Баспасөз орталығы қайтадан жандана бастады
Аптаның басында өңір басшысы Нұралы Садуақасов облыстың телеарна ғимаратында жергілікті БАҚ өкілдерінің басын қосып, баспасөз клубының ашылуы салтанатына қатысты. Бұл орталықтың алғашқы қонағы болған ол журналистер қауымының барлық сауалдарына жауап берді.
– Жаңа жылдың алғашқы күндері Сіздермен жүздескенімізге қуаныштымын, – деді Нұралы Садуақасов. – Баспасөз клубының қайтадан жанданып жатқаны барлығымыз үшін қуанышты жайт. Бұған дейін баспасөз орталығының жұмыс істегені баршамызға аян. Енді аталған клуб өңірімізде өзекті деген мәселелерді көтеріп, қоғамға өз пайдасын береді деп сенемін.
Осындай ақжарма көңілмен басталған брифинг соңына дейін сол демде жалғасты. Бір сағаттан астам уақытты қамтыған сұрақ-жауап өңіріміздегі көптеген өзекті мәселелердің бетін ашты. Әсіресе, күні кеше ғана жұмысын бастаған Еуразиялық экономикалық одақтың өңірімізге берер пайдасы, қар түскенше созылып кеткен егін орағы науқаны, жол жөндеудегі кемшіліктер, жер учаскелеріндегі дау-дамай, 2014 жылдың аяғына таман өңірімізге республикалық бюджеттен бөлінбеген 2 млрд. теңгеге жуық қаржы, қазіргі "Тобыл" футбол клубының хал-ахуалы және басқалары еді.
Міне, осындай сұрақтарға жауап алған журналистер қауымы қоғам үшін пайдасы бар, халықты толғандырып жүрген сауалдарға айтар жауабы бар билік өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстыратын бұл орталықтың үлесі зор болатынына үмітті. Оған осы жүздесуде жауап берген өңір басшысы Нұралы Садуақасов та ниетті екенін һәм белсенділік танытатынын жасырмады.
Журналистер қауымы "аграрлық индустриямен қатар, металлургия саласын дамытуда өңіріміз үшін неге зауыт салмасқа?" деген сауалдар қойды. Оған әкім мырза:
– Мұның басын біз бастап та кеттік. Өздеріңіз білетіндей, "ЕвразКаспианСталь" өз өнімін биыл 90 мың тоннаға жеткізді. Әрине, біз кен байытуда біраз жетіс-тіктерге жеттік. Рудный, Лисаков, Жітіқара жерлеріндегі кенді өзімізде өндіретін зауыт керек-ақ. Үкіметте бұл жоспарымыз қаралып жатыр. Сәтін салса, Қостанай мен Рудныйдың арасында зауыт салынып, халық жұмыспен қамтамасыз етіліп, жеңіл және ауыр машина құрастыратын өнеркәсі-бімізге қажетті металл өнімін өзімізде дайындайтын ошақтың болатынына үміттіміз, – деді.
Содан соң Нұралы Садуақасов:
– Келешекте бұл орталықта дәл осындай көкейде жүрген сауалдарыңызды қала, аудан әкімдері-мен қатар басқарма және кәсіпорын басшыларына қойып, қоғамға есеп беріп, тұшымды әрі нақты ақпарат алуларыңызға мүмкіндік бар, – деді.
Нұрболат Мешітбаев
СУРЕТТЕ: баспасөз орталығында.
Суретті түсірген Б.Ахметбеков.