Іскер әйелдер алғысқа бөленді
Жанкелдин ауданының әкімі Асқарбек Кенжеғарин 8-наурыз “Халықаралық әйелдер күні” мерекесі қарсаңында аудан орталығындағы кәсіпкер әйелдер қауымын қабылдап, пікірлесті.
Алдымен, аудан басшысы төл мерекелерімен құттықтап, бұл кездесуде олардың еңбектері мен көптеген игі істері және ауданның дамуына, қоғамдық-саяси өміріне қосқан үлестері жайында әңгіме өрбітті. Соңғы статистикалық мәліметтерге зейін салсақ, аудан бойынша 114 адам әр саладағы сауда-саттықпен айналысып, өз бизнестерін дамытып отыр екен.
Аудан әкімінің қабылдауында болған кәсіпкер апаларымыз қарапайым халықтың тұрмыс жағдайларын ескеріп, тауарларын тиімді бағада өткізіп, тиыннан теңге құрап отырған еңбекқор жандар. Кәсіпкер апаларымыздың еңбек сүйгіштігі көпке үлгі. Ауданымызда өнеркәсіп саласы болмаса да, халыққа тұрақты қызмет көрсетіп отырған шағын наубайханалар, сүт өнімдерін өндіретін кішігірім цехтың барлығы көңіл қуантарлық.
-Облыс әкімінің бастамасымен жақында ғана тұсауы кесілген “Көркей бер Қостанайым” атты акция аясында аудан көркін келбеттендіру үшін ауқымды жұмыстар атқару жоспарымызда бар. Сіздердің құрметтеріңізге арнайы жайылған мерекелік дастархан басында ашық пікірлесу болғандықтан ұсыныс-пікірлеріңізді ортаға салып, ой бөлісіп отырыңыздар,- деді аудан әкімі Асқарбек Ахметбекұлы.
Ашық пікірдің алаңында отырған іскер әйелдер ұтымды оймен ұсыныстарын жеткізіп, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында азды-көпті көмектері үшін аудан әкімдігіне шексіз алғыстарын білдірді.
Аймақ басшысы аудан хал-ахуалын дамуына үлес қосып жүрген осы кәсіпкерлерді алғыс хаттармен марапаттап, игілікті істеріне табыс, отбастарына амандық тіледі.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ
Жанкелдин ауданы