Өзгенің атағы немесе шапан

Біраз жыл болды көрнекті ақын, қалың елге танымал Рафаэль Ниязбеков ағамыз өлеңі шықсын, мақала жазсын соңында аты-жөнінен кейін үнемі "Шешен Республикасының ең жоғары "Ұлт намысы" орденінің иегері, Шешенстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты" деген ұзақ-сонар атақтарын жазу мен айтуды әдетке айналдырғанын көріп жүрміз. Ақын ағамыз егер мұны сол Шешенстанда жүргенде айтып жатса, жазып жатса, бәлкім жарасар-ақ. Ал, өз елімізде көкеміз өзге жұрттың атағын термелеп айтса, шынымен-ақ желке жалы күдірейіп,  мәртебем үстем, мерейім зор болады дей ме екен? Әйтпесе,  қалың  қазаққа поэзия ақтаңгері  "Рафаэль Ниязбеков" деген  бір ауыз сөздің өзі-ақ жеткілікті, әдебиет пен өнер әлемінде  баяғыдан-ақ мәртебелі тұлға емес пе? 
Осының салдары болуы керек, осы  әдет өзге де жампоздарымызға "жұға" бастады. Айталық, менің құрдасым, қалың алаш жұртына танымал тарлан Баянғали Әлімжанов туындыларының соңында  "Манасшы, Қырғызстанның А.Малдыбаев атындағы  Халықаралық сыйлығының лауреаты" дегенді жазатын болып жүр. Апыр-ай, Бәке, бұл пәниде жалғандыққа, мақтангершілікке жаны қас екі адам болса, соның бірі сенсің деп есептеймін.  Қайталап айтайын, егер мұны қырғыз баспасөзінде, сол елде жүргенде жазса, айтса бір жөн. Ал, Алашыңның алдында өзге елдің атағы қазақтікінен қаншалықты биік, беделді? Неге біз өзгенің атақ-шапанымен қазақтың алдында қыр көрсеткендей боламыз? Бүгінгі көзі  ашық, көкірегі ояу қазақ жұрты  арда талант Баянғали Әлімжановтың кім екенін, қандай атақ-даңқы барын білмейді дегенге сенбеймін.
Айтпақшы, өзгенің атағы дейміз, біз өзіміздің кәдімгі қазақтың шапанын әбден сілікпесін шығардық… Бірде еліміздің сонау қиыр өңірінен келген бір қадірлі қонаққа үстіне шапан жапқанда әлгі сабаз "осы шапан дегенді қойыңыздаршы" деп кәдімгідей  ысырып тастап, дүние көрмейтін, сый деп сезінбейтін  пиғыл танытты. Оны айтасыз, жыл сайын ресейлік ғарышкерлер қазақ жеріне, көбіне Қостанай топырағына келіп қонып жатады. Қонағына құлдық ұратын әдетімізбен, әуежайға келісімен әрқайсының үстіне сәнді шапанымызды жауып әуре болып жатқанымыз. Сондай бір салтанатты сәттен кейін шетелдік ғарышкерлер үстеріндегі шапанды шешіп алып жатып, бір-біріне: "енді, мұны не істейміз" дегендей емеурін білдіргенде, бірі: "бұл моншаға, саунаға киюге таптырмайтын  дүние ғой!" –деп,  мазақтай күлгенін құлақ шалды. Өзің қадірін қашырғанды өзге қайтсін?..

You may also like...

1 Response

  1. Айганым айтты:

    Салематсыз ба агай? Костанайда кун жылынды. Ал енди Тобыл жагасында домбыра думан откизудин сати келип тургандай. Откенде махаббат кунине орай 100 пайыз орыс тилинде откен консертке караганда оз домбырамыздын уни биз ушин әлдеқайда артыгырак.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓