Туған жерді думанға бөлеген

Биыл елімізге танымал әнші-сазгер, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі Қалибек Деріпсалдин 65 жасқа толып отыр. «Айлы түнде», «Ерке құсым», «Жан еркем», «Қостанай, достар-ай», «Көктем қыздар», «Сен мені түсінесің бе?», «Арман айым» бастаған 150-ден астам туындыларымен қазақ аспанын әнімен тербеген Қалекеңнің күйлері жұртшылыққа кеңінен таныс.
IMG_6678
45 жыл бойы шығармаларын Отан, туған жер, махаббат, достық тақырыптарына арнап келе жатқан өнер майталманының құрметіне өңірімізде мерекелік шаралар басталып та кетті.  Соның бірі парасын Л.Толстой атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Тобыл-Торғай әуендері» кешін өткізіп отыр. Соңында талай ізбасар-шәкірті ерген қайраткердің балалық шағы дәуренмен өтпесе де, өзіне жанашыр болған тұлғаларымыздың есімін ұмытпақ емес. 
IMG_6652
– Мектеп қабырғасында жүріп-ақ, Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хәкімжановамен хат жазысып, апайымыздың 3 өлеңіне ән жаздым. Ақын Ғафу Қайырбековтың сөзіне жазылған шығармаларым бар. Өзіміздің жергілікті ақын-жазушылардың барлығының сөзіне ән жазғаныды мақтан тұтамын. Бозбала шағымнан қос ақын ағам Серік Тұрғынбекұлы мен Серікбай Оспанов соңынан ертті. Ал кәсіби өнерге жетелеген ұстазым – қазақтың біртуар перзенті Әсет Бейсеуов, – деп ағынан жарылды кеш иесі.
IMG_6685
– Қалибек әндерінің көптеген облыстарда, Алматы мен астана қалаларында көрермен көңілін тауып, әр өңірде шырқалып жүретініне шынайы қуанып отырамыз. Себебі, сазгер ұлтымыздың нағыз патриоты. Бір қазақты бөліп-жарып қарамайтын жан. Нағыз дарын мен еңбекті тоғыстырған дарын иесі. Сол себепті, халқымыздың рухани жаңғыруына зор үлесін қосып келеді деп ауыз толтырып айта аламыз, – деді белгілі сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин. Кеште автор Ғұмар ағамыздың сөзіне жазылған «Арқаның ару ақ қызы» әнінің тұсауын кесіп орындап берді.
IMG_6696
Қалибек Деріпсалдин ән-күйлерімен қатар «Көктем қыздар», «Домбыра сазы», «Ерке құсым», «Айлы түнде», «Торғай әуендері» атты әндер жинағының авторы ретінде танымал. Бүгінгі кеште белгілі сықақшы, баспагер Сапар Әбілкәкімтегі жерлес ағасына «Тобыл-Торғай әуендері» атты жаңа жинақ кітабының алғашқы данасын тарту етті. Онда өңірімізден шыққан барлық композиторлар мен аймағымызды әнге қосқан еліміздің белгілі сазгерлерінің туындылары еніпті. 
IMG_6642
Деріпсалдин әндері халықаралық және республикалық байқауларда топ жарып келеді. Жақында ғана еліміздің мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «Елім менің» патриоттық әндер байқауында «Тәуелсіз елдің ұланы» балалар номинациясы бойынша жүлделі 2-ші орынға ие болды. Тұрғын Досмағамбетов сөзін жазған шығарма жетім балаларға арналған екен. Жалпы бұған дейін де осындай тақырыпта ақын Нағашыбай Мұқатовтың өлеңіне жазылған ән республикалық додада топ жарып, Түркия елінде Гран-При иегері атанғанын айта кету керек.
IMG_6703
Сазгер 20 жыл бойы ҚР ІІМ Ш.Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында ұлт аспаптар ансамбліне жетекшілік етіп келеді. Оқу мекемесі гимнінің авторы. Бұған дейін тыңдаушылар арасынан 300-ге жуық шәкірт тәрбиеледі. Солардың алды қазір полковник шенін иеленіп, әр өңірде үлкен лауазымды қызметтер атқарып отыр. Кеш иесіне академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызылов арнайы құттықтау жолдаған екен.
IMG_6730
Бүгінгі таңда Қалибек ағамыз өмірлік серігі Айша Мәделқызы екеуі немере сүйіп отырған өнегелі отбасы. Кеш барысында аймағымызға белгілі әншілердің орындаған әндері де қашанда биязы, кішіпейіл әулет иелерінің мінезімен жарасқандай. Ал біз төменде ақын Серікбай Оспанұлының Қалибек інісіне арнаған «Қалибек – ән» өлеңін ұсынып отырмыз.
IMG_6687
  
Арман беріп ұмтылтқан алға ғана,
Мың-мың алғыс Аллаға, Анаға да.
Балық аулап жүргенде барлық бала,
Дыбыс аулап өсті бір қара бала.
Дыбыс кейде сайраған құсқа айналып,
Зердесіне үн құйып ұшты айналып.
Ыңылдады балақай ұйықтап жатып,
Сол көрініс түнімен түске айналып.
Кеудесіне әуен боп қонды құстар,
Анасының үнінде сол дыбыс бар!
Жатқанында құрсақта қанға сіңген,
Ән мен күйге жас бала болды құштар.
Дыбыс буып, тудырып шабыт, жалын,
Аралады әуен боп жанын, тәнін.
Кереметін даланың бойға жиып,
Қара бала ғажайып ағытты әнін.
Ән ырғағы – Торғайдың толқынында,
Желмен билеп ән салған жол құмында.
Дірілінде гүлдердің, күн нұрында,
Ырғалуы сырғаның, шолпының да!
Құрақ болып бір дыбыс сыбырлады,
Бұлақ болып бір дыбыс сылдырлады.
Сыбызғы боп сыр шертті қурай, қамыс,
Толған әуен, толған үн қырдың бәрі!
Қабағы да, қыздардың еріні де,
Ағайынның ақ көңіл көңілі де…
Әдемілік атаулы ән боп сырлы
Сайрап тұрды Торғайдың төрі күнде!
Қара бала қайнатып көрігінде,
Әуелетіп ұшырды оны күнде.
Алатауға, Атырау, сыр еліне,
Шыңдарына шығыстың қонды бірде.
Саған аян, арғысы маған аян,
Қара бала қолында қара баян,
Құлағы бар құлшынтып бар қазақты,
Аққу үнді тербетті самалдай ән.
Оймен шолып жақынды, шалғайларды,
Бойға жиған бар байлық, бар қайнарды,
Қара бала – Қалибек Деріпсалдин
Домбыраға,
Баянға,
Әнге айналды!
    
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓