Кәсіпкерлік кілті – бизнес-идея
«Даму» қорының Қостанай облысындағы филиалы өткен жылдың қорытындысын шығарды. Өңірдің экономикалық ахуалынның қуаттануы, кәсіпкерліктің жандануы жолында атқарылған шаруа қыруар. Үстіміздегі жылға құрылған жоспарлар да аз емес.
Жыл бойы облыс бойынша 8,5 млрд. теңгенің 110 субсидиялау келісім-шартына қол қойылған. Сондай-ақ, сомасы 429 млн. теңгеге шақ 68 кепілдеме құжаты мақұлдаудан өтіпті. Бұл цифрлар өткен жылдардағыдан 2 есеге дейін көп. Қаржылардың басым пайызы қайта өңдеу өнеркәсібі, транспорт және қоймалау салаларына салынған. Ал, жобаларды субсидиялау және кепілдеу бойынша Халық банкі, Центр Кредит және Жинақтау банкі лидерлер сапын құрады.
«Даму» қорының азаматтарға көрсеткен қаржылықтан тыс қызметтері де ауыз толтыра айтарлық. Нақтысында, облыс орталығындағы Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына аудан-қалалардан ұзын саны 6113 тұлға кеңес сұрап, дәріс алып кеткен. Көпшілігі, әсіресе, есепшілік, құқықтану салалары бойынша, бизнес-жоспар құру жолдары және мемлекеттік қолдау бағдарламасы туралы мағлұмат жинауға келіпті. Келушілерге қызметтің 8198 түрі көрсетілгені қорытынды мәліметтер қатарында тіркеулі. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы өткен жылдың маусым айында ашылғанын ескерсек, бұл аз көрсеткіш емес. Бір қуантатыны, кәсіпкерлікке білек сыбанғысы келетін жастардың саны артып келеді екен. Мысалы, мұндай клиенттердің 31 пайызын жасы әлі 29-ға жетпегендер құрайды. Орталық мақсаты – саналы болашақ иелеріне сапалы қызмет көрсету.
Шалғайдағы жұртшылық та қаперден тыс қалмады. Кәсіпкерлікті қолдау жылжымалы орталығы облыстың әр тарабына барлығы 82 маршрут жасап, күллі ауданда болып, 700-ден астам қызмет көрсетті. Арнайы бағдарламалар аясында талапкерлер арнайы оқуларға жіберіліп, тәжірибені Германиядан өтіп келгендер бар. «Даму-Көмек» бағдарламасы бойынша мүмкіндігі шектеулі 15 кәсіпкерге демеушілік көмектер көрсетілгенін де айта кеткен жөн.
Өңірлік филиалдың осы жылға еншілеп отырған жоспарлары аз емес. 2016 жылы субсидиялауға 1 млрд. 725 млн. теңге, кепілдемеге 100 млн. теңге бөлініпті. Тағы да бұл екі мақсатқа қосымша қаржы құйылады деп күтіледі. Бар қаражатты толығымен игеріп, кемінде 94 келісім-шарт жасасу нысанаға алынып отыр. Міндетті түрде тағы бір айта кетерлік жайт, биыл несие бойынша сыйақының максималды мөлшерлемесіне қатысты біртекті бағдарламаға өзгеріс енгізіледі делінуде. Қазіргі таңда субсидиялау мөлшерлемесі 16 %, кепілдеменікі 14% болса, жаңа өзгеріс арқылы 19 пайызға дейін ұлғаяды.
Кәсіпкерлік біліктілікті арттыру – аса маңызды мақсат. Биыл да екпін осыған салынбақ. Жаңа бағыттар бойынша оқыту жұмыстары қолға алынады. Әсіресе, стартапшыларға, яғни кәсіпкерлікті жаңа бастаған азаматтарға есік ашық болмақ. Жасы 18-ге толған кез келген ниет білдіруші, бизнес-идеясы болса, «Дамуға» оқуға өтінім беруге құқылы. Тек теориялық дәрістер айтылып қана қоймай, өз идеясын іске асыруға мүмкіндік беретін тәжірибелік тапсырмалар да берілмек. Басты артықшылығы, оқу барысында-ақ жас кәсіпкерлер алғашқы мәуелерін көре бастайды.