Оқу жылы жемісті аяқталды
Биыл Қостанай облысында 4800 түлек мектеп бітірді, олардың ішінде 186 түлек «Алтын белгіден» үмітті, – деп жазады BAQ.KZ тілшісі.Облыстық білім басқармасының басшысы Василий Цымбалюк биылғы оқу жылының табысты аяқталғанын атап өтті құттықтау лебізі кезінде. Ол аймақта цифрландыру үдерісіне тоқталды. Айтуынша, өңірдегі мектептердің 87,1%-ы (504 мектептің 439-ы) жылдамдығы секундына 4 Мбитке дейін жететін интернетпен қамтылған. Демеушілерден тартылған 240 млн теңгеден астам қаражатқа 24 цифрлық технология бөлмесі мен 29 ІТ-сынып ашылған. Сонымен қатар, өткен жылы облыс бюджетінен 266,6 млн теңге бөлініп, оған 1720 компьютер сатып алынған.
Сәйкесінше, оқушылардың жеткен жетістіктері де ауыз толтырады. Айталық, ғылыми жұмыстар байқауының республикалық кезеңіне облысымыздан 55 жоба ұсынылып, 24-і жүлдегер атанған. Нақтылай айтқанда, 3 алтын, 10 күміс, 11 қола медаль қоржынымызға түсіпті. Республикалық олимпиададан да олжа аз емес. 29 жүлде бар. Оның біреуі – алтын, алтауы – күміс, қалғаны – қола. Аталған жарыста бірнеше жылдан бері Қостанайға математика мен биологиядан жүлде бұйырмай жүрген. Осы оқу жылы оқушылар жақсы нәтиже көрсетті. Жалпы, ұзын саны 60-тан астам оқушы республикалық деңгейдегі олимпиада жарыстарынан жүлделі оралған.
Өнер мен спорттан да табыссыз қалмаппыз. Мәселен, Щучинск қаласында өткен ХІ қысқы оқушылар спартакиадасында Қостанай облысы жалпыкомандалық есепте бірінші орынды қанжығалады. «Жас өркен» І балалар байқауында 5 дарынды оқушы лауреат атанды.