Алақай, жазғы демалыс!
Жаз мезгілі, әсіресе, балалардың асыға күтетін мерейлі маусымы. Күнделікті сабақтар артта қалып, осы уақытты балғындар барынша қызықты әрі көңілді өткізуді армандайды. Жаз маусымы басталысымен оқушы қауымның арманына арқау болатын демалыс орындары да есіктерін айқара ашты.
Осындай жазғы демалыс алаңдарының бірі 1 маусымнан бастап №24"а" мектеп-гимназия жанынан құрылды. Аталған жазғы демалыс алаңы жеті жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Ойын-сауық алаңы оқушылардың бос уақытын тиімді әрі пайдалы ұйымдастыруға және денсаулықтарын нығайтуға бағытталған. Жазғы демалыс алаңының жетекшісі Маржангүл Жақсымбетованың мәлімдеуінше, биылғы маусымда мұнда 120 бала демалуда. Олар таңғы 9.00-ден бастап кешке дейін уақыттарын осында өткізеді.
№24 бастауыш-гимназия алдында ойын ойнап жүрген "Жұлдыз" тобын кездестірдік. Мұнда бұдан басқа "Жұлдызай", "Арай", "Жалын" атты топтар бар. "Жұлдыз" тобына Жангүл Доғабаева мен Маржан Елеусізовалар жетекшілік етеді. 2"ә" сыныбының жетекшісі Жангүл Доғабаеваның айтуынша, балалар өздерінің бос уақыттарын тиімді әрі көңілді өткізеді.
– Біз балғындармен бірге сурет саламыз, ән айтамыз. Күн сайын қаламыздың көрікті жерлерін аралап, саяхатқа шығамыз. Бассейнге шомыламыз, балалар кітапханасына, мұражайға, кинотеатрға, театрларға барамыз.
Өзінің бос уақытын осында өткізіп жүрген 2"ә" сыныптың оқушысы Нұртөре Қыдырбек өзіне ұнайтынын айтады:
– Лагерьде топ болып ойын ойнаймыз, қызықты есептер шығарамыз. Мен жазғы демалысымды қызықты өткізіп жатырмын. Маған мұнда ұнайды. Аптасына бір рет бассейнге шомылуға барамыз. Театрға барып қойылымдар тамашалаймыз. Апайларымыз бізге әдептілік, кішіпейілділік, өзімізді қалай ұстау керектігімізді үйретеді, – дейді.
Демалыс алаңының тамақтандыру жағына келсек, балалар түскі асты осында ішеді. Күнделікті түскі тамақтың құны 250 теңгені құрайды. Аталған демалыс алаңы өзінің қайырымдылық қадамымен де ерекшеленеді. Оның себебі мұнда аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына айтарлықтай жеңілдіктер жасалған.
Салтанат ҒИЗАТ,
Сүлеймен Демирел атындағы университеттің
3 курс студенті.
Суретте: "Жұлдыз" тобының жетекшілері Жангүл Доғабаева мен Маржан Елеусізовалар
2 сынып оқушыларымен бірге ойындар өткізуде.
Суретті түсірген А.ЖҮЗБАЙ.