артқан ауыр машиналарды айып тұрағына жеткізудің өзі үлкен кедергілерге тап болуда. Әсіресе, өңірді көктем мен күзде су басқан кезде онда баратын жер жол ойылып, үлкенді-кішілі көліктердің өтуі қиындайды. Қостанай облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының өткен жылғы атқарылған жұмыстарын қорытыңдылап, алдағы негізгі жоспарымен таныстыруға келген мекеме басшысы А.Қайырғалиев осындай мәселе көтерді:
– Осы түйткілді шешу үшін көпір бойынан айып тұрағына дейінгі жолға қиыршық тас төсеу қажет. Және жүк көліктері кіріп-шығатын қосымша жол салынса дейміз. Сонымен қатар, облысымызда, соның ішінде Қостанай қаласы маңында ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін арнайы тегіс таразы жоқ. Мұндай құрылғы жол қозғалысының қауіпсіздігі үшін аса маңызды.
Бүгінгі таңда инспекция мемлекеттік саланың 19 түрі бойынша қызмет көрсетеді. Тек былтырғы жылы 2425 қызмет көрсетілген болса, оның 37% халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылыпты.
Былтырғы жылы инспекция мамандары Қазақстан аумағынан өткен көліктерден 105,7 млн. теңге өндіріп, 500-ден астам көлік заңнамасының бұзылу дерегін анықтаған. Соның нәтижесінде бюджет есебі 75,2 млн. теңгемен толығыпты. А.Қайырғалиев сондай-ақ, аймақтың көліктік бақылау бекеттерінде шамадан тыс жүк алып жүру фактілері бойынша 224 әкімшілік құқық бұзу анықталған деді. Олардың барлығына 41 млн. теңге айыппұл салынса, көліктердің жүріп өткені үшін 10 млн. теңге өндіріліп алыныпты.
Облыс әкімі А.Мұхамбетов айыппұл тұрағына баратын жолды ретке келтіру мен Қостанай қаласы аумағына ауыр жүк көліктерінің салмағын өлшейтін арнайы таразы орнату мәселелерін қарастырамыз деді. Өңір жетекшісі өз кезегінде инспекция басшысына алдағы уақытта көліктік бақылау бекеттерін айналып өтіп кететін көліктерге қатысты былықтарды тәртіпке салуды тапсырды.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ