«Ана – өмір шуағы!»
Гүл көктемнің керемет мерекесі – Халықаралық әйелдер күнін Сарыкөл ауданы ерекше салтанатпен атап өтті.
«Ана – өмір шуағы!» деген атаумен аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған мерекелік шараны аудан әкімі Эльдар Күзенбаев алғы сөзімен ашып, барша асыл жандарды мерейлі мейраммен құттықтады.
Эльдар Қонысбайұлы жүрекжарды лебізінен соң Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлестері үшін және халықаралық әйелдер күніне орай облыс әкімінің мадақтамасымен – жеке кәсіпкер Дәмелі Әубәкірова, аудандық аурухананың медбикесі Раиса Лобок, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әлия Бекмағамбетова, «Новва» шұжық цехінің басшысы Ольга Буряк және «Сарыкөл» газетінің бас редакторы Айжан Мұсатоваларды марапаттады.

Сондай-ақ, биыл қызметтеріне 95 жыл толып отырған АХАЖ мекемесінің бас маманы Юлия Ляховаға алғыс хат берді.
Жалпы, марапат соңы мерекелік концертке жалғасты. Әдеттегідей, мәдениет үйінің өнерпаздары сахнаның сәнін кіргізіп, айтулы күннің көркін қыздырды. Сонымен қатар, «Балдәурен», «Солнышко» аудандық балабақша бүлдіршіндері де би биледі.



Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.