Қаржыны игеруге не кедергі?..
Таяуда облыс әкімі Нұралы Садуақасовтың қатысуымен әкімдікте аппарат мәжілісі өтті. Алқалы жиында "Шағын қалаларды дамыту" және "Бизнестің жол картасы" мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысы талқыланды.
Өңірімізде мемлекеттік бағдарламаға кірген 4 шағын қала бар. Олар: Арқалық, Жітіқара, Рудный және Лисаков. Алғашқысы әлеуеті төмен дамыған қалалардың қатарында. Жітіқара мен Лисаков орташа дамыған көрсеткішті көрсетіп отыр. Ал, Рудный дамуы жоғары қалалардың тізімінде. Әкім Нұралы Садуақасов осы жәйттарды баяндай келіп, әр қала басшыларының әңгімесін тыңдады. Бұл жиынға Арқалық пен Лисаков қалаларының әкімдері қатыса алмады, тек орынбасарлары ғана келгенін көрдік. Сонымен Жітіқара қаласының әкімі Мейрам Өтешев өз ауданында қандай істерді атқарып жатқандығына тоқталып, қысқаша әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасады. Бұл шаһар өңірдегі ең тың жоба құны 350 млн. теңгені құрайтын "индустриалдық аймақты" түлетіп отыр екен. Жалпы, "шағын қалаларды дамытуға" республикалық бюджеттен 1,5 млрд. теңгеге жуық қаржы бөлініпті. Аудан әкімі бұл жерде "көтере алмас шоқпарды белге байлаудың" қажеті жоқ- тығын баяндай отырып, шама-шарқымызша осы қаржыны шашау шығармай жоспар бойынша іске асырсақ, сол да жетеді бізге дегендей емеурін танытты. Биыл аудан бойынша "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту" бағдарламасы аясында алты үйге жөндеу жұмысын, термомодернизация жүргізетінін де тілге тиек етті.
Рудный шаһарының әкімі Бақытжан Ғаязов те экономикалық көрсеткіштерге шолу жасап, бірқатар кем тұстарды да әңгімелеп берді. Мәселен, "Бизнестің жол картасы" бойынша кейбір кәсіп ашып, нәсібін көргісі келетін жандарға әлі де ақпараттық насихаттық жұмыстардың жетіспей жатқандығын айтты. Мұны жоспарлы түрде ендігіде іске асыратындығын жеткізді.
Ал, Арқалық пен Лисаков қаласы әкімінің орынбасарларына Нұралы Садуақасов сын пікірін айтты.
– Сын түзелмей, мін де түзелмейді. Бюджеттің бөлінген қаржысын әлі де игере алмай келе-сіздер. Бұл неліктен?.. Кейбір жүктеген жоспарларымды құрғақ уәдемен қайтарасыздар. Бұл жарамайды. Әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларын дұрыс есепке ала алмайсыздар. Сіздер осындай жәйттарға іскерлікпен қатар, білімірлік көрсету керексіздер. Алдағы уақытта осыған мұқият дайындалыңыздар, – деп экономикалық даму көрсет-кіштерін баяндағандарға ескерту жасады.
Одан әрі дәл осындай сынға Науырзым ауданының әкімі Талғатбек Дайыров та ұшырады. Келесі шолуды Ұзынкөл ауданының әкімі Төлеген Ташмағамбетов жасады.
Сөздің түйіні, бұл аппарат мәжілісінде Нұралы Садуақасов барлығына жыл басында жүктелген міндеттерді орындау керектігін, қазынадан бұйырған қаржыны шашау шығармай игеру үшін әкімдердің іскерлік көрсетуін, оған қоса білімірлік танытуын талап етті. Ал, талаптың үдесінен шығу кез келген жанның абыройы!
Нұрболат МЕШІТБАЕВ