Электронды қолтаңба не үшін қажет?
Электронды-сандық қолтаңбасы жоқ бизнесмендер тауар айналымы кезінде проблемаға тап болуы мүмкін. Бұл туралы облыстық Мемлекеттік кіріс департаментінің қызметкерлері кәсіпкерлер Палатасында өткен брифингте ескертті.
Қолтаңба электронды шот-фактураны ресімдеу кезінде керек, ал ол – арнайы алынатын өнімдерді сату кезінде қойылатын басты шарттың бірі. Бұл қажеттілік Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін жасалды және ұзын саны 1347 атаудан тұрады.
Дәл осы тізімге осыншама назар аударылуы тегін емес. Өйткені, оған енгізілген тауарларды төмендетілген баж салығы бойынша импорттауға болады, бұл, сөз жоқ, ДСҰ-ға кірудің пайдасы екендігі түсінікті. Бірақ, мұндай өнімді ЕАЭО елдеріне, мәселен, Ресейге шығаруға болмайды. Қазақстан әріптестерін «аяқтан шалмауға» міндеттеме алған, себебі, Бірыңғай кедендік тариф мөлшерлемелері өте жоғары және кері экспортталғанның өзінде импорт тек сол бойынша жасалады.
Сауданың жаңа ережелері 11 қаңтардан бастап күшіне енді. Сол себепті өңірге тізімдегі тауарлар келіп үлгерді. Бірақ, салық қызметі қызметкерлерінің айтуынша, импорттаушылардың бәрі бірдей электронды-сандық қолтаңба алмаған, демек, қадағалау қағидаты әзірге сақталмай отыр.
«Таяуда ғана «Бугристое» бекетінде жүк көліктері тоқтатылғаны туралы ақпарат түсті. Бұл жолы Ресейге жеміс-жидек тиелген көліктерді кіргізбей қойған. Өңір кәсіпкерлерінің еш кінәсі жоқ, алайда, бұл жағдайды өзгерте қоймайды. Міндеттемелерді алған екенбіз, оларды орындау қажет. Және де, кәсіпкерлер неғұрлым істің бүге-шігесіне дейін білсе, соғұрлым проблемалардан аулақ боламыз», – дейді облыстық кәсіпкерлер Палатасының бөлім басшысы Роберт Юсупов.
-ДСҰ ережелерімен жұмыс істеу аса қиын емес,- деп мәлімдеді өз кезегінде облыстық Мемлекеттік кіріс департаментінің жанама салықтарды әкімшілеу басқармасының бас маманы Дәулет Айсин.- Тізімдегі тауарларды, яғни етті, көкөністерді, кондитерлік өнімдерді сатқың келсе, электронды шот-фактураны ресімде! Оларды басқа елдерден алып келгің келсе – БКТ мөлшерлемелері бойынша кедендік тазартудан өткізу және ілеспе құжаттарды растау қажет: шот-фактураның қағаз көшірмесі, тауарлардың декларациясы, СТ1 сертификатының түпнұсқасы және 328 формасы бойынша әкелім туралы өтініш қажет.
«Салық төлеуші өтініш береді, ал біз бір күн ішінде жүйелік бақылау жасаймыз және түйіндеме береміз. Осы құжаттарды растамай, әкелім жасау мүмкін емес. Бұл жағдайда алдымен тізімдегі тауар қандай мақсатпен әкелінетінін, ішкі тұтыну үшін бе немесе одан әрі кері экспорттау үшін бе, соны анықтап алу қажет. Қажетті құжаттарды бұрын әкелінген тауарларға да алуға болады, бұл үшін департаментке жүгіну керек», – деп атап өтті Дәулет Айсин.
Сондай-ақ, брифингте, осы жылдың соңына қарай Қазақстан мен РФ-ның ақпараттық жүйелерін интеграциялау күтілуде. Бұл шекарадан кесіп өту ресімін жеделдетуге мүмкіндік береді және тізімдегі тауарлардың барлық сатыдағы айналымын, яғни импорттаудан түпкі тұтынушыға жеткізуге дейінгі толассыз бақылау жүргізуді қамтамасыз етеді.
Әлібек ЫБЫРАЙ