Жөндеу өнімділігі артты
«ССКӨБ» АҚ Техникалық жабдықтарды жөндеу басқармасының мамандары еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған келесі идеясын сәтті жүзеге асырды. Бұдан былай вагон-самосвалдардың борттарын монтаждау және демонтаждау жұмыстары жаңа стендте жүргізілетін болады. Зертхана шеберлері учаскедегі жаңғырту уақыт талабы екендігін айтады.-Алдыңғы стендтер өткен ғасырдың 70-жылдары жасалған. Яғни қазіргі өндірістік үрдістерге, техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Сондықтан бір жыл бойы стендті жаңарту жұмыстарымен айналыстық. Әбден тозығы жеткен жабдықтар үнемі істен шығып жататындықтан, думпкарларды жөндеу уақытының 20 пайызы стендті бұғаттауға кететін. Енді бұл көрсеткіш 5 пайызға дейін кеміді, – дейді кәсіпорынның техникалық жабдықтарды жөндеу басқармасының бас инженері Андрей Навознов.
Айта кетерлігі, орнатылған жабдықтардың барлығын арнайы зертхана мамандары өздері жасап шығарған. Бұл қаржы дағдарысы қысқан кезеңде еңбек өнімділігін арттырып қана қоймай, қаржы үнемдеуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ барлық үрдіс қашықтықтан пульт арқылы басқарылатындықтан бір стендке бір ғана жұмыскер жеткілікті. Қазіргі таңда жөндеу учаскесінде екі стенд табысты жұмыс істеп тұр. Жуық арада тағы екеуі пайдалануға беріліп, кәсіпорынның вагон дайындау өндірісіндегі қажеттілігі толығымен өтелмек.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ