Қос ауылдағы қуаныш

Тұрғындар қуанышын жергілікті атқарушы биліктің және мердігер ұйымның өкілдері бөлісті.
Екі елді мекенге су құбыры желісі бұрынырақта тартылған еді, бірақ ескіріп, істен шыққан. Ақкөл ауылын сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңғыртуға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде облыстық бюджеттен 387617,3 мың теңге бөлінген. Осы сомаға ауыл ішіне жалпы ұзындығы 5,869 км су құбыры тартылып, сондағы 86 үйге, 7 ғимаратқа су кіргізілді. Осылайша, 500 тұрғын орталықтандырылған таза сумен қамтамасыз етілді.
Салтанатты шарада жұртшылықты құттықтаған аудан әкімі Шота Оспанов жасалған жұмыстарды атап өтті.


Ал Ахмет Байтұрсынұлы (Қарасу) ауылына су тартуға облыс қазынасынан 332325,0 мың теңге жұмсалған. Бұл жоба да «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылды.
Ауылға тартылған су құбырының ұзындығы 6 шақырымнан асады. Ауыз су 84 үйге, 4 ғимаратқа кіргізіген, бес жүзге тарта тұрғын сапалы ауыз су ішіп отыр. Бас мердігер «Алюминстрой» ЖШС директорының орынбасары Расул Мұқановтың айтуынша, нысанда сусорғы стансалары жаңартылып, дизель-электр стансасы салынған.
Жангелдин ауданының ішкі саясат бөлімі берген мәліметке сүйенсек, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша объектіде 42 адам жұмыс істеген.

