Бәрі ел игілігі үшін
Спорт кешені бой көтереді
Облыстың шалғай өңірлерінде бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Мәселен, Торғай кентінде "Ауыл – Ел бесігі!" бағдарламасының аясында дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр. Былтыр заманауи нысанды салуға қазынадан 362 млн теңгеден астам қаражат бөлінген еді. Спорт кешені алдағы тамыз айында ел игілігіне айналмақ. "Алюминстрой" ЖШС жаңа нысанның кәріз жүйесін, су мен жылу құбырын, КТП және электр желісін тартып берді.
Сондай-ақ, модульді жылыту қазандығы орнатылды. Қазіргі уақытта сэндвич панельдері орнатылып, қабырғаларын кірпішпен қалап жатыр.
– Бұл соңғы жылдары аудан орталығында бой көтерген ең сәулетті әрі еңселі ғимарат болғалы тұр. Мұнда аудан жастары бос уақытында келіп, өздері қалаған спорт түрлерімен шұғылдануына болады. Ол үшін барлық жағдай жасалады. Оның сыртында ойын залдары іске қосылмақ. Яғни, жаңа сауықтыру-спорт кешені ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында аудан тұрғындарына үлкен сый болғалы тұр, – дейді аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысы Әділбек Иманғалиев.
Айта кету керек, нысан пайдалануға берілгенде қосымша он бес адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Ауыз судан мұқтаждық көрмейді
Алыс ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көріп отыр. Мәселен, шалғай елді мекендерге су тазартатын қондырғы орнатып, сапалы ауыз сумен қамту жұмыстарының қарқыны артқан. "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы шеңберінде Ақкөл ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 337 миллион 617 мың 300 теңге бөлінген. Мамандардың айтуынша, қаражат толық игерілген. Биыл қазынадан тағы 50 миллион теңге бөлінді. Нысан маусым айының аяғында пайдалануға берілмек.
– Былтыр ауыл ішіне 5,869 шақырымдық су құбыры тартылды. Қазір үйді-үйге су кіріп тұр. Кіре беріс ғимараты, 2-ші көтерілімдегі насос станциясы, су тазарту станциясы, кәріз құбыр станциясы, су тарату мұнарасы, таза су резервуарларлары, су сорғыш фильтрлері монтаждалды. Ішкі су желілерін орнату, қоршау, электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілді, – дейді Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев.
Қазіргі уақытта нысанды іске қосу және маңайын абаттандыру жұмыстары қалды. Сондай-ақ, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында А.Байтұрсынұлы ауылында да сумен жабдықтау жүйесі қайта жаңғыртылмақ. Ол үшін өткен жылы облыстық бюджеттен 287 миллион 325 мың теңге бөлінген. Биыл тағы 45 миллион теңге бөлінді. Маусымның аяқ шенінде Ахаң ауылы тұрғындарының да сапалы ауыз суға қарық болатын түрі бар. "Соңғы екі жылда ауылда көп жұмыс атқарылды. Ең бастысы, ауылдағы ағайын ауыз судан мұқтаждық көрмейді. Жұрт бұрынғыдай құдық жағалап, арба сүйретпейді", – дейді Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев.
Екі ауылды жалғаған
Ақкөл мен А.Байтұрсынұлы ауылдарын Ұлы жыланшық өзені бөліп тұр. Бұған дейін екі ауыл тұрғындары айналма жолмен қатынайтын. Былтырдан бері "Алюминстрой" ЖШС өзен үстінен уақыт талабына сай еңселі көпір салып жатыр. Алып құрылысқа "Жұмыспен қамту жол бағдарламасы" арқылы қомақты қаржы бөлінген.
Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиевтің айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 80% аяқталған. Мердігер компания нысанды осы жылдың 31 тамызына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отырған көрінеді.
– Көпірдің ұзындығы – 67, ені – 8 метр. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына 389 437,0 мың теңге бөлінген. Құрылысқа барлығы 128 адам тартылған. Оның 50%-і жерглікті тұрғындар. Яғни, жұмыспен қамту орталығы арқылы 64 адам еңбекпен қамтыл-ған. Құрылыс жұмысы биыл да жалғасады. Ең бастысы – екі ауылдың халқының қуанышы шексіз. Жаңа көпір елді мекендерге қатынауға ыңғайлы, – дейді Ақкөл ауылының әкімі Балғабай Қалиев.
Жанкелдин ауданы.