Бірәлідей бай өткен
Батырға да, байға да пана болған Жыланшық – құтты мекен, киелі өңір. Талай тарлан ұлылар қатарында дәулеті асқан байлар да осы өңірден көп шыққан.
Осы ұлы Жыланшық бойында халқына қайырымы мол, қолы ашық, жомарт Бірәлі Бектасұлы мекен еткен. Бұл кісі Қыпшақтың Тоқпан руынан тарайды.Адамға қайырымдылық жасау – қазақ халқының дәстүрі. Бұрын бай мырзалар еліне мал, тамақ, бұйым, ақша үлестірген. Кедейлерге жасалған жәрдем мен қамқорлықтың бір түрі. Бұл дәстүр «шүлен» деп аталған.
Шүлен таратуды адамгершілік парызын орындау үшін жасаған. Мысалы, Жетісуда – Маман, Ырғызда – Қара Мұқан, Торғайда – Бірәлі, Семейде – Құнанбай, Жуалыда (Қаратауда) Жұман сияқты байлар шүлен таратып, атағы шыққан. Олар өз малдарынан халқына беріп отырған.
Шүлен берудің бір түрі өз байлығы есебінен мектеп ашып, бала оқыту болған. Солардың бірі – Жетісуда, Қарғаш кентінде 1899 жылы Маман ашқан мектеп.
Ал Жыланшық бойында ғұмыр кешкен Бірәлі бай өтініш жасап, мал сұрап келген жанға таныса да, танымаса да жақсылық жасап отырған. Сол жасаған жақсылығына ұлы Жаратушы сүйеу болып, мал басы кемімей, жылма-жыл қалың жылқының тайына дейін құлындап өсіп отырған. Бірәлі қайырым шапағатымен қатар мырза, діндар, көпшіл адам болған. Осы өңірден шыққан жақсылармен – Әліби Жанкелдин, Әбдіғапар хан, Аманкелді Иманов, Кейкі батыр, ақын Таңат Сейдахметпен, Шашанбайдың Рахметімен және Дулығалы бойындағы ишандар әулетімен жіті араласып тұрған. Аманкелді Иманов батырдың көтерілісін қолдап, қаржылай, малдай көмек көрсеткен.Мәтібай ақынның да, Сейдахмет ақынның да тұрмыс-тіршілігі де, шығармашылық өнері де Торғай бойының асқан байы осы Бектастың Бірәлісімен тығыз байланысты болған.
Бірәлі – үш жарым мың жылқы біткен адам. Белгілі Қостанай жылқы зауыты шығарған асыл тұқым алтын ғасырдың аяқ кезінде осы Бірәліден сатып алынған 300 жылқыдан шыққан деседі. Әуелде оны «Бектасов тұқымы» (Бектасовская порода) деп те атаған. Өзі жомарт, ел-жұртқа қайырымды, Мәтібай ақынның тілімен айтқанда, «жаяуға ат, ашыққанға азық болған» адам (Бұл мәліметті кезінде журналист Бөгетбай Әлмағамбетов айтып еді – автор).
Ұлы Жыланшық бойында жүргізілген экспедицияға қатысқанда Николай II атқорасындағы жылқыларды «Бектасовская порода» деп таныстырған екен. Артынша, Қостанай қаласы, Заречный кентіндегі «Қазақ тұлпары» жылқы зауытына барып, директоры Набидолла Кикебаев мырзамен сұхбаттасқан едім. Ол кісі де кезінде ақсақалдардан осы әңгімені естігенін айтып, зауыттың сонау замандардағы алғашқы директорларының тізімі мен тарихы туралы құжаттарды көрсетті. Алайда, газет бетіне шыққан мақалалар мен құжаттарда Бірәлі жылқысы туралы дерек табылмады.
Жолда аты өліп, ер-тоқымын арқалап келген талай бейтаныс адамдар одан тегін ат мініп кеткені айтылады ел аузында.
Өнер иелерімен пікірлес дос болған, әсіресе, Торғай бойының ақындары Есенжол, Сейдахмет, Мәтібай, Ақмолдаларымен қатты сыйласқан. Бір болыстағы адал араласқан ағайын Сейдахмет пен Мәтібайға ат беріп, ас тартқан. Жыл сайын соғымынан үзбей отырыпты. Екі ақыннан да көп марапат естіген. Бірақ ретті жерінде бет-жүзіне қарамайтын турашыл ақындар өздері құрметтеп дос тұтқан Бірәліні де аямай сынға алудан жасқанбаған.Бірәлі өзгелердей емес, екі ақын ағасының сын-пікірін кек тұтпаған деседі. Сыйластық қадір-қасиетін жоймаған. Бірәлі әкесі Бектасқа төрт дуан елге сауын айтып, ұлан-асыр ас бергенде Есенжол жыршы сол астың бас өнерпазы болыпты.
Мақан Жұмағалиевтың 1965 жылы жарық көрген «Орлы гибнут вышине» романында Бірәлі бай бейнесі ерекше сомдалады. 1916 жылы Торғайда қазақ даласының ұлт-азаттық көтерілісі және оның Ұлы Октябрь революциясына, Азамат соғысына ұласу тарихы кезеңінен мол мағлұмат беретін бұл роман 1980 жылы Ғафу Қайырбековтың аударуымен қазақ тілінде «Қыран қазасы – қияда» деген атпен жарық көрген. Бұл романға пікір жазған. З.Ақышев пен Т.Амандосовтардың айтуынша, бұл кітап тарихи құжаттарға сүйеніп жазылған және ұшан-теңіз оқиғалар мен оларға қатысқан кейіпкерлер өмірде болған адамдар. Романның басты кейіпкері – Аманкелді Иманов. Көркем шығармаға арқау болған тарихи оқиғалар мен талас-тартыста Бірәлі бай Аманкелді батырды қолдап, кей кезде қорғап, батырдың басына төнген жаманшылыққа араша болып, аман алып қалып отырған.
Ералы бай бейнесі толық ашылмағанымен, бай бола тұра көтерілісшілер жағына шыққан, сол қылығымен «байдың бәрі – кедейдің қанын сүлікше сорған озбырлар» деген кеңестік дәуір әдебиетіне тиесілі жалпыламалыққа кереғар кейіпкер.
Романда Әбдіғапар, Балым, Әліби Жангелдин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Ыбырай Атамбаев, Кейкі батыр өз атымен көрініс тапқан, ал Ералының – Бектастың Бірәлісінің, Рақымбектің – Шашамбайдың Рахметінің прототипі екендігі еш күмән тудырмайды.
Аманкелді батыр мен Бірәлі байдың таныстығы бозбала күндерінен басталады. Аманкелді батыр Торғай даласында болған жәрмеңке соңында көшенің қалтарысында үш жігіттің бір қазақты тонап жатқандығын көреді. Басына киген түлкі тымағы мен ұзын қоныш қайыс етігінен әлгі адамның Қайдауыл болысының қазағы екендігін танып, көмекке ұмтылады. Аманкелді батыр екеуін тілерсектен соғып, мұрттай ұшырады. Үшінші тонаушы қымбат шапанды тастай беріп тұра қашады.
Бірәлі «Сен мені ажалдан құтқардың» деп ризашылығын білдіріп, Аманкелді батырға бір дорба ақша ұсынады. Сонда Аманкелді «жігіттің бәрі күшін сатпайды» деп, дорбасын қайтарып берген екен.
«Бәрекелді, жігіт екенсің, Шаңсуат бойында тұрамын, келіп, қадірлі қонағым болғайсың», – деп қоштасады Бірәлі.
Аманкелді жиырма алтыға келген жылы Мыстыбай деген байдың баласы үйленіп, ұлан-асыр той жасайды. Сол тойда Аманкелді палуандар күресінде Сары Торғайдың палуаны Саматты жеңіп, боз жорға атты тақымға басады. Сүйегі ұсақ, жорғасы жайсыз боз жорға оған ұнамай, жолда Жолоба ауылына соғып, күрең атқа айырбастап жібереді. Күрең ат басына пәле болып жабысып, Рахымбетпен (Шашамбайдың Рахметі) ұрлап алдың деп жала жабылып, түрмеге түседі. Түрмеден батырды шығарып алуға Көшімбекпен ілесіп Бірәлі бай келеді. Бұл оқиға – Аманкелді мен Бірәлі таныстығының достыққа ұласуының, Бірәлінің жақсылықты ұмытпайтындығының көрінісі.
Көркем шығармада Бірәлі бай жақсылығымен, жомарттығымен елді аузына қаратқан беделді кісі болған. Аманкелдіге қастандық ойлаған барлық байлардың жиылып, Бірәліге келіп рұқсат сұрауы, оның дала қазағына, тұрмыс-тіршілігіне ықпалының мол болғандығын көрсетеді.
Бірде Рақымбек Бірәліге келіп, былай дейді:
– Ералы, біз саған үлкен бір іспен келдік… Сен – елге қадірің бар, білікті адамсың. Қыпшақтың бір қазығы – сенсің. Бәріміз болып сені сыйлап, саған жүгінеміз. Арғын, Найман баласы да сенің сөзіңді тастаған жері жоқ. Ағылшынмен ауыз жаласып, Бұхар, Орынбор сәудегерлері мен шенеуніктерін қолына қаратқан тұсың бұл екен. Даланың заңын, қаланың қамалын өзіңнен өзге білер жоқ…
– Біз сенімен әлгі Аманкелді жайында сөйлесе келдік. Ералы, сен оны бізден тәуір білесің. Оны сенсіз де көріп алатын едік. Бірақ сен онымен дос көрінесің. Солай болған соң алдыңнан өтейік дедік…
– Меніңше, сол Аманкелдіні қозғамай-ақ қойыңдар, – деді Ералы. – «Қойдың еркесі – серке, ел еркесі – Ер» деген елде мақал бар. Аманкелдіні көп жұрт ер деп, батыр десіп кетті. Мейлі, десе – десін. Батыр деп сенгені дұрыс. Елге қырсық, жерге жау келсе – ер жігіт атқа қонар болар. Сонда Аманкелді соңынан ермегенде, кімнің соңынан ереді олар. Рақымбек, сен өзің айттың ғой: «ереді бәрі…» – деп. Мен де солай деймін. Ал мына сенің не менің соңымнан жұрт ермейді.
– Аузыңа бекем бол, – деді Ералы сыбырлап. – Саған ғана айтамын. Анау орыстың патшасы біздің жерімізге әскерін бе, мұжығын ба… қаптатып жатыр. Мұнысы бізге қолайлы емес. Қазағының біраздан соң барар жері, басар тауы қалмайды. Малың қалады адыра. Солай болса, таяуда сол орыстарды қуамыз біз. Ал сол жұмысқа Аманкелді әбден керек…
Аманкелді әскеріне ат сұрап келгенде, Аманкелді көтерілісшілердің жайын, өлімге бел байлаған беттерін айтып, алыстан орағытып келіп, ат-көлік жайын аңғартты.
Ералы кенет дүр сілкініп, шамырқанып кетті.
– Мен жылқыны берем! – деді ол қызуланып, әлдебір ерегіс, өшті-кекті түр көрсетіп, – қанша алсаң да берем. Нем қалды менің, кім үшін жинап, кім үшін бақтым қу малды? Бүкіл ғұмырымды сарп еттім-ау мен осыны жинап! Бәрі зая кетті! Батыр, керек атыңды берем.
– Қайран, Ерекем! Дос болсаң, осылай бол!
– Тағы да бір әңгіме естідім, – деді Ералы енді бәсеңдеп. –Ақ патша әуелі жігіттерімізді алып, соңынан малымызға бас салатын көрінеді. Одан да саған бергенім артық емес пе? Мен қазір саған ғана сенетін болдым.
Сөйтіп, Ералы екі жүз құр атты ұстатып берді.
– Егер ісің оңға басып, орыстардың табанын жалтырататын болсаң, тағы да беремін… ("Қыран қазасы – қияда" романынан).
Бұдан Бірәлі байдың жұртқа сөзін өткізе білген беделділігімен, ел-жұртының қамын ойлаған, елінің азаттығын ойлаған даналығы басым екендігіне көз жеткізе түсуге болады.
Мақан Жұмағалиев сомдаған Ералы бай бейнесі мен ел аузындағы Бірәлі байдың іс-әрекеттерінде өзгешеліктері де жоқ емес. Мысалы, ел аузындағы әлі күнге дейін сақталған аңызда да, Бөгетбай Әлмағамбетовтің «Торғайдың топжарғандары» кітабында да Шашамбайдың Рахметінің қызы Әмбарды Бірәлінің інісі Сейіткерей алып қашады десе, бұл романда оқиға былай өрбиді:
"Рақымбектің қызы әкесінен рұқсатсыз Ералының баласымен қашып кеткен. Рақымбек терісіне сыймай, қаһарын қатты төкті. Ералы ұлан-асыр той жасап, ескінің жолымен қырық жеті қалың төледі. Сонда да Рақымбектің көңілі көншімеді. Ол Ералының ылғи кедей ауылмен, анау баукеспе ұры Аманкелдімен жақындығы үшін жегжат болғысы келмеп еді. Бір күні Рақымбек Ералының үш жүз саяқ жылқысын жігіттеріне қуғызып алды.
Ақсақалдардың алдында бар айтқаны:
– Менің қызымның бағасы осы! – деді.
Ералы бұған ерлігі ұстап, сыр бермеді. Ақбәйбіше кек қайтару керек деп еді. Ералы оған:
– Дүние үшін ағайынмен алауыздықтың қажеті жоқ, – деді
Ал Романда мынадай оқиға баяндалады: Жетібай шоқысындағы Ералы ауылында да Аманкелді меймандап қайтты. Көтеріліске қарсы болған ұлдармен ұрысып, Ералы бөлек шығыпты. Көтеріліс деген қараңғылықтың белгісі, Николай патшаға қызмет етсек, қазақ халқын қайырымсыз тастамас дейтін көрінеді олар. Ералы оған көнбей: «Патшаға ергендердің бәрі – су қараңғы соқыр, – деп өршеленді. – Көтеріліс – қараңғылықтың ісі емес, қайта көзі ашықтың, көрегендіктің ісі».
Шығарманың ең бір таңғаларлығы – кеңес дәуірінде Бірәлі бай асқақтай көтеріліп, мадақталған кітаптың баспадан жарық көруі.
Бірәлі байдың 13 баласы болған. Бірәлінің үлкен ұлы Сұлтан орысша сауатты кісі екен. Орынбордан гимназия бітірген, кешегі Торғайдағы Совдеп мүшесі, соғыс комиссары, батырдың жеке сенімді серігі болған. Сұлтан Бірәліұлы Бектасов революцияға белсене араласқан.
(Сұлтан Бірәліұлы туыстары мен достарының ортасында)
"Баласының ықпалымен Бірәлі бай тәркілеуге жатпай, қолдағы бар малын Кеңес үкіметіне еркімен өткізген. Осы балаларының ішінде үлкені Сұлтанды, ортаншы ұлы Мейірманды көзім көрді. Талай әңгімесін тындадым. Осы жолдардағы оқиға сол кісілерден естіген әңгімелерім. Әкем марқұм айтып отыратын: -Мейірманды көр де Бірәліні көр, сойып қаптап қойғандай.
(Мейірман Бірәліұлы)
Осы кісі алғаш 1967 жылы солдатта жүрген маған Қарағандыдан іздеп келіп еді жарықтық. Кейін 1975 жылы атамекенге, Бірәлі түбегіне апардым. Бірәлі бай көзі тірісінде ата-бабасының қонысында Сұлтанға 12 бөлмелі, Мейірманға 8 бөлмелі қызыл үй салдырған екен өзеннің екі бетінен. Қария құлаған үйдің орнын, бөлмелерді көріп мынау көкқасқа атым тұратын бөлме, мынау әжем жататын бөлме, мынау біздің отау үй еді деп сақалын жуып жылағанын көрдім. Ата-баба қорымын атасы Бектастың, әжесі Шөженің, туысқаны Әйгісінің Ахметінің кеснелерін (осы кесене сырты төрт бұрышты күмбез, іші 4, 8, 16, 32 болып өрілген, төбесіне шығатын баспалдағы бар ерекше там) аралап көрдік, тарихына тоқталды",-дейді Бірәлі байды алғаш зерттеген Шөптібай Байділдин.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, Бірәлі бай діндар адам болған. Жыланшық өзенінің жел бетінен мешіт, медресе салдырған. Ол медреседе татар молда дәріс берген. Қазір мешіттің де, медресеніңде орны жер болып кеткен.
Тәркілеу мен аштықтан қашқан Бірәлінің ұрпағы тарыдай шашылып тоз-тоз болды. Үлкен баласы Сұлтан революциядан кейін Ұлытауда, кейін Ырғызда, Ақтөбеде, Талдықорғанда милицияда қызмет атқарады. 1965 жылы мамырда Алматыда дүниеден озды.
(Суретте: Сұлтан Бірәліұлының әйелі – Мәрия. Кейбір деректерде Өрше деп кездеседі. )
Кезінде баспасөзде, дәлірек айтсам, «Ақ жол» газетінің 1992 жылдың 16 маусым айындағы номерінде Үрпек ауылының тұрғыны, тарих пәнінің мұғалімі, зейнеткер Байділдин Едірес «Қайырымды Бірәлі» атты мақаласында "байдан ұрпақ жоқ" деп жазды. Бұл – қате. Ұрпағы бар. Ортаншы ұлы Мейірманнан Майдан, Марат, Мұхтар, Ұлтай, Зайда, Несібелді, Света, Баян атты балалар. Майданнан – Айдар туады. Мараты Германияда тұрады. Ұлтайы, Мұхтары Арқалық қаласында тұрған. Мейірманның бірінші әйелі – Жорғатай. Мына балалар – екінші әйелі Рәзиядан.
Қадірінен – Әлия, Ғалия туған. Әлиясы Арқалық қалалық кітапханада қызмет істейді.Бірәлі байдың өмірден қалай өткендігі жайлы әркім әртүрлі жорамал айтады. Тоқпандар шежіресін жинап жүрген, 2000 жылы Аманкелді ауданының әкімі Жомарт Түбекбаевтың бастауымен Жыланшық пен Ұлытауға ұйымдастырылған экспедицияға қатысушы Махамбетов Абылай Хасенұлы былай дейді:-Ол кезде байлардың көпшілігі барымташы, ұры ұстаған. Шіли руынан шыққан, бірнеше жыл болыс болған Түркебайдың Баймұраты да ұры ұстап, алыстан жылқы алдырып отырған. Бірде Қызылорда жақтан жоқ іздеп шыққан бір жігіт Баймұраттың жігіттеріне жолығып қалады. Жалғызға жабыла кеткен олар өзін сабап, астындағы атын тартып алып, жаяу қалдырады. Есін жиған соң жаяулап бір ауылға келіп: -Осы елдің ақсақалы кім, беделдісі кім?-деп сұрапты. Сонда мән-жайды естіген жұрт: -Бірәлі байға бар,-деп жөн сілтепті. Әлгі жігіт Бірәлінің ауылына келеді. Тамақтанып, тынығып алған жігіттен Бірәлі бай жөн сұрайды, жігіт көрген-білгенін жіпке тізгендей етіп айтып береді. Сонда Бірәлі:
-Ел тентексіз болмайды, бір тентек үшін бүкіл елге ренжіме,-деп, астына ат мінгізіп, иығына шапан жауып еліне қайтарыпты. Ел іші бүлініп, бар байлығынан айрылған Бірәлі 1932 жылы Мақтаралға келіп, базар аралап жүргенде бір жігіт қайта-қайта қарағыштай береді. Сонда Бірәлі: "Әй, жігітім, маған неге қарағыштай бересің?!» -дейді. Сонда әлгі жігіт: «Жылыншықта Тоқпанның Бірәлі деген байы бар еді, соған ұқсатып отырмын»,- депті. Жасаған жақсылығын қайтармақ болған ол үйіне апарып тамақтандырып, Бірәліге түйе мінгізеді. Сонда Бірәлі: «Бес мың жылқыдан көрмеген жақсылықты бір қотыр тайдан көрдім ғой»,- деген екен. Қожа Ахмет Яссауидің басына барып, құран бағыштамақ ниетпен жолға шыққан Бірәліні астындағы түйесіне қызыққан бір серігі Шәуілдірге жеткенде у беріп өлтіріпті дейді".
(Суретте: Бірәлі байдың құрдасы Ермағамбеттің немересі Тұрғали ақсақал)
-Қызылордалық бір жігіт Көкшетаудағы нағашыларына барып келе жатқанда жолда астындағы атын жылан шағып өлтіріпті. Ер-тоқымын арқалап жаяу қалған ол Бірәлі байдың аулына барады.Бірәлі жігіттің жағдайын білген соң бас жылқышысы қара Ыбырайды шақырып алып:
-Мына жігітке өлген атынан айнымайтын ат бер,- депті. Бірнеше күн тыныққан жігіт еліне қайтып бара жатып былай депті: -Атыңызды тірі болсам қайтарармын. Сонда Бірәлі: -Бұл атты сеннен сұрамаймын,құдай алдында сұраусыз,-деген екен.Сол жігіт Бірәліні Шәуілдірде кездестіріп,байды танып үйіне апарып қонақ қылыпты.
(Бірәлі байдың құрдасы Ермағамбеттің ұлы Әнуарбек)
Бірәлі байда бар мал-мүлкін үкіметке өткізіп, тәркілеуге ілікпей, артынан аштыққа ұшырап, Жыланшық бойынан Сыр бойына ауған ағайынға еріп 8-9 жасар қыз баласын жетектеп, Түркістанда қайыр сұрап, базар жағалап жүрсе, бір азамат баласы екеуін үйіне әкеледі. Бір жеті, он күн күтеді. Көрші-көлемін шақырып: «Мына кісі кешегі орта жүздің байы Бірәлі еді. Жолаушылап еліне барғанда атым өліп, сонда тегін ат беріп, қайыр жасаған адам еді»,- дейді. Бірәлі бай өз-өзіне келіп, тыңайған соң қызын манағы үйге қалдырып, өзі Түркістанға зиярат етуге жолға шығады. Жолда бара жатып, дүниеден озады жарықтық. Жүргіншілер манағы азаматқа келіп, "кешегі қайыршы шал жолда өліп жатыр" деп хабар береді.
Түркістандық азамат байды үйіне апарып шешіндірсе, белінде 6 метр ақ жібек ақыреті бар екен дейді.
Мінекей, біз білетін Бірәлі бай осындай кісі. Кезінде өткенімізді дәріптеуге, ата-бабамыздың ерлігін айтуға болмайтын заманда ұмыт боп кеткен кісілерді, Тәуелсіздік таңында жаңғыртқанымыз жөн. Мақалада аты аталған әр кісінің атқарған еңбегі өскелең ұрпаққа өнеге екені сөзсіз. Тарих – халық ілімі. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен бұл құнды деректер халық аузында ғана сақталып келген. Даңқы өшпес күндердің ерлігін дәріптеу қажет.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерде: Ш. Баидилдин; "Қазақ тұлпары" жылқы зауытының мұрағаты; зерттеу жұмыстары барысы.