ОЙТАЛҚЫ

Бір күні  қала мектебінің жоғарғы сыныптарына  сабақ беретін тарихшы-мұғалім оқушылардың пікірсайыс клубының басқосуына ертіп апарды. Кілең өндірдей балауса жастар.  Бір-біріне қарама-қарсы шартты екі топқа  бөлініп алып, пікірталастыра жөнелді. Бала дейтін де емес, сөздері түйеден түскендей екен.
– Мынаны мойындайықшы, біз – өркениеттен кешіккен ұлтпыз.  Бес ғасыр кеш қалдық. Ата-бабаларымыз сан  ғасыр бойы қасық қаны қалғанша соғысумен, жаугершілікпен, өз ішінде дау-жанжалмен  өтті. "Хандары да, халқы да ғылым, өнерді керек қылмаған. Бірімен-бірі жауласып, басқа берекелі жұмыс ойланбаған. Өзге жұрттар ілгері басқанда, қазақ кері басқан" – деп жазды Ахаң (Байтұрсынов). Батысшылдар көшпелі халықты  "тарихи дамудан тысқары қалған қауым" деп те бағалаған. Ащы болса да осында шындықтың ұшқыны бар.
– Тұра тұр, асықпа. Ата-бабамыз соғысса – ұлан-ғайыр жерге, жоралы елге ие болдық! Бүгінде жер көлемі  жағынан  жаһандағы  мұқым  елдің   қатарында  9  орындамыз.  Тілі  бар,  түрі  бар ұлтпыз. Жер жүзі мойындаған, көп елмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан дербес, тәуелсіз мемлекетпіз.
– Дұрыс-ақ. Ықылым кезден-ақ ел болып, ірге көтердік демесек,  отырықшылыққа көшпедік, қала тұрғызбадық… Зауыт-фабрика салмадық, машина-трактор, құрал-жабдық жасамадық. Ахаңның "ғылым-өнерді керек қылмадық" деп ашынатыны сондықтан болар. Қарасаңыз, дүние жүзіндегі өркениетті мемлекеттердің дені ерте бастан-ақ отырықшы болған. Сөйтіп өскен-өнген, дамыған. Адам баласына өмір сүрудің керек-жарағының денін жасап шығарған солар. Атом қаруы да солардың қолында. Қазір күші де, мысы да басым елдер солар.
– Керісінше, сайын далада емін-еркін  ғұмыр кешкен ұлтымыз – кең пейілді, ақ жарқын адами қасиетті, салт-дәстүрлі, әдет-ғұрпты, ғажайып ән-күйлі, рухани жағынан қазыналы жұрт.
– Көшпеліліктің ұлтқа тигізген зардабы: жан сақтау, өмір сүру кілтін төрт түлік малдан ғана тапқан. Табиғаттың  оңай әрі дайын  дүниесіне әбден үйренген, бейімделген халықпыз.  Бар болғаны сол, басқаны қажетсінбеген. Сондықтан да амандасқанда алдымен "мал-жан аман ба?" дейміз.  Техникалық прогрестен аулақ қалдық. Осынау біртектілік  кесепатты жалқаулыққа, өзара алты бақан алауыздық бодандыққа апарып ұрындырды.  Сөйте тұра, әлі күнге дейін бодандық санамен де басқа жұртқа мұрын шүйіреміз, менсінбейміз.
–  Рас,  ол шындық. Дегенмен де ұлтымыз тарихи езгілерден, қайғы-қасіреттерден жойылып кеткен жоқ. Аман шықтық. Отырықшылыққа кеш болса да көшіп, техника-технологияны меңгеріп келеміз. Өркениетті елдерде бала оқытып жатырмыз. Елбасы айтқан әлемдегі 30 озық елдің қатарынан көрінуге ұмтылысымыз, "Мәңгілік ел" болу – асқаралы асыл  мұратымыз.
– Бұл, сөз жоқ, жарқын стратегия.  Бірақ… Осыдан 100 жыл бұрын  Семей семинариясының студенттері Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов: "…қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын – тұрақсыздық, ұйымсыздық, басынан  аспайтын – өзімшілдік,  ездік" деген. Мұны басқаша  айтқанда, қазақта сөз көп, іс аз.  Мінез азды: берген уәдесінен айнып кетеді, жағымпаздық, жарамсақтық өршіп тұр.
– Бәрібір, қалайық-қаламайық  қазақ менталитеті өзгереді. Жаңа сапалық көрсеткішке ие болады. Сол үшін жақсыға қарай икемделуді насихаттайық.  Қазақтың қолынан бәрі де келеді. Ғарышқа ұштық. Америкалық НАСА электроника саласының майталманы Алдан Сапарғалиевты Нобель сыйлығына ұсынды. Мұндай мысалдар көбейіп жатыр. 
– Бірақ… селқостық,  қатігездік көбейіп барады. ''Өнер тап, оқы, харекет қыл, тәрбие ал, ынсапты адам бол'', ''Халықтың қамын же, адам баласын бауыр тұт, адамшылыққа қызмет ет'' – деген абыз Абайдың сөзі неге дәрменсіз? Неге аяқасты?..
Дәл осы тұста менің ұялы телефоным қоңыраулатып, ортадан шығуға тура келді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓